Тобыл қаласындағы «Алтын дән» мәдениет үйінде «Арқада Наушабайдың Нұржаны өткен» атты республикалық жыр-терме, дәстүрлі ән орындаушыларының байқауы өтті. Облыстық мәдениет басқармасы ұйымдастырған өнер байқауына еліміздің әр өңірінен келген 17 өнерпаз қатысты.
Кілең күміс көмей әншілер бас қосқан дәстүрлі ән мерекесінде Нұржанның бұрын көп айтылмай келген «Көкен-ай», «Бәтимаға», «Ара-ай», «Асыл-ай», «Жан сәулем», «Назым» атты шығармалары шырқалды. Әр өңірдегі дәстүрлі өнер мектептерінің өкілдері Нұржанның назым-термелерін орындаумен қатар, қалауы бойынша өздерімен ала келген әндерді де шырқады.
Байқауға қатысушыларды белгілі жырау, фольклор зерттеуші Алмасбек Алматов бастаған қазылар алқасы бағалап отырды.
— Нұржан тек қана әнші емес қой. Ол – орындаушы және өз жанынан ән шығарған сазгер. Нұржан – балуан, Нұржан – жыршы. Терме-толғаулары мен шешендік сөздерін былай қойғанда, Нұржан – ақын. Сондықтан алдағы уақытта бұл байқаудың ауқымын кеңейтіп, үлкен фестиваль ретінде өткізу керек сияқты. Ар жағында балуандар белдесіп жатса, бір жағында осы қазылар алқасының құрамында отырған ақын-драматург Ақылбек Шаяхметтің Нұржан туралы дайын тұрған драмалық туындысы сахналанып жатса, енді бір жағынан дәстүрлі ән байқауы мен ақындар мүшәйрасы қызып жатса, ақын мұраларының бұдан да кеңірек насихатталуына жол ашылар еді, – деді Алмасбек жырау.
Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов бұл ұсыныстың орынды екенін, алдағы байқауларда мүмкіндігінше қаперге алынатынын айтты.
Осымен үшінші рет өтіп отырған өнер жарысында биыл бірінші рет Қостанай облысының өнерпазы жеңімпаз атанғанын да айта кету керек.
Қазылар алқасының ұйғарымымен байқаудың бас жүлдесін Қостанай облысы, Федоров ауданынан келген өнерпаз Арғынбек Бейбітхан жеңіп алды. 1-орынға астаналық жыршы Ұлдана Нұртуған ие болды. Байқауға Астана қаласының атынан қатысқан тағы бір талантты жыршы Айбат Серік жүлделі 2-орынды иеленсе, Қарағанды облысы, Шет ауданынан келген Елдос Жақиев пен алматылық Айбике Таңатарова үшінші орынды өзара бөлісті. Өнерпаздардың бәріне Нұржан әндері байқауының арнайы мүсіншесі мен ақшалай сыйлық табыс етілді.
— Нұржан Наушабайұлы атындағы байқаудың бір пайдасы – осы өңірдегі дәстүрлі музыканың қайтадан жандануына өз септігін тигізіп жатыр. Байқауды тұрақты түрде өткізу арқылы осы топырақта бар дүниені қайта жаңғыртып жатырмыз. Бір қуантарлығы, жылдан-жылға қатысушылардың да географиялық ауқымы кеңейіп келеді. Бұрын бірнеше өңірден ғана келетін, биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен келді. Қатысушылар бұдан әрі ізденіп, өз репертуарларына Нұржанның көпшілікке әлі де болса жетпей жатқан әндерін қосады деген үміттеміз, – дейді қазылар алқасының мүшесі, ақын Батырлан Сағынтаев.
Байқаудан кейін әйгілі өнерпаз Алмасбек Алматов жас жыршы-термешілерге шеберлік сағатын өткізді.