Қарасу ауданы – егін алқаптарының көлемі жағынан еліміздегі жетекші өңірлердің бірі. Биыл қарасулық диқандар 650,3 мың гектарға дән сіңірді. Оның 88,9% -і бидайдың еншісінде. Қалған 59,2 мың гектарға майлы дақылдар егілді.
Аудан әкімі Виктор Радченконың айтуынша, барлық агротехникалық іс-шаралар уақтылы өткізілген. Соның арқасында шаруалар 1 млн тоннадан астам астық жинап алды. Шығым әр гектарға шаққанда орташа есеппен 15,5 центнерден айналды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Жалпы, жыл озған сайын аудан ауылшаруашылық саласында ілгерілеп келеді.
Мәселен, мал шаруашылығында да біршама өсім байқалады. Өткен тоғыз айдың есебіне жүгінсек, мұнда малдың саны артқанын байқауға болады. Ауданда 21,5 мың қара мал, 7 мың жылқы, 14,5 қой-ешкі, 17,9 шошқа, 247,9 құс өсіріледі. Жергілікті шаруашылықтар тоғыз айдың ішінде 15,6 тонна сүт, 5,6 тонна ет, және 16,3 млн жұмыртқа өндірген. Яғни, өткен жылғы есепті кезеңмен салыстырғанда өндіріс көлемі едәуір ұлғайған.
— Жалпы, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруде швағын және орта кәсіпкерлік субьектілерінің үлесі қомақты. Мемлекет қолынан іс келетін, кез келген саланы дамытуға ниет білдіріп отырған азаматтардан көмегін аяп жатқан жоқ. Мәселен, «Ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда микрокредит беру» бағдарламасының шеңберінде «Аграрлық несие корпорациясына өтініш берген тұрғындар бар. Оның сыртында 15 адам жалпы сомасы 75 млн теңге көлемінде несие алуға өтініш тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз, – дейді аудан әкімі.
Эконимика алға жылжыса, ауданның өзге де салаларына қан жүгіретіні белгілі. Аудан инфрақұрылымын жақсарту мақсатында үстіміздегі жылы қазынадан 617,8 млн теңге бөлінген. Соның басым бөлігі аудандық маңызы бар екі көлік дәлізін жөндеуге жұмсалды.
Сондай-ақ, аудан орталығындағы Пролетарская көшесі мен Восток ауылындағы Гагарин, Советская көшелерін жөндеуге 160, 2 млн теңге бөлінген. Аудан әкімі Виктор Радченко тоғыз айдың ішінде Қарасу ауданында өнеркәсіп өндірісінің көлемі 1 млрд. 124 млн теңгеге жеткенін айтады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 2,2% – ке ұлғайған. Ауданға тоғыз айдың ішінде барлығы 8 млрд. 532 млн теңге инвестиция тартылды. Соның арқасында тұрғын үй құрылысы 2,4%–ке өскен.