Қостанайдағы «АгромашХолдинг KZ» зауыты биыл 900-ден астам «Essil» комбайны мен «Lovol» тракторларын құрастырып шығарды. Соңғы жылдары отандық өндірістің жергілікті үлесін арттыруға ден қойып отырған ірі кәсіпорында таяуда ауылшаруашылық техникалары кабиналарын дәнекерлеп шығаратын тағы бір желі іске қосылды.
Зауыт басшыларының айтуынша, дәнекерлеу цехы әзірше «Lovol» тракторларының кабиналарын жасап шығарады.
— Біз бұл жобаны жүзеге асыру үшін былтыр қыс бойы дайындық жүргіздік. Өндіріс алаңын дайындап, оны қажетті құрылғылармен жабдықтаудың өзіне көп уақыт шығындадық. Оның сыртында, жаңа желіде жұмыс істейтін мамандарды шетелге оқуға жіберіп, кәсіби біліктілігін арттыру, тәжірибе ұштау курстарын ұйымдастырдық. Нәтижесінде, қазір дәнекерлеу цехы тоқтаусыз жұмыс істеп тұр. Тәулігіне 10 кабина шығарады, – дейді кәсіпорынның техникалық даму жөніндегі директоры Владимир Воловоденко.
«АгромашХолдинг KZ» АҚ аумағындағы ауылшаруашылық техникалары өндірісінің отандық үлесін арттыруға бағытталған локализациялық орталықта металды лазермен кесу, ию, майыстыру, сырлау және дәнекерлеу орындары мен кабиналардың пластик бөлшектерін, дән себетін техникалар мен оларға қажет қосалқы бөлшектерді жасайтын, сондай-ақ тораптар мен термошу оқшаулағыштарды шығаратын құрастыру конвейерлері мен автоматтандырылған желілер орнатылған. Зауыт бұл құрылғылардың бәрін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның қаржылай қолдауымен сатып алып отыр. Локализациялық орталықтың алдағы мақсаты – ауылшаруашылық техникаларына арналған қосалқы бөлшектер өндірісін ұлғайтып, «Кировец», «Essil», «Lovol», «Pottinger» брендтеріне қажет бөлшектерді шығаруға көшу.
Локализациялық орталықтың кеңсе ғимараттары, заманауи құрылғылармен жабдықталған әмбебап цехтары, сонымен қатар арнайы оқу орталығы, 100 орындық жайлы жатақханасы бар. Зауыт басшыларының айтуынша, мұның бәрі жұмысшыларға қолайлы жағдай туғызып, отандық өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Локализациялық орталық, біріншіден, тұтынушылардың арзан әрі жоғары сапалы өнімді сатып алуына мүмкіндік береді, екіншіден, кәсіпорын жұмысшыларының қолайлы жағдайда еңбек етуіне қол жеткізеді. Мамандар кешенді жоба алдағы уақытта импорт көлемінің едәуір кеми түсуіне ықпал ете бастайды деген пікірде.
Локализациялық орталықтағы өндірістік жобалар қазірдің өзінде Pöttinger, Deutz-Fahr, PKF Luidor секілді әлемге танымал компаниялармен және Қостанай трактор зауытымен бірлесе отырып жүзеге асырылуда. Бірлескен жоба жергілікті өнім саналатын «Lovol тракторлары» мен «Essil» комбайндарының отандық үлесін арттыруға мүмкіндік беріп отыр.
— Ешқашан тек ірі торапты құрастырумен ғана айналысамыз деген мақсат қойған емеспіз. Осыған орай, біз біріншіден, өндіріс ауқымын кеңейту керектігін, екіншіден, локализацияны тереңдету қажеттігін түсіндік. Локализациялық орталықтың ашылуы біздің кәсіпорынның қызмет көрсету аясын бірнеше есе кеңейтеді. Біз жаңа жоба жасау арқылы ауылшаруашылық техникасының отандық өндірісін түбегейлі өзгертетін жарқын келешекке қадам бастық, – дейді «АгромашХолдинг KZ» АҚ президенті Динара Шукижанова.
Зауыттың коммерциялық директоры Николай Пархоменконың айтуынша, жергілікті ауылшаруашылық тауарларын өндірушілер тарапынан отандық техникаға деген сұраныс жыл санап артып келеді.
— Сұраныстың жоғары болуының басты себебі – біз өзіміз шығарып жатқан трактор-комбайндардың техникалық мүмкіндіктерін жетілдіріп, модернизациялауға баса көңіл бөле бастадық. Бүгінде біздің өнімдер сапасы жағынан шетелдік техникаларға бәсеке бола алатын жағдайға жетіп қалды. Мұның сыртында, қостанайлық техника мен осында өндіріліп жатқан қосалқы бөлшектер импортты техника мен шетелден келетін қосалқы бөлшектерге қарағанда 2–2,5 есе арзан, – деді Н. Пархоменко.
Нарықта жоғары сұранысқа ие «Essil» комбайны мен «Lovol» тракторларын былай қойғанда, бүгінде шаруашылықтардың көбі Қостанай зауытынан енді ғана шыға бастаған «Deutz-Fahr» маркалы жаңа тракторлар мен комбайндарға қызығушылық танытып отыр. Былтырдан бері «АгромашХолдинг KZ» АҚ мен «SDF Group» компаниясы бірлесіп іске асыра бастаған ілкімді жобаның аясында биыл ауылшаруашылық техникаларын құрастыратын Қостанай зауыты 68 «Deutz-Fahr» тракторы мен осы сауда белгісіндегі 14 комбайн жасап шығарған.
Бетті дайындаған Маржан АЛПЫС, суреттер «АгромашХолдинг KZ» баспасөз қызметінен