Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

«Таған» театры ашылды

1 декабря 2022 12:13 • 881 просмотров

Түркі әлемінің ортақ ұстазы, ғалым, Алаш рухының көшбасшысы – Ахмет Байтұрсынұлының 150 – жылдық торқалы тойына орай, Қостанай қаласында «ТАҒАН» театры «Ахмет – Әлихан» атты тарихи қойылыммен алғашқы шымылдығын ашты. Қостанайдағы «Мирас» мәдениет үйінде өңірдегі тұңғыш жеке өнер ұжымы – «Таған» театрының тұсаукесері өтті.

Жаңа театрдың шымылдығын белгілі режиссер, Қазақстанның халық әртісі Ерсайын Төлеубайдың «Ахмет, Әлихан» премьерасы ашты. Драмалық шығарманың көркемдік деңгейі мен идеялық мазмұнына баға беретін театр сыншысы емеспіз. Бірақ зал толы иін тіресіп отырған көпшілік көрерменнің көңілінен шыққанын айту керек. Әсіресе жас театрдың сахнаға ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы мен Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бейнесін қатар алып шыққаны сүйсінтті. Қойылымда Ақаңның абақтыдағы азапты толғаныстары, туған жерге, сүйген жарға деген сүйіспеншілігі, жер тұтастығын сақтап қалу жолында Ленинмен кездесуі, ұлт көсемі Әлиханға деген шынайы құрметі нанымды көрініс тапқан.

Қойылым аяқталған соң, Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрының бұрынғы актері, жаңа құрылған театр – «Тағанның» жетекшісі Төленді Әлқожа сахнаға шығып, көпшілікті жаңа театрдың жайынан хабардар етті.

— Театр ашамыз деп ойлап жүргенімізге біраз болған еді. Ақыры әріптесім, актер Асылан Кенжетай екеуміз белді бекем буып, театр құрдық. Биыл ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, ЮНЕСКО көлемінде көп дүние атқарылып жатыр. Әр қазақ өз үлесін қосуда. Біз де өзіміз құрған театрдың шымылдығын Ахмет Байтұрсынұлы мен Әлихан Бөкейхан туралы спектакльмен ашып отырмыз. Ол кісілердің аруағы бізді қолдасын, Алаш мұраты үшін басын ажалға тіккен ұлы қайраткерлердің өмір жолын, асыл мұрасын көпке өнеге етейік деген ойымыз болды. Спектакльді ұстазымыз, драматург Ерсайын Төлеубайға арнайы жаздырттық, – деді Т. Әлқожа.

Ел еңсесі тіктеле бастаған 2000-ыншы жылға дейін Қостанайда ұлт театры түгілі, қазақ өнерінің иісін сезу мұң болатын. Театр ұжымын құттықтаған облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов өңірдің соңғы ширек ғасыр ішіндегі мәдени дамуына тоқталып, жаңа театрдың ашылуы өңір руханиятының ең үлкен табысы екенін айтты.

– 2000-ыншы жылы 14 қыркүйекте дәл осы залда, дәл осы сахнада Қостанайдағы тұңғыш қазақ театры ашылған еді. Ол – бүгінде қанаты қатайған, омыртқасы бекіген, өнерде өзіндік орны бар Ілияс Омаров атындағы қазақ драма театры. Бұл театр қазір Қостанайдың даңқын облыс аумағында ғана емес, бүкіл республика көлемінде асқақтатып жүрген үлкен кәсіби өнер ордасына айналды. Енді, міне, табаны күректей 22 жылдан кейін Қостанайда екінші қазақ театры ашылып отыр. Бұл – жаңа ізденіс, жаңа бастама. Сондықтан бұл театрға біз де шамамыз келгенше қолдау білдіреміз. Қазір рухани астанамыз Алматыда бірнеше жеке жас театрлар бар. Онда кәдімгі мемлекеттік театрда ойнайтын актерлер де өнер көрсетеді. Жеке театрдың бір ерекшелігі – мұнда тың ізденістерге кең мүмкіндік бар, еркіндік бар. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін ашылып жатқан «Таған» театры Қостанай өңіріндегі театр өнеріне жақсы ізденісі мен жақсы жаңалығын қоса береді деп сенеміз, – деді басқарма басшысы.

Отыз жылдан бері осы Қостанай қаласында тұратын қаламгер Әбутәліп Әмір ауылдағы қалың қазақ жаппай қалаға қоныс аудара бастаған 1997 жылы студенттер мен жас оқытушылардың басын қосып, шағын театр ұжымын құрып, алғаш рет «Айман-Шолпан» пьесасын сахналағаны бар. Ұлттық өнерге әбден сусап қалған қалың көрерменнің ыстық ықыласына бөленгенімен, бұл театр сол кездегі мәдениет басшыларының тарапынан қолдау таппай, бір жылдан соң қайта жабылып қалды.

— Біріншіден, бір қалада өмір сүріп жатқан екі театр әдемі, таза өнер бәсекесін тудырады. Ал бәсеке болған жерде актерлер мен режиссерлердің кәсіби тұрғыдан шыңдалуы, өсуі пайда болады. Екіншіден, тәжірибе алмасу жүреді. Осының арқасында қазақ көрерменінде қай актердің ойынына, қай режиссердің қойылымына барсам екен деген таңдау пайда болады. Бұл театр өнерінің дамуына қызмет ететін жағдайлар, – дейді Ә. Әмір.

Қалай десек те, ұлттық өнерге жанашыр жұрттың ортақ пікірі Қостанайда екінші театрдың өмірге келуі үлкен жетістік, үлкен қуаныш, үлкен ілгерілеу дегенге саяды.