Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мәселе биыл шешімін табады

12 января 2023 16:37 • 608 просмотров

Қостанай қаласы әкімдігінің аппараттық кеңесінде 2022–23 жылдары қаладағы құрылысты іске асыру және Қостанайда халықты жұмыспен қамту жөніндегі іс-шаралар мәселелері қаралды. Облыс орталығының басшысы Марат Жүндібаев қалалық Құрылыс бөліміне ағымдағы жылдың соңына дейін қаланың бұрын басталған 33 проблемалық нысанның құрылысын аяқтауды тапсырды. Бұл туралы қала әкімі әлеуметтік желіде жариялады.

2023 жылғы 20 қаңтарда «Юбилейный» шағын ауданындағы №49 жалға берілетін үйдің тұрғындарына кілттерді тапсыру жоспарлануда, онда ресми кезекке сәйкес – халықтың әлеуметтік осал санаттары қатарынан көп балалы аналар, жетімдер және басқа да қала тұрғындары қоныстандырылады.

Былтыр Қостанай қаласында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 12,5 млрд теңге бөлінген. Қаражаттың 97%-і игерілді. Ал биыл 23,1 млрд теңге бөлініп отыр. Соның 14,9 миллиарды тұрғын үй құрылысына бағытталуда. Қостанайдағы тұрғын үй құрылысының бет-алысы туралы қалалық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде айтылды. Қала әкімінің орынбасары Руслан Катпаевтың айтуынша, биыл құрылысы бірнеше жылға созылған көп қабатты үйлердің жұмысын толық аяқтап, кілтін тапсыру жоспарланып отыр.

Мәселен, «Аэропорт» шағын ауданында №45/1,2,3 және №19–20–21 үйлер 2019 жылы салына бастаған еді. Соңғысы әлеуметтік осал топтарға арналған арендалық үй. Алғашқы мердігер «Ақтөбе-Сәулет» ЖШС «жауапсыз» компания деп танылып, арадағы келісім-шарт бұзылған еді. Былтыр желтоқсан айында қайтадан «Рудныйсоколовстрой» ЖШС-мен келісім-шарт жасалып, қажетті қаражат бөлінді. Нысанның құрылысын жылдың аяғына дейін аяқтау жоспарлануда. №45/1,2,3 үйлердің жұмысында олқылықтар анықталып, бүгінде жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде. Жоспарлы жұмыстар уақытында аяқталса №45/1 үй биылғы жылдың екінші тоқсанында, №45/2 және №45/3 үйлер үшінші тоқсанда пайдалануға берілмек.

«Юбилейный» шағын ауданында №49 үйдің құрылысы жаңа жыл қарсаңында аяқталды. «Қазбайлық Астана» ЖШС құрылысты келісім-шарттағы мерзімнен үш айға ерте бітірді. Осылайша, қаңтар айының соңына дейін тұрғындар жаңа қоныстарына көшеді. Аталған шағын аудандағы №9 үйдің жағдайы көпшілікті алаңдатуда. Себебі, 2021 жылы міндетті мердігер «Вакхстрой» ЖШС-нің «жауапсыздығынан» келісім-шарт бұзылып, техникалық зерттеу жүргізілді. Тексеріс нәтижесінде жобаға түзетулер енгізілмек. Сондай-ақ, «Юбилейный» шағын ауданындағы нөсер кәрізінің құрылысы да аяқталуға жақын. Бұл кәріз болашақта шағын ауданды көктемгі еріген қар суынан тазартуға көмектеспек. –2021–2025 жылдары аралығында «Береке» шағын ауданында 72 тұрғын үй салу жоспарланды. Соның отыз тоғызы бюджет есебінен бой көтермек. Төрт қабаттан тұратын 15 үйдің құрылысы басталды. Биылғы жазда пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз, – деді қала әкімінің орынбасары Руслан Катпаев.

Қала сыртындағы «Қонай» шағын ауданындағы құрылыстың жәй-күйі де сөз болды. Бұл жерде 2019 жылы 19 үйдің құрылысы басталыпты. Оның біреуі арендалық үй. Былтыр тоғыз үй пайдалануға берілді. Қала әкімі Марат Жүндібаев «Қонай» шағын ауданын абаттандыруды қолға алып, нысандардағы құрылысты уақытында аяқтауды тапсырды