Тың серпін береді

20 января 2023 16:24 • 564 просмотров

Мемлекет басшысы жетінші шақырылымдағы Мәжілісті тарату және РК Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 19 наурызға тағайындау туралы шешім қабылдады.

Енді мәжіліс депутаттарының 70 пайызы партиялық тізім бойынша, 30 пайызы бір мандатты округтерден сайланады. Аралас сайлау жүйесі бойынша 50-ден 50-ге қатынасы бойынша облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына да сайлау өтеді.

  • Ал аудандар мен облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарына сайлауда азаматтар бір мандатты округтердегі кандидаттарға ғана дауыс береді, — айтты Қостанай облысының 7-шақырылымының депутаты Қырмызы Жанбыршина. — Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде жаңарған депутаттар құрамы алдағы уақытта да сол форматта жұмыс істеп, еліміздің жан-жақты жаңғыруына тың серпін береді деп ойлаймын. Мен сондай-ақ сайлау процесінің инклюзивтілігін қамтамасыз ету жөніндегі жаңашылдықты – депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдерге, жастарға және ерекше қажеттіліктері бар адамдарға 30 пайыздық квотаны заңнамалық тұрғыдан бекітілуін қолдаймын. Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы мемлекеттік институттарды қайта жаңғыртудың соңғы кезеңі болады және «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын нақты мазмұнмен толтырады. Қазір аға буынмен қатар, жастардың да мемлекет өміріне белсене араласуы бұрынғыдан да маңызды. Баршаңызды азаматтық жауапкершілік танытып, Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауына белсенді қатысуға шақырамын. Әділетті Қазақстан үшін әрбір дауыс өте маңызды!