Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Мемлекет басшысы Қостанай облысына келді

26 января 2023 14:30 • 1 596 просмотров

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары барысында, ең алдымен, Рудный қаласындағы жылу құбырының жарылу салдарымен танысып, қалпына келтіру жұмыстарының барысы туралы өңір басшылығының баяндамасын тыңдады.

Қала әкімі Қуандық Испергеновтің айтуынша, қазіргі уақытта құбырлар ішінара қалпына келтірілген. Сондай-ақ топырақ төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкім жақын арада қалпына келтіру жұмыстары толық аяқталатынын мәлімдеді.

— Жалпы, еліміз бойынша да, осы облыста да жылу құбырлары апатты жағдайда тұр. Жағдай өте ауыр. Үкіметке бүгіннен бастап, әсіресе көктем және жаз айларында қысқы жылыту маусымына мұқият дайындалуды тапсырамын. Бұл – атқаратын басты міндет, себебі мұны созбалаңға салуға болмайды. Желілердің тозу деңгейі өте жоғары, 70, 80, кейбір жерлерде тіпті 90 пайызға дейін жетеді. Осы жұмыстармен айналысу қажет, – деді Президент.

Мемлекет басшысы жылу құбырының жарылуы салдарынан зардап шеккен Рудный тұрғындарымен кездесу барысында азаматтардың өміріне бұлай қауіп төндіруге болмайтынын айтты. Президент Қостанай облысы мен қала басшылығына жағдайды жедел қалпына келтіруді тапсырды.

— Құбырдың жарылғаны туралы хабарды тексеру үшін арнайы келдім. Жаңа ғана Үкіметке, облыс пен қала әкімдеріне осы мәселемен айналысуды тапсырдым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Үкіметке Рудныйдың әлеуметтік-экономикалық даму мәселелеріне ерекше назар аударуды тапсырғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев тұрғын үйлерге жылудың қайта берілгенін өз көзімен көру үшін Рудный тұрғындарының бірінің шақыруымен оның пәтеріне барды. Қала тұрғыны Олеся Геря жылу беру жұмысын жедел атқарғаны үшін барлық қызметкерге алғысын айтты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке және Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловқа барлық коммуналдық нысанның үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету ісін ерекше бақылауға алуды тапсырды.

Мемлекет басшысы Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Рудный қаласындағы «Жас-Қанат 2006» ЖШС-не қарасты құс фабрикасына барып, құс шаруашылығына заманауи технологияларды енгізу жөніндегі пилоттық жобаның жүзеге асырылу барысымен танысты.

Цехты аралау барысында Президентке компанияның қызметі туралы мәлімет берілді. Құс фабрикасында өндірілетін өнім еліміздің барлық өңірлерінде сатылады, сондай-ақ ТМД елдеріне экспортталады.

Кәсіпорын басшылығының айтуынша, цехтың қуаты жылына 260 миллион дана жұмыртқа және 500 тоннадан астам ет өнімдерін өндіруге жетеді. Былтыр 517 тонна ет және 199,1 миллион дана жұмыртқа өндірілді.

Мемлекет басшысына өндірістік қуаты сағатына 120 мыңнан астам жұмыртқа шығаруға жететін сұрыптау, өлшеу және маркерлеу цехындағы Nabel технологиясы көрсетілді. Сондай-ақ цехта құстарға жем-су беру жүйесін және ылғалды, жарық пен температураны қалыпты ұстап тұратын құрылғы орнатылған. Өндірістің автоматтандырылуы сегіз сағатта миллионға дейін жұмыртқа тасымалдауға және орауға мүмкіндік береді.

Президентке облыс әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің өнеркәсіптік және аграрлық әлеуеті жөнінде мәлімет берді. Атап айтқанда, Қасым-Жомарт Тоқаев ақ ауыл шаруашылығы саласындағы перспективті жобалармен танысты.

Осыдан кейін Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен әңгімелесті. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Президенті лауазымына қайта сайланғаннан кейін, ең алдымен, ауыл мен ауылдық аумақтарды дамыту туралы Жарлыққа қол қойғанын айтты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы мен ауылдарды дамытуға 1 триллион теңге бөлінетінін жеткізді. Оның пікірінше, Үкімет пен әкімдіктер бұл қаржыны өңір тұрғындарына барынша тиімді болатындай жұмсауы керек.

Президент «Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» (ССКӨБ) акционерлік қоғамына барып, Соколов кен орнының жұмысымен танысты.

Кәсіпорын қызметінің негізгі түрлері – темір рудаларын ашық және жер астында өндіру, құрамында темірі бар шекемтастар мен концентраттар және тауарлық доломит өндіру.

2022 жылдың қорытындысы бойынша 26 миллион тонна кен өндірілді, тауар өнімінің көлемі 10 миллион тоннадан асты.

Кен орнында Президентке «Еуразиялық топ» ЖШС-нің басқарма төрағасы Серік Шахажанов ыстық брикеттелген темір өндірісі жобасын және кен орнын басқарудың автоматтандырылған жүйесін таныстырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына «Соколов-Cарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің» Еуропаға экспорттайтын өнімдерін ұлғайту жоспары туралы мәлімет берілді.

