Өңір басшысы Архимед Мұхамбетов Қостанай облыс әкімдігінің кеңейтілген отырысын өткізді. Оған облысқа қарасты қала мен аудан әкімдері қатысты. Жиын барысында автожол бағытындағы бағдарламаның жүзеге асырылуы, көлік инфрақұрылымындағы құрылыс-монтаждау жұмыстарын талқылады.
Биыл автокөлік жолдарына бюджеттен 22,3 млрд теңге қарастырылған. Қаржыға жергілікті маңызы бар 256 км көлік жолы және елді мекендер көшелерінің 253 учаскесі жөнделді.
Мәселен, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында 13,6 млрд теңге сомасына 36 жоба жоспарланған. Бүгінгі таңда жұмыстар аяқталды. «Ауыл-ел бесігі» аясында ауылдық елді мекендердің 61-ші көшесінде 2,5 млрд теңге сомасына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілді.
Сондай-ақ 2022 жылы көлік инфрақұрылымын жақсартуға жергілікті бюджеттен 6,1 млрд.теңге бөлінді. Елді мекендердің 192 көшесі, 4 аудандық жол жөнделді, сондай-ақ Корей көпірінен Тобыл қаласына дейін «Қостанай қаласына кіреберіс» облыстық маңызы бар автожолда жол жарығын орнату бойынша жұмыстар жүргізілді. Жыл аяғына дейін облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 85% жақсы және қанағаттанарлық жағдайда.
Облысымыздың автожол саласын дамыту жөніндегі жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатын болады.