Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа мектеп ашылды

20 ноября 2022 12:01 • 465 просмотров

Қостанай облысы бойынша тұңғыш рет ашылған бұл ауылдық тірек мектебінің тұсаукесеріне облыс әкімінің орынбасары Ерлан Спанов, облыстық білім басқармасының басшысы Зәуре Бәйменова, аудан әкімі Амантай Балғарин, жоба ұйымдастырушылары мен қор өкілдері және мектеп педагогтары қатысты.

— Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім сапасын арттыруға зор көңіл бөлуде. Біздің де бірінші кезектегі тапсырмамыз – жергілікті жердегі балаларға барлық жағдайды жасау. Бүгінгі жоба мектепте білім сапасын жақсарту мақсатында үлкен септігін тигізеді. Ендігі кезекте оқушыларға сапалы білім беріп, олардың қабілеттері мен қарымын дамыта түсу керек, – деп атап өтті өз сөзінде Ерлан Спанов.

Айта кетейік, мектепте материалдық-техникалық базаны толық жаңарту жүргізілді, 32 оқу кабинеті мен шеберханалар жарақтандырылды. Пәндер мен бағыттар бойынша оқу кабинеттерімен бірге мектепте FabLab, арт-студия, телестудия сияқты қосымша білім беру кабинеттері жабдықталды. Жалпы, материалдық базаны жаңарту үшін «Қазақстан халқына» қоры 249 825 000 теңге көлемінде қаражат бөлді.

Сондай-ақ, демеушілер қатарында «Қазақстан халқына» қорына қаражатын жіберген Beeline Қазақстан компаниясы бар. Бағдарламаны іске асырудағы Қордың серіктестері – Білім беруді тұрақты дамыту қоры және Назарбаев зияткерлік мектебі екенідігін айта кеткен жөн. Жалпы, тұсаукесер барысында оқыту бағдарламасының нәтижелері айтылып, мектептің жаңартылған материалдық базасы көрсетіледі.

Қайырымдылық бағдарламасының мақсаты ауылдық мектепті білім берудің барлық пәндері мен бағыттары бойынша жаңа заманауи модификациямен жарақтандыруды қамтамасыз етіп қана қоймай, қолайлы білім беру ортасын құру үшін білім ресурстарын шоғырландыра отырып, жақын маңдағы шағын жинақты мектептер үшін тірек ұйым, құзыреттілік орталықтарын аайналдыру.

— Жоба ауыл мектептері­нің дамуына, білім сапасын жақсартуға бағытталған. Ауыл мектебін алып, онда білім беру ортасын, оқыту сапасын, осы мектептің инфрақұрылымын талдап, содан кейін қажетті жұмысты бастаймыз. Осы бағытта мектептің материалдық базасын толық жаңартужәне НЗМ әдіснамасы мен тәжірибесін енгізу арқылы мұғалімдердің біліктілігін арттыру жұмысы іске асырылады, – деді Білім беруді тұрақты дамыту қорының басшысы Данияр Тоқтарбаев.

Айта кетейік, бұл «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» қайырымдылық бағдарламасы аясында жарақтандырылған үшінші ауылдық тірек мектеп.