Президент тау-кен өндіру секторы отандық экономиканың өсімін артыратын негізгі саланың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы тау-кен өндіру ісін дамытуға қосқан үлесі үшін кәсіпорын жұмысшыларына алғыс айтып, жұмыстарына табыс тіледі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында «Лисаковскгоркоммунэнерго» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнына қарасты жылу электр орталығына барды.

Мемлекет басшысына жылу орталығының жабдықталуы мен қаланың коммуналдық инфрақұрылымының қазіргі жағдайы жөнінде мәлімет берілді.

«Лисаковскгоркоммунэнерго» кәсіпорнының меншігінде Лисаков қаласын жылумен қамтамасыз ететін орталық қазандық және қалаға жақын Октябрь кентінде орналасқан екі блокты-модульды қазандық бар.

Лисаков қаласының әкімі Абай Ибраевтың айтуынша, жылу орталығы 1968–78 жылдары пайдалануға берілген. Орталықтағы су жылыту қазандықтары соңғы рет 2020 жылы күрделі жөндеуден өткен. Олардың орташа тозу деңгейі 51 пайызға жеткен. Сондықтан таяу жылдары су жылыту қазандықтарына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отыр.

Ал жалпы ұзындығы 112 шақырым жылу желісінің тозу деңгейі 41 пайызды құрайды. 2012 жылдан бері «Шағын және моноқалаларды дамыту» бағдарламасы аясында жылу желілерінің инфрақұрылымына қатысты 8 жоба жүзеге асқан. Соның нәтижесінде тозу деңгейі 7 пайызға қысқарып, 41 пайызға дейін төмендеген. Соңғы бес жылда жылу құбырларындағы апаттар саны екі есе қысқарған. Қала әкімінің айтуынша, алдағы уақытта жылу желісі мен қаланың басқа да коммуналдық инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары жалғасын табады.

Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының стратегиялық маңызы зор екеніне назар аударып, қала мен облыс әкімдеріне жылыту маусымына дайындық мәселесімен жүйелі түрде айналысуды тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға жұмыс сапары барысында Лисаков қаласындағы балаларға арналған «Алақай» отбасылық демалыс орталығына барды. Мұнда балаларға арналған батут орталығы, тұз шахтасы, сондай-ақ әртүрлі ойын-сауық, демалыс орындары қарастырылған. Орталық директоры Любовь Захарова ұзақ жылдар бойы білім саласында еңбек етіп келе жатқанын және өзінің жеке кәсібін 2014 жылы 180 балаға арналған жекеменшік «Балақай» балабақшасын ашудан бастағанын айтты. Қазір «Алақай» орталығы жанынан аквапарк құрылысы жүріп жатқанын, келешекте өрмелеу алаңы, жазғы лагерь секілді жобаларды жүзеге асырғысы келетінін жеткізді.

Мемлекет басшысы кәсіпкердің ойын құптайтынын айтып, кәсібіне табыс тіледі.

— Сіз өте дұрыс кәсіппен айналысып жатырсыз деп ойлаймын. Лисаков қаласының, жалпы алғанда, жағдайы жақсы. Бұл орайда бұрынғы қала басшыларының да, сіз сияқты қала тұрғындарының да сіңірген еңбегі зор. Әрине, бұл – өте табысты кәсіп болмағанымен, халықтың қажеттілігіне бағдарланған бизнес. Сондықтан қала және облыс басшылығы сізге қолдау көрсетеді деп үміттенемін, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ұзақ жылдар бойы білім беру жүйесінде адал еңбек етіп, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне елеулі үлес қосқаны үшін Любовь Захарованы Қазақстан Республикасы Президентінің Алғыс хатымен және «Алтын барыс» төсбелгісімен марапаттады.

Президентке Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов таяу жылдары Қостанай қаласында Үстел теннисі орталығы, ал сегіз ауылда дене шынықтыру-сауықтыру орталығын салу жоспарланып отырғанын баяндады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев орталықта Қостанай облысының белсенді жастарымен әңгімелесті.

Лисаков қаласындағы № 4 мектептің 11-сынып оқушысы, жүзуден Қазақстанның спорт шебері Дмитрий Энес Президентке жетістіктері мен арманы туралы айтты.

— Бала кезімнен спортпен айналысып, жақсы нәтижелерге жеттім. Қазақстан чемпионатында жеңіске жеттім. Ұлттық құрамының сапына алындым. Францияда өткен 19-шы Дүниежүзілік гимназиадада чемпион атандым. Ал былтыр желтоқсан айында Грекияның Салоники қаласындағы халықаралық турнирде күміс медаль иелендім. Келешекте әлемдік додалардың жеңіс тұғырында Қазақстан туын мақтанышпен көтергім келеді, – деді Дмитрий Энес.

«Sanaly urpaq-2050» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрбек Әбдібеков азаматтық қоғамның дамуына айрықша көңіл бөлгені үшін Президентке алғыс айтты. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өзекті мәселелер көтеріп, шешім қабылдау процесіне белсенді араласа бастағанын мәлімдеді.

«Serviсe trаde Company» ЖШС директоры Сергей Старков бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету бағдарламасы аясында екі түрлі кәсіп ашып, бірнеше адамды жұмыспен қамтығанын атап өтті. Ол таяуда іске қосылған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайыз микрокредиттеу бағдарламасы жастар үшін айтарлықтай қолдау екенін, егер ниет болса, шағын елді мекендерде де шаруаны дөңгелетіп, ірі жобалар жасауға болатынын айтты.

— Шын мәнінде, өзіңнің қарым-қабілетіңді көрсетіп, халықтың игілігіне жұмыс істеп, ел дамуына үлес қосу үшін үлкен қалада тұру шарт емес. Лисаков басқа моноқалалармен салыстырғанда әлдеқайда таза, жинақы екенін әлгінде айттым. Кәсіппен, пайдалы іспен айналысу арқылы бұған сіздер де зор үлес қосып жүрсіздер. Осындай қалаларды дамытуымыз керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы елімізде осындай еңбекқор, ұқыпты, білімді жастардың көп болғанын қалайтынын атап өтіп, мемлекет жастар саясаты мен азаматтық қоғамды дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлетінін жеткізді.

Президент Қостанай облысына жұмыс сапары аясында Allur автомобиль зауытына барды. Қасым-Жомарт Тоқаевқа кәсіпорын жұмысы таныстырылып, алдағы жоспары баяндалды.

Зауыт басшылығының айтуынша, былтыр 614,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылы зауыт құны 21,5 миллиард теңге болатын өнім экспорттады. Кәсіпорында 2 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

Allur автомобиль зауытының жаңадан іске қосылған желісі Kia Sportage моделіне арналған. CKD – шанақтарды дәнекерлеу, бояу және құрастыру жөніндегі технологиялық жұмыстарды жүзеге асыратын шағын торапты автомобиль өндірісі. Ол үшін арнайы цехтар ашылған. Kia өндірісінің осы технологиялары Орталық Азия мен ТМД бойынша Қазақстанда ғана орналасқан.

Президент зауытты аралау барысында жас жұмысшылармен әңгімелесіп, оларға қолдау білдірді.

— Шын мәнінде, зауыт өте керемет екен. Таза әрі өндіріс мәдениеті өте жоғары. Біз жаңа ғана Кіа Sportage көлігін көрдік. Бұл көліктің сапасы өте жоғары. Сондықтан сұраныс жоғары болады деп ойлаймыз. Біз келешекте инвесторлар шақырып бұл зауытты ұлғайтамыз. Зауыттың болашағына байланысты ешқандай мәселе жоқ деп ойлаймын. Жастарға үлкен мән беріп отырмыз. Сондықтан бәрі дұрыс болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Зауыт өкілдері биыл Kia Cerato шығаратын CKD желісін іске қосу жоспарланғанын атап өтті. Сондықтан компания техникалық бағыттағы оқу орындарымен тұрақты жұмыс жүргізуді бастаған. Осы ретте кәсіпорын басшылығы техникалық оқу орындарының студенттері мен түлектеріне арналған 250 орындық кампус үлгісіндегі жаңа заманауи жатақхана құрылысының басталғанын мәлімдеді.

Kia Corporation президенті және бас директоры Хо Сун Сон бейнебайланыс арқылы шараға қатысып, автомобиль жасау саласындағы Қазақстан-Корея ынтымақтастығының маңызын атап өтті.

— Біз Қазақстан нарығы үшін ашылып жатқан болашағы зор мүмкіндіктерге ризамыз. Қазақстан экономикасы кең ауқымда және жылдам дамып келеді. Нарықтағы бизнесіміздің әлеуеті мол екенін көріп отырғандықтан, мен осы мүмкіндікті пайдалана отырып, ел басшылығына жеке бизнесті дамытқаны үшін алғыс айтқым келеді. Біз бұл үлкен істің бастамасы ғана деп сенеміз, – деді корпорация басшысы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жүзеге асырылып жатқан 3 жоба мен болашақта қолға алынатын басқа да инвестициялық бастамалар туралы баяндады.

Орындалып жатқан жобалардың алғашқысы – темір құю цехының құрылысы. Биыл іске қосылатын кәсіпорында 300 тұрақты жұмыс орны ашылмақ. Оның құны – 78,2 миллиард теңге. Жылына 45 мың тонна құйма құятын жоба инновациялық өнім көлемін 8 пайызға ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Жүзеге асырылып жатқан екінші жоба – жүк көліктерінің бөлшектерін шығаратын зауыттың құрылысы. Кәсіпорын 2 жылдан соң іске қосылады. 360 адамға тұрақты жұмыс орын ұсынатын жобаның құны – 82,5 миллиард теңге.

Бетті дайындаған Маржан АЛПЫС, Суреттер ҚР Президентінің баспасөз қызметінен алынды