Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тың кәсіпті бастады

24 ноября 2022 12:31 • 597 просмотров

Бүгінде Қостанайда жеңіл автокөлік, трактор-комбайн, автобус, тағы басқа да сан алуан арнайы техника түрлерін құрастыратын бірнеше зауыт бар. Алайда бұл зауыттар өндіріске қажет қосалқы бөлшектің көбін сырттан әкеледі. Дегенмен өңірде кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың қолдауымен техника құрастыруға қажет ұсақ-түйек бөлшектерді ұқсатып жасап шығарып жатқан шағын кәсіпорындар да бой көрсете бастады.

Мәселен, тікелей мемлекеттің қаржылай қолдауымен еңсе тіктеген Қостанайдағы «Hydraulic systems Kazakhstan» компаниясы бүгінде жеңіл көліктен бастап, жүк көліктеріне дейін жарайтын және ірі өндіріс орындарындағы құрылғыларда пайдаланылатын жоғары қысымды гидравликалық ішектердің 1,5 мыңнан аса түрін жасап шығарады.

Кәсіпорын басшысы Руслан Дәндібаев бұған дейін құрылыс саласында қолданылатын сан алуан құрылғы-құралдарды алып-сатумен айналысқан. Біраз тәжірибе жинақтаған кәсіпкер бір құрылғы сатып алған клиентті кем дегенде екі-үш жылға жоғалтып алатынына көз жеткізеді. Осылайша, нарықта жиі сұранысқа ие тауарларды қарастыра бастайды. Бірнеше жылға созылған тынымсыз ізденістен кейін түрлі салада пайдаланылатын жоғары қысымды майішектерге сұраныс көп екенін және оны жасап шығару өзінің де қолынан келетінін түсінеді.

— Алғаш станоктарды сатып алдық. Бірақ бір жыл бойы пайдалана алмадық. Өйткені майішектер мен оның басына киілетін фитингтердің түрі өте көп. Мұның бәрін меңгеру керек болды. Бір жыл уақытымызды осыған жібердік. Ресейге барып үйрендік, Еуропадан маман шақыртып оқыдық. Біртіндеп өнім шығара бастадық. 2021 жылы өндіріс ауқымын кеңейтіп, өнім түрін көбейту мақсатында жаңа станоктар мен өндіріске қажет сапалы материал сатып алу үшін екінші деңгейлі банктен 19 пайыздық өсіммен 16 млн теңге несие алдық. «Даму» қоры бұл несиенің 13 пайызын субсидиялады. Соның нәтижесінде, қазір біз несиемізді 6 пайыздық өсімпұлмен жауып отырмыз, – дейді Р. Дәндібаев.

Кәсіпорын жеңіл көліктер мен жүк көліктеріне, ауылшаруашылық техникаларына, ауыр өнеркәсіп саласына пайдаланылатын құрылғыларға жоғары қысымды ұстап тұра алатын гидравликалық майішек жасайды. Мәселен, Рудный, Лисаков, Жітіқара төңірегіндегі ірі кеніштер ауыр техникаларының тозған майішектерін ауыстыру үшін осында тапсырыс береді.

— Біз жаңа өнім шығарумен қатар, ескіріп, тозған жоғары қысымды гидравликалық ішектерді жөндеумен де айналысамыз. Мұндай тапсырыстар, әсіресе, көктемгі, күзгі ауылшаруашылық науқаны қызған кезде көбейеді. Тапсырыс беруші бізге жыртылған шлангісін әкеп береді, біз соған қарап отырып жаңа майішек жасап береміз. Ішектің үлгісі болмаған жағдайда гидравликалық жүйенің сызбасына қарап отырып жасаймыз. Біздің бизнесте бір мың теңге пайда табу үшін қоймада кем дегенде 100 мың теңгенің тауары жатуы керек. Тапсырыс беруші сені күтіп тұрмайды, іздеген дүниесін дәл сол уақытта тауып беруді талап етеді. Сондықтан қазір біз дайындап қойған тауардың құны 100 млн теңгеден асады, – дейді сату бөлімінің бастығы Олег Згонник.

Кәсіпорын 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Майішек жасайтын станоктарды арнайы білімі бар инженер мамандар басқарады.

— Қазіргі ауылшаруашылық техникаларының гидравликалық майішектері бір-екі маусымнан кейін тозып, жыртыла бастайды. Біз соны жөндеп, жөндеуге келмесе, орнына сапалы майішек жасап береміз. Өзіміз жасаған өнімге бір жылға дейін кепілдік береміз. Біздің шлангілеріміз де, фитингтеріміз де өте сапалы. Сондықтан көбі бізге тапсырыс береді. Майішек жасауға жарайтын шлангі әртүрлі болады. Оның басына киілетін гидравликалық фитингтердің де түрі көп. Жапондық, америкалық, еуропалық, қытайлық, ресейлік стандарттары бар. Оның жалғағыштары да сан түрлі – шар, конус пішіндес, тік, 45, 90 градустық бұрыш болып келеді. Мұның бәрі көлікке байланысты, мәселен, Қытайдың 40 тонналық жүк көлігінде еуропалық немесе жапондық фитинг тұруы мүмкін. Ал «Беларусь» тракторына ресейлік, «Джон дир» комбайнына америкалық, «Claas› комбайнына неміс стандарты қажет, – дейді станокшы Дархан Әлімбаев.

Қостанайдағы «АгромашХолдинг» зауытынан шығып жатқан су жаңа комбайндардың да гидравликалық майішектері осы жерде жасалады. Осылайша, ескі қосалқы бөлшектерді оңдаумен қатар, жаңа өнімді көптеп шығарып жатқан кәсіпорын отандық машина жасау өндірісінің де жергілікті үлесін арттырып отыр.