Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа альянс құрылды

19 ноября 2022 14:00 • 457 просмотров

Еліміздегі 14 колледждің бірігуімен жаңа альянс құрылды. Олар ERG кәсіпорындарының нақты сұранысы бойынша мамандарды даярлап, өңірлердің ауыр өндіріс орындарындағы кадрлар жетіспеушілігін жоюға көмектеседі.

Колледждер альянсына Павлодар, Қостанай, Ақтөбе облыстарынан 14 орта арнаулы оқу орны және Еуразиялық топ енді. Қазіргі заманғы еңбек нарығы үшін техникалық кадрларды даярлау – өңірдегі білім беру жүйесін дамыту бағыттарының бірі екенін атап өткен абзал. Бұған дейін облыстағы 10 колледж жанынан құзырет орталықтары ашылды. Соңғы үш жылда техникалық мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс екі есеге ұлғайып, облыс бойынша барлық колледж студенттерінің 80 пайызын қамтыды. 2025 жылға дейін бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарланып отыр.

Ақсу қара металлургия колледжіне алдағы уақытта альянспен бірлесіп нақты өндірістер мен жаңа инвестициялар үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша жаңа білім беру бағдарламаларын әзірлеу міндеттеліп отыр. Теория мен тәжірибенің, дуалды оқыту формасы мен дәстүрлі оқытудың арақатынасы, түлектердің жұмысқа орналасуын бақылау сияқты мәселелерді шешу осы саладағы жұмыстың тамаша нәтижесі болмақ.

Облыс колледждерінде барлығы 22 мыңға жуық студент білім алады. Олардың көпшілігі колледждегі оқумен қатар, өңірдегі 150-ге жуық кәсіпорында тәжірибе алу мүмкіндігі бар. Бұл кәсіпорындардың ең ірілері – ERG өндірістері.

— Біздің қоғамда токарь мамандығы қыздарға жараспайды деген теріс көзқарас қалыптасып қалған. Колледжде осы біліктілік бойынша көптеген қыздар білім алып жатыр. Бұл мамандықты игеру қиын емес, оқу барысы өте қызықты. Құзыреттілік орталығы алған білімімізді тәжірибе жүзінде қолдануға мүмкіндік береді, – дейді Ақсу қара металлургия колледжінің 2-курс студенті Александра Букумбаева.

Павлодар облысының колледждері Еуразиялық топпен ынтымақтастық орнатқаннан бері барлығы 40 мыңға жуық маман даярлаудан өткен.

— Адамдарсыз біз ештеңе жасай алмаймыз. Сондықтан бізге жас әрі талантты, сонымен бірге білікті мамандар қажет. Өнеркәсіптік мамандықтарды жас ұрпақ үшін қызықты ету – біздің алғашқы кезектегі міндетіміз, – дейді ERG акционері Александр Машкевич.

Ақсу қара металлургия колледжі 55 жылдық мерейтойына орай ERG құзыреттілік орталығын жаңғыртуға арналған сыйлық сертификатына ие болды.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор