Еліміз Тәуелсіздік алған жылдары дүниеге келген жастар бүгінде білікті маманға айналып, мемлекетіміздің өркендеуіне айтарлықтай үлес қосып жүр. Осындай жастардың бірі, қазақ тілін жетік меңгерген – Наталья Рамазанова. Бүгінде ол облыстық қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы қызметін атқарады.
Балалық шақ
Наталья – Ұзынкөл ауданының тумасы. Пресногорьков топырағында кіндік қаны тамған. Балалық шағы да осы өлкеде өтті. Ауылдағы Ғ.Мүсірепов атындағы орта мектепте 9 сыныпқа дейін білім алады. Ата-анасы Сергей мен Ольга үш баланы дүниеге әкеліп, тәлімді тәрбие берді. Анасы Ольганың мамандығы медбике, ал әкесі – жеке кәсіпкер. Натальяның ағасы Виктор Тюменьде, ал апасы Татьяна Қорған қаласында ғұмыр кешіп жатыр. Ол бауырларының Ресей еліне кетуіне өздері туып-өскен ауылдың Ресеймен шекаралас болғанымен байланыстырады.
– Біздің ауыл Ресеймен іргелес жатқандықтан, әр демалысымыз да сол жақта өтетін. Біздің ауыл Қостанайға қарағанда, Ресейдің Қорған қаласына жақын. Әрі кетсе бір сағаттық қана жол. Кезінде шекара ашық болғанда Ресейге емін-еркін барып-келіп жүрдік. Сондықтан, менің бауырларым сол елде ғұмыр кешуді ұйғарып, кетіп қалды. Менің де солардың артынан кетуіме болатын еді, бірақ мен өмірімді қазақ елімен, тағдырымды қазақ ұлтымен байланыстырдым, – дейді Наталья Рамазанова.
Ниет болса тіл үйрену қиын емес
Білімге құштар, талапты жас ауылда 9 сыныпты аяқтап, Қостанайға аттанады. Қостанай гумманитарлық колледжіне оқуға түседі. Бір қызығы, облыс орталығына келген орыс қызы қазақ тілін үйренуге ден қояды. Сөйтіп, колледждің қазақ филологиясы мамандығына құжатын тапсырады. Мектепті орысша оқыған, қазақша бір ауыз сөз білмейтін орыс қызы қалай болса да, ана тілімізді үйренемін деп алдына мақсат қояды.
–Мен оқуға түскенде қазақ тілінде бір ауыз сөз білген жоқпын. Бірақ, тіл үйренуге ниетім болды. Бар ынтамен қазақша үйрене бастадым. Колледжде менің ұстаздан жолым болды. Қазақ тілі мен әдебиетіне деген махаббатымды оятып, осы жолға жетелеп әкелген ұстазым Гүләлем Есқалиеваға алғысым шексіз. Өмірімде бұл кісі кездеспесе, басқа саланың өкілі болар ма едім, бәлкім, кім біледі. Ол кісінің қазақ тілін үйретудегі әдісі ерекше және өте мықты еді. Қалай екенін білмеймін, колледжге келгеніме арада көп уақыт өтпей, меңгере бастадым. Қосымша, әдеби кітаптар оқыдым. Сөздік сатып алдым. Күніне он сөзден жаттап, келесі күні қайталып, тілімді сындыратынмын. Кейін жақсы түсінетін дәрежеге жеттім. Уақыт өте қазақ тілінде еркін сөйлеп, 2010 жылы Астана қаласында өткен Республикалық «Тіл – халық жанын танудың кілті» байқауында ІІІ орынды иелендім. Мұнан кейін де әртүрлі байқауларға қатысып, үлкен жетістіктерге жеттім. Білімімді одан әрі жетілдіру үшін А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің қазақ филологиясы мамандығына оқуға түстім. Оны бітіргеннен кейін аталмыш жоғары оқу орнында магистратураға түсіп, тәмамдадым. Оның сыртында, Челябі мемлекеттік университетінің Қостанай филиалында заңгер мамандығында білім алдым. Осылайша әрдайым білімімді жетілдіріп отырдым. Білім алудан, өзімді жетілдіруден шаршаған емеспін. Тағы да бір айта кетерлігі, менің өмір жолымда жақсы адамдар жиі кездесті. Қоғамдық шараларға атсалысып жүргеннен кейін көзге түстім. Өңірімізге белгілі іскер ханым Гүлмира Қапенова мені қоғамдық жұмыстарға тартты. Өйткені, қазіргі заманда білімдінің аты озатынына толық көзім жетті, – дейді тәуелсіздіктің құрдасы.
