Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ескі мектеп жөндеуден өтеді

19 января 2023 12:20 • 625 просмотров

Қостанай ауданына жасаған іссапар барысында өңір басшысы Құмар Ақсақалов Заречный кентіндегі мектеп-лицейге бас сұқты. Биыл бұл білім ошағы алғаш рет күрделі жөндеуден өтпек.

Аталмыш мектеп-лицей директорының айтуынша, күрделі жөндеудің жоқтығына байланысты мектепте оқыс оқиғалар орын алып тұрады. Жуырда ғана мектеп-лицейдің спорт залында электр желісінің тұйықталуынан апат болған. Салдарынан бірінші ауысым оқушылары үйлеріне таратылыпты.

«Төбе жабынының әбден тозығы жеткен. Соның кесірінен іргетасы үнемі ылғалданып тұрады. Ғимарат құрылысы біртіндеп бұзылып, қабырғалары қақырай бастады. Тіпті кейбір жерлерден дала көрініп тұрады. Кәріз жүйесінің де ақауы көп. Құбыр ай сайын жарылады, үнемі жамап-жасқап отыруға мәжбүрміз», – деп мәселені ашып айтты Гүлжан Ердәулетова.

Оның айтуынша, электр кабельдері де тозған. Ұдайы қысқа тұйықталулар болып, сымдардың тұтанып, өртенуі үйреншікті жағдайға айналған. Электр тораптары жиі істен шығады. Таяудағы спорт залындағы келеңсіздікке де дәл осындай жағдай себеп болған. Мектепті қалыпқа келтіруді бұдан былай кешеуілдетудің жөні қалған жоқ. Жобалық-сметалық құжат дайындалып, ол сараптамадан сәтті өтті. Енді жөндеуге бюджеттен 290 млн теңге қаржы қарастырылады. Жұмыстарды осы жылы бастау көзделіп отыр.

Облыс әкімі электр желісі ақауының салдарынан көк түтінге оранған спорт залының қазіргі жай-күйімен танысты. Құмар Ақсақалов оқушылармен тілдесіп, қалау-тілектері орындалатынын айтып, оларды жігерлендіріп қойды.

Одан соң ол мектептің ішін аралап шықты. Мұндағы жағдай анағұрлым жақсырақ. Бірақ қабырғалардың сылағы түсе бастаған. Ал сыртқы көрінісі тіптен сүреңсіз. Қабырғаларды су жырып, жарықтар пайда болған. Кіреберістегі керамикалық плиталар қирап жатыр. Облыс әкімі мектеп-лицейге шұғыл күрделі жөндеудің керек екенін айтты.

«Бұл мектеп есімде, соңғы рет жиырма жыл бұрын көргенмін. Ол кезде Новоселов және Заречный елді мекендерінде жұмыс істейтінмін. Қазіргі қалпы мүлдем нашар екен. Күрделі жөндеу жұмыстарына қаңтардағы алғашқы бюджетті анықтау шарасынан кейін қаржы бөлінеді», – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, мектепте ұзын саны 862 оқушы бар, 70 педагог жұмыс істейді. 1986 жылы салынған ғимарат 36 жыл жөндеу көрмеген. Тек осыдан жеті жыл бұрын ағымдағы жөндеуден өтіпті