Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Атыраудағы айтыс

5 ноября 2022 16:20 • 493 просмотров

Атырауда Республика күніне орай ақындар айтысы өтті. Айтулы мерекеге арналған «Егемендігім – ерен елдігім» атты сөз сайысына Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Абай, Павлодар, Қостанай, Қызылорда, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау облыстары мен Астана қаласынан 16 ақын қатысты.

— Қазақтың ұлттық өнерінің бірі – атадан мирас айтыс. Халықтың мұң-мұқтажын, көптің көкейінде жүрген мәселелерді ауыз әдебиетінің үлгісімен жеткізетін ақындардың республикалық айтысы әр өңірде өтіп келеді. Бірақ бұл айтыстың жөні бөлек. Өйткені биыл 13 жылдан кейін мемлекеттік мереке ретінде қайта бекітілген Республика күніне арналып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев.

Өзіндік мақамы мен сөз саптауы бөлек ақындар ел егемендігі бекітілген Республика күні мен тәуелсіздікті, биік белеске жеткізер бекем бірлікті арқау етті. Әрине, мұнайлы Атыраудың экологиялық ахуалын, әлеуметтік тұрмысты жақсартуға ықпалы бар жол мәселесін де назардан тыс қалдырмады.

Қазылардың шешімімен республикалық айтыстың бас жүлдесі – 1,5 млн теңге қостанайлық ақын Айбек Қалиев иеленді. Ал 1 млн теңге жүлдесі бар бірінші орын жергілікті айтыскер Серікбол Панабердиевке берілді. Екінші орынға лайық деп танылған Нұрбейбіт Нұғыманов (Атырау облысы) пен Серік Қуанған (Шығыс Қазақстан облысы) 700 мың теңгеге ие болды.

Үшінші орынның 500 мың теңгелік үш жүлдесі Рүстем Қайыртайұлы (Абай облысы), Сырымбек Сәрсенбаев (Атырау облысы) пен Батыржан Кәдірбайға (Атырау облысы) бұйырды. Көршілес Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облысынан қатысқан қос ару – Жұлдыз Қожабекова мен Жансая Мусинаның өнері 400 мың теңгенің арнайы жүлдесімен атап өтілді.

Сондай-ақ Өнербек Дәулекенов (Атырау облысы), Аспанбек Шұғатаев (Павлодар облысы), Алшынбек Мұқанғалиев (Атырау облысы), Нұрболат Нұғманов (Атырау облысы), Ержан Әміров (Қызылорда облысы), Дидар Аббас (Жамбыл облысы) пен Олжас Отарға (Астана қаласы) ынталандыру сыйлығы ретінде 300 мың теңге табысталды.