Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлы ағартушының еңбегі

1 декабря 2022 11:47 • 601 просмотров

Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин мемориалдық музейінде ұлы ағартушының мұрасын тәржімалап, зерттеп, насихаттап жүрген ғалым, Түркиядағы Муғла Сыткы Кочман университетінің доценті, PhD Экрем Аянмен кездесу өтті. Екі сағатқа созылған емен-жарқын әңгіменің басында өңір зиялылары, музей қызметкерлері мен дарынды балаларға арналған Ыбырай Алтынсарин атындағы гимназияның шәкірттері болды.

Экрем Аян қазір Арқалық қаласындағы педагогика институты студенттеріне бір айлық дәріс оқып жүр. Қостанайға облыс шетіне ат басын тіреп тұрып, Тобылдың жағасында жатқан Ыбырай атамыздың басына барып, зиярат етіп, тағзым жасамай кеткен жарамас деген ниетпен келіпті.

Түркияда «Modern Kazak Edebiyatının Öncüsü Ibıray Altınsarin» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғаған ғалым Ыбырайдың жастарды оқу-білімге, өнерге шақырған өлең-әңгімелерін, Абай поэзиясы мен қарасөздерін, қазақ дастандарын түрік тіліне аударған.

— Алғаш Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылманшылықтың тұтқасы» атты шығармасымен таныстым. Ол кезеңде мұндай еңбек жазу үшін үлкен жүрек керек деп ойладым. Осы кітапты оқып шыққаннан кейін, Ыбырай мұрасына одан сайын қызығып, іздене түстім. Түріктерде «Басын қолтығына қысып қыдырды» деген сөз бар. Бұл сөз басына қауіп төніп тұрғанына қарамастан, ел мүддесі үшін шыбын жанын шүберекке түйіп жүріп, үлкен тәуекелге барып, қайрат қылған, қыруар іс тындырған адамдарға қатысты айтылады. Ыбырай Алтынсарин де – сондай адам. Мен оның «Мұсылманшылықтың тұтқасынан» бөлек, «Қазақ хрестоматиясын», басқа да еңбектерін түрік тіліне аударып, әдеби-тілдік тұрғыдан талдау жүргіздім. Жалпы, Қазақстан өз тәуелсіздігіне бейбіт күрес жолымен жеткен ел. Бұл күрес қаламмен жасалған. Оның басында Ыбырай, Абай, Әлихан, Ахмет сияқты алыптар тұр, – дейді Экрем Аян.

Басқосу барысында Серікбай Оспанұлы, Ақылбек Шаяхмет сынды өңір зиялылары да сөз алып, қадірменді қонаққа ізгі тілек арнап, ілтипат білдірді.

— Кеңестік кезеңде Түркиямен арамыз онша дұрыс болған жоқ. Ол кезде Назым Хикмет пен Әзіз Несинді ғана білетін едік. Қазір, Аллаға шүкір, Юнус Эмрені, Орхан Памукті, Фарук Нафыз Чамлыбелді, Түрік Республикасының негізін қалаған Ататүрктің кім екенін, Ердоғанның кім екенін біліп жатырмыз. Біздің Қазақ мемлекетінің тәуелсіздігін ең алғаш мойындаған бауырлас Түркия мемлекеті екенін ұмытпаймыз. Сондықтан Түркияға арқа сүйейміз. Мен Түркияның үш фестиваліне қатыстым. Сонда байқағаным – Түркиядағы кардаштардың түркімен, өзбек, қырғыз, әсіресе қазақ бауырларға деген ықыласы мен пейілі. Сол пейіл мәңгілік, қызметің жемісті болсын! – деді Ақылбек Шаяхмет.

Кездесу соңында облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов қадірменді қонаққа алғыс айтып, тарту-таралғы табыс етті.