Облысымыздың жоғары оқу орны студенттері арасында жыл сайынғы «Полилог-2022» облыстық байқауы өткізілді. Аталған шара жас пікірсайысшылар үшін жыл сайынғы дәстүрге айналған. Негізгі мақсат біреу, ол – жастардың еліміздің қоғамдық-саяси жағдайы туралы пікірін тыңдап, шешендік өнерге қызығушылығын арттыру.
«Әр жыл сайын қатысушылардың ойлары мен пікірлерінің өсіп жатқанын байқаймыз. Болашақта бұл жобаны халықаралық деңгейде өткізу ойда бар», – дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облысы бойынша департаментінің бас маманы Евгений Бедыч.
Жарыс қазақ және орыс тілдерінде өтті. Іс-шараға облысымыздың жоғары оқу орындарынан отызға жуық студент қатысты. Шара барысында халықтың тұрмыстық жағдайы, жаһандану үрдісі, тіл мәдениеті, жемқорлық қарсы күрес тақырыптары талқыланды.
«Турнир жоғары деңгейде болды. Форматы дебат ойындарынан ерекше. Бізге берілген 5 минут ішінде тақырыпты толықтай ашып, қорғадық. Аталған байқауға алғашқы рет қатысып отырмын. Таңартең тіркелген соң қорғайтын тақырыбымыз бен өнер көрсететін реттік нөмірімізді таңдап алдық. Маған «Әке мен бала арасындағы мәселелер» атты тақырып түсті. Сахнада айтатын сөзімді екі бөлімде қарастырдым. Алдымен, өз өмірімнен мысал келтіріп, екінші бөлімде түрлі мәселелерді қозғап, шешу шолдарын көрсеттім. Әділ қазылар алқасының шешімі бойынша жүлделі бірінші орынды иелендім», – дейді А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ 1-курс студенті Сұлтан Қамбаров.