Қостанайда елімізге белгілі композитор, әнші, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ҚР Композиторлар одағының мүшесі, Қостанай қаласының құрметті азаматы Қалибек Деріпсалдиннің мерейлі 70 жасқа толуы аталып өтті. Оған жергілікті атқарушы билік өкілдері композитордың шаңырағына барып, құрмет көрсетті.
Қалибек Деріпсалдыұлы – Тобыл-Торғай өңірінің сазгерлік өнерін өрге сүйреген өнерпаз, ол өз дарынымен бедел биігіне көтерілген жан. Әйгілі Әсет Бейсеуовтерге шәкірт болып, Бақытжан Байқадамов, Әбілахат Еспаев сынды майталмандардың ізін жалғап, тұма өнердің тұнығынан сусындады. Алды жыр анасы Мәриям Хакімжановадан бастап, Ғафу, Тұманбай, Серік Тұрғынбекұлы, Серікбай Оспан сынды азулы ақындардың сөзіне ән жазды.
Оның ән қоржынында 160-тан астам туынды бар. Болмысы бөлек, әуезі ерек шығармалары биік сахналардан шырқалып, бірнеше буын ұрпақты әлдилеп келеді. «Айлы түнде», «Ерке құсым», «Жан еркем», «Қостанай, достар-ай», «Көктем қыздар», «Сен мені түсінесің бе?», «Арман айым» секілді әндері өнерсүйер қауымға кеңінен танымал. Өзі талай республикалық байқауларда лауреат атанған. Сазгердің әндерін орындаушылар арасында «Көктем қыздар» атты республикалық байқау да жыл сайын өткізіліп келеді.
Тізе берсек, композитордың мерейлі жетістіктері жетіп артылады. Сұңғыла сазгерді ән әлемінің саңлағы деген жалғыз ауыз сөзбен әспеттесе болатындай. Жетпістің жотасына шыққан ардақты ағамызға құттықтаулар легі елдің әр түкпірінен толассыз келіп түсіп жатыр.
Қайраткерді меншікті мерекесімен Қостанай облысы мәслихатының хатшысы Сайлаубек Ещанов пен облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтай барды.
Мерей иесіне облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан алғыс хат табыстап, кеудесіне Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналған медальді тағып, гүл шоқтарын ұсынып, иығына шапан жапты сонымен қатар жүрекжарды жылы лебіздерін арнап, «Сосновый бор» демалыс орнына жолдама табыс етті.
Қалалық «Мирас» ансамблі де Қалибек ағамызды ән-күймен құттықтап, көңілін жадыртып жіберді. Айта кетейік, қазір мерейтой иесінің құрметіне облыстың аудан-қалаларындағы мәдениет үйлерінің ұжымдары арасында композитордың әндерін орындаудан челлендж жүріп жатыр. «Көктем-қыздар» республикалық ән байқауына қызу дайындық басталып кетті.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор