Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Батырланның ер ісі –Тәуелсіздік жемісі

6 февраля 2023 10:00 • 499 просмотров

«Елу жылда ел жаңа» дейді халқымыз. Бұл енді бұрынғының өлшемі, қазір ғалам ертегінің батырындай есейіп, жыл сайын, керек десең күн сайын  келбеті өзгеруде.

Әріге бармай-ақ, бір ғана мысал келтірсек, осы отыз жылда тұрпаты мүлдем бөлек жаңа буын өсіп шықты. Тәуелсіздік ауасымен тыныстап өскен толқынның алды орда бұзар жасқа жетті. Оларға артылар үміт те көп, сенім де мол. Құдайға шүкір, әр салада адал еңбегімен табысқа жеткен, сол арқылы құрметке бөленген, халқының көзіне ілініп, көңілге қуаныш ұялатқан, «міне, Тәуелсіздіктің жемісі» деп мақтанып айтарлықтай жастарымыз жетерлік. Солардың ішінен ақын, ғалым Батырлан Сағынтайдың есімін ерекше екпін қойып айтар едім.

Батырлан Жұмабайұлы Сағынтай 1994 жылы 27 қаңтарда Амангелді ауданы, Есір ауылында туған. 2011 жылы елді мекендегі Н.Мейірманов атындағы мектепті үздік бітіріп, АрМПИ-дің филология және педагогика факультетіне құжат тапсырады. Тағдырдың сыйы болар, талапты ұлан талантты ақынға тап келді. Ол мұнда айтыстың ақтангері, филология ғылымдарының кандидаты Айбек Қалиевтен тәлім алды. Торғай ақындық мектебін зерделеп жүрген ақын, ұғымтал шәкіртке темірқазық бағыт сілтеді. Батырлан ақындықпен қатар ғылымға ден қойды. Құнарлы топыраққа түскен дән көп өтпей жемісін бере бастады. Айтыста түйдек-түйдек теңеулері тыңдарманын еріксіз тамсантты, кейде қаршадай ғана ақынның қарша бораған құнарлы шумақтарын көпшіліктің «қорыта алмай» жатқанын да көргеніміз бар. Ал, ұстазымен қоса шапқан талантты шәкірт ғылымда қолтығын жазып көсілді, құлашын кеңге сілтеді. Жоба авторы Айбек Қалиевтің жетекшілігімен студент күнінде «Торғай ақындарының антологиясының» үш томдығын құрастыруға қомақты үлес қосты. Әрбір томның артында оның көз майын тауысқан зор еңбегі жатыр.

Институтты тәмамдаған зерделі жас 2015 жылы Арқалықтағы Дала өлкесі тарихы облыстық музейінің ғылыми қызметкері болып жұмысқа орналасты. Бұл жерде ол тура мағынасында «алтын шыққан жерді белден қазды». Алматы, Астанадағы ұлттық қорды қотарып, мұрағатта шаң басып жатқан құнды мұраларды оқырманмен қауыштырды. Ескіше, араб әрпімен таңбаланған материалдарды тауып алып, өз қаражатына тәржімалатқанын білемін. Бұл енді оның ғылымға, әдебиетке адалдығы!

Талапты ғалым тек ақындардың өлеңдерін зерттеумен шектелмеді. Тобыл-Торғай атырабынан өткен би-шешендердің өмірі мен өнегелі сөздерін жинақтады. Нәтижесі – «Билер мұрасы — бітімгерлік бастауы», «Ескі сөз ел мұрасы» атты қалыңдығы сере болатын қос кітап. Мұнда жүзден астам тарихи тұлғаға қатысты деректер топтастырылған.

Бұдан бөлек ол «Тобыл-Торғай әуені» деген атпен Тобыл-Торғай өңірінің өнерпаздарының дәстүрлі ән мен күй мұраларын жинақтап, кітап қылып шығарды. Осыншама қыруар жұмыс істей жүріп «Арқалық тарих толқынында» әдеби альманағын құрастыруға уақыт тапты (жоба жетекшісі – Д.Қиқымов). Биыл Батырлан Халық ақыны Сәт Есенбаевтың шығармаларын екшелеп, 530 беттен тұратын көлемді кітапты жарыққа шығарды.

«Батырлан бүгінде жалғыз өзі бір ғылыми институттың жұмысын атқарып жатыр. Оның ізденімпаздығының арқасында талай құнды материалдар ғылыми айналымға еніп, көптеген асылдарымыз қайта тірілді. Ғылыми жұмыстармен қатар, мәдени шаралардың да бел ортасында жүреді. Кейкі батырдың тойында республикалық мүшайрада бас жүлде алып, айтысында өрнекті өнер көрсетті. Жазба айтыстың да бірнеше мәрте жүлдегері. Биылғы Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына арналған республикалық айтыста кілең от ауызды, орақ тілді сөз сүлейлерімен сайысқа түсіп, жүлделі екінші орынды жеңіп алды. Облыста өтетін беделді шараларға белсенді үн қосып, әділ қазы болудан да қашқан емес. Облыстық айтыстардың ол қатыспағаны жоқ. Батырлан Сағынтаев – Тәуелсіздік жылдары өсіп шыққан өнерлі өрендердің бірегейі. Оның мәдениетке қосқан үлесі өлшеусіз», — дейді Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Ел сенімін арқалаған ақын артылған жүкті ауырсынбай көтере біледі. Мәселен, Қостанай облысындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау комиссияның белді мүшесі. Батырлан соңғы жылдары 1929 жылғы Батпаққара көтерілісіне қатысқан жүздеген, мыңдаған боздақтың атын таспаға түсірді. Кешегі Кеңес үкіметі кезінде «бүлікке» бағаланған оқиғаға Тәуелсіздік тұрғысынан баға беріп, ақтаңдақтарды аршып алды. Тек мұнымен ғана шектелмей, архивтерді ақтарып, тарихымызды түгендеуді тоқтатқан емес. Нақты дерекке құрылған, танымдық құндылығы мол мақалалары республикалық басылымда жиі жарық көріп жүр.

Батырланның феномені – құймақұлақтығы. Оқығанын жадына тоқып, зердесіне құйып алады. Тұнық та тұма бұлақтан сусындаған жады ғалым, жаны ақын жігіт, өлең өлкесінде де өндіре жазды. Жас ақынның «Шер дүние» атты толғау-дастанын қазақ поэзиясының соңғы отыз жылдағы үлкен табыстарының біріне жатқызар едім.

Бісміллә рахман-рахим жырдың басы,

Жаратқан Хақ Мұстафа нұрдың досы.

Сиынып дәргаһыңа сөз бастаймын,

Имансыз қашаннан-ақ діннің қасы.

Көрсетсең қаһарыңды қайда бармас,

Құбыладан соққан желмен құлдың басы.

Тамдырсаң мейіріміңнің тамшысынан,

Алғұй шөл болар абат Ніл жылғасы.

Дәуіріңнің дәстүрімен жарассаң да,

Дүниенің болған жан жоқ шын құрдасы.

Өтіпті сайыпқыран неше саңлақ,

Бейопа сұм жалғанда кім мұңдасы.

Қызығың қызғалдақтай солмай тұрып,

Қызыл тіл, қызымет қылып бір жырлашы.

Кешегі көшелі өткен ерді айтайын,

Келгенде сөз бедері, тілдің нәші, — деп басталатын дастан Кенесары-Наурызбай заманының зарын шертеді. Көлемді поэманы оқығанда құлағыңа қылқобыздың сарыны келетіндей. Көз алдыңда төрт аяғын тең басқан тайпалған жорға-жыр құйрық-жалы суылдап, жер танабын қуыра жөнеледі. Еріксіз риза болып, «тымақты алшы кигендей» шалқаясың. Мұны жазған түбіт мұрт жас жігіт емес, ақсақалды қария сынды. Батырланның жырын оқып,  «тіліміз құрыды, жастардың тілі жұтап барады» деген байбаламның орынсыз екеніне сенесің. Мәселе ынтада деген ойға келесің.   

«Теңіздің дәмін тамшыдан біл», жоғарыда бір үзігі байқатқандай, ол кең тынысты эпик ақын. Қалам ұстаған қауымның өкілі ретінде қазіргі жас ақындар ішінде тап Батырландай тілі шұрайлы, тың теңеу, терең ойлы шайыр аз деп қорықпай айта аламын.

Торғай танабын дүбірлеткен дүлділдердің тағдырын деректі дастандарға айналдыра білген Батырлан лирикада керемет сыршыл.

«Жаз күнді жыраққа қалдырып,

Емініп күз ерте қашты алға.

Қоштасқан жанарды талдырып,

Қаз қайтып барады аспанда.  

