Өңір басшысы Құмар Ақсақалов кеңейтілген жиында бірқатар аудан әкімдерінің ауылдық аймақтарды дамыту туралы есебін тыңдады. Жиын барысында ауыл шаруашылығында жоспарланған инвестициялық жобаларға ерекше назар аударылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Облыс басшысының пікірінше, өкінішке қарай, кейбір аудан әкімдері инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қауқарсыз болып шықты.
— Ауылшаруашылық жобаларын жүзеге асыруда жергілікті билік өкілдері, ең алдымен, ауылды аймақтарды дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашуға баса назар аударған жөн. Бұл уақыт талабы. Осыған сай жобаларды сапалы әрі жылдам жүзеге асыру – барлық әкімдердің басты міндеті. Көп толғанып, қағазбастылыққа салынбай, жылдың алғашқы күнінен бастап осы тапсырмаларды орындау керектігін еске салғым келеді, – деді өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Биыл өңірде 12 млрд теңгеден асатын бес ірі инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Осылайша, мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Назарбек Қонқабаевтың айтуынша, өңдеу саласы өткен жылдың қорытындысы бойынша 1,4 трлн теңгенің өнімдерін өндірген. Мұның бір бөлігі көлік құрастыру саласына тиесілі.
— Былтыр жалпы құны 20 млрд теңгеге бағаланған жеті инвестициялық жоба пайдалануға беріліп, 600 жұмыс орны ашылды. Енді үстіміздегі жылы 112 млрд теңгеден астам қаржыға бес инвестициялық жобаны іске асыруды жоспарлап отырмыз. Мәселен, биыл «Беларусь» тракторларының өндірісі іске асыруды аяқтаймыз. Кәсіпорында трактор кабиналары құрастырылады. Бұл бөлшектерді жергіліктендіру көрсеткішін арттыруға мүмкіндік береді. Жобаға 83 млн теңге инвестиция тартылды. Зауытта 100 жұмыс орны ашылып, жылына 10 мың кабина шығарылмақ. Қазір кәсіпорын өнеркәсіпті дамыту Қорымен өндіріс цехын жарақтандыру үшін лизингтік қаржыландыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр, – дейді басқарма басшысы.
Үстіміздегі жылы аяқталатын жобалардың ішінде қуаттылығы жылына 600-дей коммерциялық техника шығаратын «Технопарк КЗ» ЖШС жобасы да бар. Жобаның құны 2,9 млрд теңге. Жаңа кәсіпорында 180 адам жұмыс істейтін болады. Әзірге нысанның құрылысы біткен жоқ. Ал «СарыарқаАвтоПром» биыл жаңа Chevrolet Enix шығаруды бастайды. Жоба шамамен 23 млрд теңге бағаланып отыр. Кәсіпорында жылына 400 адам жұмыс істеп, 30 мың көлік құрастырылады.
Әкімдерге қойылып отырған бұл талап олардың жұмысын бағалаудың негізгі критерийлерінің бірі екенін ескерген абзал. Жүзеге асырылып жатқан және де ұсынылып отырған жобалардың барлығының да сапасы ерекше назарда. Олардың барлығы да біздің өңірдің қажеттілігімен ұштасуы тиіс.
Әспеттеп жасалған кейбір жобалардың түкке тұрғысыздығы кейбір әкімдердің нақты бағыттары мен мақсаттарының жоқтығын көрсетті. Ұсынылған бағдарлама – ел үдесінен шығуы керек. Ұтымды тәсілмен жүзеге асырылатын жоба, сайып келгенде, жерлестеріміздің өмір сүру сапасын жақсартуға себеп.
Мемлекеттік сатып алу, ауыл шаруашылығын дамыту, тұрғын үйлер мен жол салу және ауылдарды сумен жабдықтау жобалары назардан тыс қалмауы керек. Алдағы аптада қалған 4 қала әкімдерінің жобалары талқыланбақ. Сонымен қатар, өнеркәсіпті дамыту бойынша да жиын өтеді.
Жобалардың өзектілігі жергілікті атқарушы органдардың іскерлігін айқындайтын бірден-бір көрсеткіш екенін айта кеткен жөн.