Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қостанай қаласындағы «Оқушылар сарайы» құрылысының барысымен танысты. 2023 жылы мұнда Мемлекет басшыларының қатысуымен Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді.
Балалар жылы аясында облыс орталығында 1300 орындық мектеп жасындағы балаларға арналған Смарт-орталықтың құрылысы басталды. Нысан «Юблейный» шағын ауданында бой көтеруде. Орталықта ғылыми-биологиялық үйірмелер (аквапоника және гидропоника кабинеттері, агролаборатория, химия-техникалық және физика-техникалық зертхана, жаңартылатын энергия көздері үйірмесі), IT бағыттар (бастапқы техникалық модельдеу, 3D басып шығару, 3D модельдеу және 3D сканерлеу компьютерлік сыныптары, авиамодельдеу үйірмесі, компьютерлік бағдарламалау сыныбы, инженерия және робототехника, ойын кітапханасы, виртуалды шындық үйірмесі, SDR радиосын бағдарламалау үйірмесі), көркемдік-эстетикалық бағыт (көркемсурет, вокал, қыш құмыра студиялары, актерлік шеберлік, ландшафты дизайн, бейне және фотомонтаж, режиссерлік өнер сабақтары), тіл үйірмелері жұмыс істейді, сондай-ақ үш жүз орындық концерт залы болады.
Смарт-орталықтың құрылысжұмыстарын «BiGlobal» ЖШС мердігер мекемесі айналысуда. Жобаның құрылысына 10,7 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Өңір басшысы Құмар Ақсақалов құрылыс алаңында болып, бөлінген қаражаттың тым көп екенін ескертіп, оңтайландыру қажетігін атап өтті.
«Осы күндері біз облыстың 2023 жылға жоспарланған бюджетін қайта қарап шықтық. Талдау аясында құны жоғары жобаларды анықтап, тиісті сала мамандарына шығындарды азайтуға тапсырма бердім. Мәселен, Абай даңғылы бойына төселуі тиіс гранит жиектасын орнатуға 1,5 млрд теңге жұмсау жоспарланыпты. Мұндай қымбат материалды пайдаланудың еш мағынасы жоқ. Қостанай қаласының әкіміне мемлекеттік сатып алуды тоқтатып, жобаны қайта қарауды тапсырдым. «Смарт-орталықтың» құрылысын да менің тапсырмам бойынша абаттандыру қаржысын кеміту арқылы бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік туды. Бастапқыда бұл жобаға 2 млрд теңге жұмсау жоспарланса, қазіргі құны 700 млн теңгеге дейін кемітілді. Үнемделген қаражат әлеуметтік салаға бағытталатын болады.», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жоба бойынша заманауи орталық 2023 жылдың қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.