Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Автозауытта жаңа желі іске қосылады

31 декабря 2022 12:30 • 892 просмотров

«СарыарқаАвтоПром» серіктестігі биыл 70 мың автокөлік құрастырып шығарады. Мұның сыртында, қазіргі әлемдік экономикадағы алыс-түйіс, ынтымақтастық қарым-қатынастардың күрделеніп бара жатқанына қарамастан, Қостанайлық зауыт жыл соңына қарай «Chevrolet Onix», «Kia Sportage NQ5», «Lada Granta» көліктерінің өндірісін іске қосуды жоспарлап қойды.

Алпауыт кәсіпорын бүгінгі таңда «Chevrolet», «Kia», «Lada», «Renault», «UAZ», «SAZ» автомобильдерін құрастырып жатыр. Осыдан 12 жыл бұрын іске қосылған зауыттың жыл санап өндірісі кеңейіп, әлеуеті артып келеді. Мәселен, кәсіпорын 2019 жылы 25 875 автокөлік құрастырып шығарса, бұл көрсеткіш 2020 жылы 40 050-ге жетті. Ал 2021 жылы автозауыт 60 мыңнан астам көлік құрастырып шығарды. Кәсіпорынның былтырғы өндірістік көрсеткіштеріне сүйенсек, Қостанай автозауытының Қазақстан нарығындағы үлесі 61%-ке жетіп отырғанын байқауға болады.

Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті де едәуір артып келеді. Былтыр 7 мың 593 автокөлік экспортқа шығыпты. Қостанайдан шыққан көліктерді көбіне Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Беларусь мемлекеттері алып кетіп жатады.

— Әлемде көлік құрастыратын зауыттардың ешқайсысы бөлшектерді өздері өндірмейді. Басқа жақтан тапсырыспен жасатып алдырады. Біздің кәсіпорындағы жағдай да соған ұқсас. Әр көлік маркасының тетіктерін өзара келісімшарт аясында әртүрлі шетелдік зауыттардан алдырамыз. Бастысы, көліктер барлық шеберханадағы білікті мамандардың қолынан өтіп, жоғары технологиялы қондырғылардың көмегімен құрастырылады. Жалпы, негізгі мақсатымыз – халықаралық сапа нормаларына сәйкес келетін бәсекеге қабілетті өнім шығару, – деді «СарыарқаАвтоПром» ЖШС директоры Сырым Семейбаев.

2021 жылы «Chevrolet» автокөлігінің Қазақстандық тұтынушылар тарапынан ең жоғарғы сұранысқа ие болғанын айта кеткен жөн. Ал ең көп сатылған көліктердің көшін «Nexia» мен «Cobalt» бастап тұр. Қостанайлық зауыттан былтыр аталмыш үлгідегі 33 508 автокөлік құрастырып шығарды.

Кәсіпорын басшысының айтуынша, биыл зауыт «Chevrolet Onix», «Kia Sportage NQ5» өндірісін іске қосқалы отыр. Жоспар бойынша, «СарыарқаАвтоПром» аталған үлгідегі бренд көліктердің әрқайсын 15 мыңнан құрастырып шығарып отырмақ. Мұнымен қоса, 10 мың ресейлік «Lada Granta» көлігі және аталмыш автомобильдер үшін CKD, ұсақ бөлшекті жиынтықтар өндірісі іске қосылады.

Биыл қаңтар айы мен наурыз айының аралығында 12,5 мыңға жуық автокөлік құрастырылды. Зауыттың өндірістік қарқыны еселене түспесе, ешқашан бәсеңдемейді. Биыл жүзеге асырылатын жаңа жобаларымыз бар. Жыл соңына қарай тағы бірнеше жаңа желіні іске қосамыз. Сондықтан еліміздің ішкі нарығын сапалы автомобильдермен қамтамасыз ете отырып, зауыттың экспорттық әлеуетін арттыру біздің басым бағыттарымыздың бірі болып қала береді, – деді кәсіпорын басшысы.

«СарыарқаАвтоПром» серіктестігінің бүгінгі толайым табысы отандық автоөндісті дамытуға бағытталған мықты мемлекеттік қолдаудың нәтижесі, сондай-ақ зауыт инженерлері мен қарапайым жұмысшылардың кәсіби шеберлігінің, қажырлы еңбегінің жемісі екені сөзсіз. Бүгінде жалпы аумағы 86 мың шаршы метр болатын зауытта 7 цех тоқтаусыз жұмыс істейді. Кәсіпорында ұзын саны 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Жас маман, жаңа кадрлар зауыт жанынан ашылған «SAP University» орталығында жүйелі түрде білімін жетілдіріп, кәсіби біліктілігін арттырып отырады.