Күзгі әуен (бақтарда) жел ұлып,

Жатқанда табиғат тұнжырап.

Жапырақ – көз жасы төгіліп,

Жабырқау жас талдар тұр жылап.  

Таяу кеп таңдарға екінді,

Қарғаумен уақыт мыстанды,

Үзілген жапырақ секілді

Күндердің ғұмыры қысқарды.  

Мың түспен жыр жазған сиямдай,

Дүние бояулы қалпында.

Күндерін күз өксіп қия алмай,

Дидарын бөледі алтынға.  

Қабағың қайғыдан құлай ма?

Өмірде өткінші бәрі де…

Күндерің өтсе, күз, мұңайма!

…өтеді күндерің әлі де.  

Үзілген жапырақ тәрізді,

Төменге сырғыған ғұмыр бұл.

Кім тыңдар біз айтқан арызды,

Дәруіш-жел ғана ұлып жүр…» — деп бозбала-шайыр табиғатпен мұңдасып, қайтқан құспен сырласып, мұңаяды. Иә, өзі айтқандай, оның қаламы мың түсті. Өйткені, онда тілдің құнары, ойдың мөлдірі, ниеттің ізгілігі, өмірге деген іңкәрлік, ғаламды, адамды сүйген жүректің лүпілі бар. Бәрі қосыла келгенде құдіретке айналып, қауырсын-қаламының сиясы тамған жер мың  бояумен құлпыра жөнеледі.    

Осындай сан қырлы саңлақпен тізе қосып жұмыс істеу де бір бақыт. Жоғарыда айтылған «Билер мұрасы – бітімгерлік бастауы» жинағын бірге құрастырдық. Сонда өзімнен мүшел жас кіші жігіттің соншалықты зерделі, ұғымтал, білімдардығына куә болып, еріксіз таңғалған едім.  

Кезінде ұлт көсемі Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы Алаш мұраты жолындағы қанаттасы Міржақып Дулатұлына арнап «ой, пікір, рухымыз жақын інім» деп жыр арнапты. «Қостанай таңы» газеті ұйымдастырған жазба айтыста  Ахаңша «ағалық правосын қолыма алып», Батырлан бауырымның болмысын бірер шумақ өлеңмен сипаттаған екенмін. Сөз орайы келгенде қоса кетсем айып болмас.

«…Ту қылған ақиқатты талапкер ек,

Тәлім ап Айбек сынды арлы ақыннан.

…Дірдектеп талайлардың тілерсегі,

Өзіңдей сескенетін саңлақ ұлдан.

Биікте бауырыңды бұлтқа жуған,

Бірі едің ақиықтың алға атылған –

Айтысса аламаннан суырылып,

Жазбада жүлде бермес «жамбы атудан».

Құладай құлақ түбін тер қылмайтын,

Танбадың мәре түбін шаңдатудан…  

Ақын ең Арқалығың сенім артқан,

Екшелеп жазғаныңды ел ұнатқан.

Торғайдың түп тарихын терең қазып,

Кеудеңнен алтын-көмбе кенің аққан.

«Сейіттен кейінгі бір биігім» деп, Сыртыңнан етуші едім сені мақтан!», – деп өріліпті ініге деген ілтипатымыз.

«Сүйер ұлың болса сен сүй, сүйінерге жарар ол» дейді Абай. Батырлан –сүйінуге де, сүйенуге де тұрарлық азамат. Ерен еңбегімен ғана емес, елпілдеген, елгезек қалпымен де құрметті. Қаламы өнікті шайырдың бүгінде «Қосбасар» атты жыр жинағы қатталып, өндіріске енуге әзір тұр. Қостанай облысына қомақты олжа салған саңлақтың жеке кітабы жарыққа шықса, нұр үстіне нұр болар еді. Тәуелсіз еліне талмай қызмет етіп келе жатқан өренді қолдамағанда кімді қолдаймыз?!

Айтқандай, Батырлан таяуда ғана қызметін ауыстырып, Арқалық қаласы әкімдігінің Тілдерді оқыту орталығына әдіскер болып жұмысқа орналасты. Әр іске ұқыпты, сауатты да жауапты қарайтын маманның бұл қызметті де ұршықша иіріп әкетеріне кәміл сенеміз! Ісі ілгерілеп, еңбегі еленіп, беделі биіктеп, абыройы арта берсін деп тілек білдіргіміз келеді!

Абылай Мауданов, ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі