«АгромашХолдинг KZ» үшін өткен жыл нәтижелі болды. Отандық нарық көлемінің 50%-і, еліміздегі жалғыз локализациялық орталықтың іске қосылуы, жаңа серіктестер және қосалқы бөлшектер жасау көлемінің артқанын осындай оң өзгеріске жатқызуға болады.
Жыл бедерінде зауытта өндіріс көлемі 27%-ке артқан. Тракторлар өндірісі 34%-ке, ал комбайндар өндірісі 18%-ке өсті.
— Біз өнім ассортиментін айтарлықтай кеңейттік. Сапалық жағынан да, сандық жағынан да өстік», – дейді «АгромашХолдинг KZ» бірінші вице-президенті Динара Шүкіжанова. – Егер 2020 жылы кәсіпорын 393 трактор және 344 комбайн шығарса, 2021 жылы 530 трактор және 406 комбайн құрастырылды. Тағы бір маңызды жайт, «АгромашХолдинг KZ» өнімдері қазір бүкіл Қазақстан нарығының 50%-ін алып жатыр.
Статистика мен тәжірибе көрсеткендей, жыл сайын отандық техникаға деген сұраныс айтарлықтай өсіп келеді. Бұған, ең алдымен, шетелдік өнімдерге айтарлықтай бәсекелестік туғызатын тракторлар мен комбайндарды жаңғырту айтарлықтай әсер етті. Мұнда сапа, қызмет көрсету, ұлғайтылған қуат және екі жылдық кепілдіктен басқа, қолжетімді баға саясаты да маңызды рөл атқарады. Сондықтан, бүгінде елімізде жаңадан сатып алынған төрт комбайнның немесе трактордың үшеуі – қазақстандық өнім.
Машина жасау саласындағы өндірісте локализация деңгейін арттыру және сабақтас салаларды дамыту мақсатында, 2021 жылы «АгромашХолдинг KZ» базасында ауылшаруашылығы техникасының компоненттерін шығаратын локализациялық орталық іске қосылды.
Өндірістік алаңның жалпы ауданы 36 мың шаршы метрден асады. Атап айтқанда, өнімділігі жоғары заманауи станоктары мен технологиялық автоматтандырылған желілері бар әмбебап цехтар, жатақхана, кеңсе үй-жайлары және оқу орталығы – мұның бәрі зауыт жұмысшыларына жасалған қолайлы жағдай және отандық өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Өйткені, бұл еліміздегі өндірісті локализациялауды ұлғайту үшін мақсатты түрде құрылған алғашқы жоба.
Компания 55 жаңа станок пен өндірістік желілер тәрізді заманауи жабдықтар сатып алды. Олар тракторларға, комбайндарға, тұқым сепкіштерге, дестелегіштерге арналған компоненттердің қуатын да, сапасын да, көлемін де ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл ұнтақты бояу желісі, лазерлік кесу машинасы, арматураны қию станогы, гидравликалық иію престерінің тандемі, тікелей гидравликалық гильотинді кесу машинасы, фрезерлік өңдеу орталығы және басқалары. Заманауи жабдықтар өнеркәсіпті дамыту қорының көмегімен сатып алынды.
Сонымен қатар, локализациялық орталықтың іске қосылуы басқа елдермен өнеркәсіптік кооперацияның жарқын үлгісі. Яғни, бұл барлық жағынан өндірістегі жауапкершілікті білдіреді.
— Қазіргі уақытта тракторларды локализациялау деңгейі орта есеппен шамамен 30%, комбайндарда бұл көрсеткіш сәл жоғары – 40%. Өйткені, комбайндар өндірісі ертерек қолға алынған, – дейді өндіріс жөніндегі вице-президент Петр Максаков. – Тракторлар мен комбайндардағы локализация деңгейін 50% -ке жеткізуді жоспарлап отырмыз. Сепкіштердегі локализация деңгейі бүгінде шамамен 90% -ке тең. Біз кронштейндер, втулкалар, тіректер, тілімдер, инелер, күпшектер, тісті дискілер, жәшіктер және басқа да компоненттерді өзіміз жасаймыз. Тек металл мен серіппелерді ғана сатып аламыз. Былтыр біз сабан ұсақтағыш пен дефлектор, көлбеу камерасы, тартқыш, балласты жүк, қаптама, баспалдақтар, тұтқалар, қосалқы рама тәрізді 852 жаңа бөлшекті игердік. 2022 жылы тағы 1371 бөлікті игеріп, кабиналарды, жанармай багын және т. б. шығаруды бастаймыз.
Кәсіпорын өткен жылы жаңа серіктестермен жұмысты күшейтті. «SDF Group» пен «АгромашХолдинг KZ» АҚ Қазақстан аумағында «DEUTZ-FAHR» сауда маркасының ауылшаруашылығы техникасын бірлесіп өндіруді бастады. Жоба локализациялық орталық алаңында жүзеге аспақ.
Өндірілетін өнімдер қатарында мал шаруашылығына арналған тіркеме техникалары, жем- шөп дайындайтын комбайндар, жабдықтардың пайда болуы да маңызды. Бұл шаруа беларустық «Гомсельмаш» ААҚ-мен бірлесіп қолға алынды.
Қостанайдағы «АгромашХолдинг KZ» зауыты биыл 900-ден астам «Essil» комбайны мен «Lovol» тракторларын құрастырып шығарды. Соңғы жылдары отандық өндірістің жергілікті үлесін арттыруға ден қойып отырған ірі кәсіпорында таяуда ауылшаруашылық техникалары кабиналарын дәнекерлеп шығаратын тағы бір желі іске қосылды.
Зауыт басшыларының айтуынша, дәнекерлеу цехы әзірше «Lovol» тракторларының кабиналарын жасап шығарады.
— Біз бұл жобаны жүзеге асыру үшін былтыр қыс бойы дайындық жүргіздік. Өндіріс алаңын дайындап, оны қажетті құрылғылармен жабдықтаудың өзіне көп уақыт шығындадық. Оның сыртында, жаңа желіде жұмыс істейтін мамандарды шетелге оқуға жіберіп, кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе ұштау курстарын ұйымдастырдық. Нәтижесінде, қазір дәнекерлеу цехы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 10 кабина шығарады, – дейді кәсіпорынның техникалық даму жөніндегі директоры Владимир Воловоденко.
«АгромашХолдинг KZ» АҚ аумағындағы ауылшаруашылық техникалары өндірісінің отандық үлесін арттыруға бағытталған локализациялық орталықта металды лазермен кесу, ию, майыстыру, сырлау және дәнекерлеу орындары мен кабиналардың пластик бөлшектерін, дән себетін техникалар мен оларға қажет қосалқы бөлшектерді жасайтын, сондай-ақ тораптар мен термошу оқшаулағыштарды шығаратын құрастыру конвейерлері мен автоматтандырылған желілер орнатылған. Зауыт бұл құрылғылардың бәрін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауымен сатып алып отыр. Локализациялық орталықтың алдағы мақсаты – ауылшаруашылық техникаларына арналған қосалқы бөлшектер өндірісін ұлғайтып, «Кировец», «Essil», «Lovol», «Pottinger», «Deutz-Fahr», JAC, Chevrolet брендтеріне қажет бөлшектерді шығаруға көшу.
Локализациялық орталықтың кеңсе ғимараттары, заманауи құрылғылармен жабдықталған әмбебап цехтары, сонымен қатар арнайы оқу орталығы, 100 орындық жайлы жатақханасы бар. Зауыт басшыларының айтуынша, мұның бәрі жұмысшыларға қолайлы жағдай туғызып, отандық өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Локализациялық орталық, біріншіден, тұтынушылардың арзан әрі жоғары сапалы өнімді сатып алуына мүмкіндік береді, екіншіден, кәсіпорын жұмысшыларының қолайлы жағдайда еңбек етуіне қол жеткізеді. Мамандар кешенді жоба алдағы уақытта импорт көлемінің едәуір кеми түсуіне ықпал ете бастайды деген пікірде.
Локализациялық орталықтағы өндірістік жобалар қазірдің өзінде Pöttinger, Deutz-Fahr, PKF Luidor секілді әлемге танымал компаниялармен және Қостанай трактор зауытымен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Бірлескен жоба жергілікті өнім саналатын «Lovol тракторлары» мен «Essil» комбайндарының отандық үлесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
— Ешқашан тек ірі торапты құрастырумен ғана айналысамыз деген мақсат қойған емеспіз. Осыған орай, біз біріншіден, өндіріс ауқымын кеңейту керектігін, екіншіден, локализацияны тереңдету қажеттігін түсіндік. Локализациялық орталықтың ашылуы біздің кәсіпорынның қызмет көрсету аясын бірнеше есе кеңейтеді. Біз жаңа жоба жасау арқылы ауылшаруашылық техникасының отандық өндірісін түбегейлі өзгертетін жарқын келешекке қадам бастық, – дейді «АгромашХолдинг KZ» АҚ бірінші вице-президенті Динара Шукижанова.
Зауыттың коммерциялық директоры Николай Пархоменконың айтуынша, жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер тарапынан отандық техникаға деген сұраныс жыл санап артып келеді.
— Сұраныстың жоғары болуының басты себебі – біз өзіміз шығарып жатқан трактор-комбайндардың техникалық мүмкіндіктерін жетілдіріп, модернизациялауға баса көңіл бөле бастадық. Бүгінде біздің өнімдер сапасы жағынан шетелдік техникаларға бәсеке бола алатын жағдайға жетіп қалды. Мұның сыртында, қостанайлық техника мен осында өндіріліп жатқан қосалқы бөлшектер импортты техника мен шетелден келетін қосалқы бөлшектерге қарағанда 2–2,5 есе арзан, – деді Н. Пархоменко.
Нарықта жоғары сұранысқа ие «Essil» комбайны мен «Lovol» тракторларын былай қойғанда, бүгінде шаруашылықтардың көбі Қостанай зауытынан енді ғана шыға бастаған «Deutz-Fahr» маркалы жаңа тракторлар мен комбайндарға қызығушылық танытып отыр. Былтырдан бері «АгромашХолдинг KZ» АҚ мен «SDF Group» компаниясы бірлесіп іске асыра бастаған ілкімді жобаның аясында биыл ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын Қостанай зауыты 68 «Deutz-Fahr» тракторы мен осы сауда белгісіндегі 14 комбайн жасап шығарған.
Бетті дайындаған Маржан Алпыс, суреттерді түсірген автор