Алғаш еңбек жолын Қонай кентінің Чапаев негізгі мектебінде орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдігінен бастаған Наталья Сергеевна 2012-2018 жылдары аралығында облыстық тілдерді дамыту басқармасы жанындағы «Тілдарын» жастар клубының төрайымы болды. Қостанай облысының балалар және жастар ұйымдары қауымдастығы жобаларын үйлестіруге өз қолтаңбасын қалдырды. 2016 жылы Қостанай облысы жастарының «Алтын кітабына» есімі енген кейіпкеріміз сол жылдың сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының XXIV сессиясында аймағымыздың атынан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйледі.
Талап, еңбек, терең ой…
Білімді де, жалынды жас ел мүддесі жолында еңбек етіп келеді. Бүгін де өзі басқарып отырған «Қоғамдық келісім» КММ ұжымының жұмысын жандандырып отыр. Алдыға қойған мақсаттары да айқын.
-Кез-келген адам өзінің туып-өскен жерін құрметтеуі тиіс. Ұлтым басқа екен деп, өзінің ғұмыр кешіп жатқан елін жатсынбауы керек. Сол елдің тіліне де, халқына да, жеріне де, дініне де үлкен құрметпен қарағаны дұрыс. Өз басым туып-өскен Қазақ елін қатты сүйемін. Маған оның кәусардай таза ауасы қалай керек болса, тілі де сондай қажет. Қазақ тілін білгеніме мақтанамын. Сондықтан, жүрген жерімде тек қазақ тілінде сөйлеуге тырысамын. Бірінші кезекте бұл өз жерлерінде ғұмыр кешіп жатқан мыңдаған өзге ұлт өкілдерін кең байтақ жеріне сыйдырып отырған қазақ халқының кеңпейілділігіне деген ризашылығым, – дейді ол.
Қазақтың келіні
Қазіргі таңда Наталья қазақ отбасына келін. Жолдасы Серік екеуі бір өңірдің тумасы. Ата-енесі Салмұрза мен Гүлнар Белоглинка ауылында ғұмыр кешіп жатыр. Қазақ отбасына келін болып түскен Наталья ана тілімізді біліп қана қоймай, барлық қазақи салт-дәстүрлерді меңгерген ибалы ана. Отағасы Серік шекара қызметкері. Екеуі Руслан, Ренат есімді қос ұл тәрбиелеп отыр.
-Маңдайыма қазақ жігітінің жан жары болуы жазылды. Өз басым тағдырыма ризамын. Ұлдарымыз екі халықтың да ең жақсы қасиеттерін бойларына сіңіріп өсіп келеді. Екі жақтың туған-туысқандарымен де етене жақын араласып тұрамыз.
Бөтен шаңырақтың табалдырығын алғаш аттасам да, бірінші жүздесуден-ақ бұрыннан білетін жандарша еркін сөйлесіп, тіл табысып кеттік. Менің жан-дүниемді түсіне білген ата-енем, ұлы әжем – әлемдегі ең жақсы адамдар. Балаларымыз дүниеге келгенде үлкендер қатты қуанды. Оларды тәрбиелеуге ата-әжелік үлестерін де қосып жатыр. Кез-келген уақытта бізге демеу, қамқор. Жолдасым іссапарға кеткенде, енем қасымнан табылады. Балаларды қарасады. Қос құлыншағымыз мемлекеттік тілде тәрбие беретін балабақшаға барады. Қазақ тілінде тәуір сөйлейді. Мен ата-анамды қалай сыйласам, ата-енемді де солай құрметтеймін. Мәселен, демалыс күндері балаларды алып менің ата-анама баратын болсақ, міндетті түрде ата-енемнің үйіне де барамыз. Мен бұл кісілерді менің ата-анам, жолдасымның ата-анасы деп бөліп жармаймын. Екі жаққа да бірдей болу деген осылай болса керек, – деп сөзін түйіндеді қазақтың келіні Наталья Рамазанова.
Блиц-сауал:
– Қазақтың қай ұлттық тағамдарын жиі әзірлейсіз? -Ет асамын, бауырсақ пісіремін.
– Жаныңызға ең жақын мақал-мәтел? -«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңдк ұлтан бол!»
– Болашақ келіндеріңіздің бойында қандай қасиеттердің болғанын қалайсыз? –Адамгершілік, адалдық!
Ақпарат мына сайттан алынды: http://kostanaytany.kz
SHUǴA QOŃQABAI