Қостанайдағы «Жас-Қанат 2006» құс фабрикасы жылына 250 млн жұмыртқа өндіреді. Кәсіпорын өнімдері облыс аумағынан тыс Астана, Алматы қалаларында да саудаланады. Сондай-ақ, Ресей мен Ауғанстанға экспортталады.
Фабрика соңғы 2–3 жыл ішінде бизнесті әртараптандыру мақсатында жұмыртқамен қатар, құс етін де өндіре бастаған. Кәсіпорын 2021 жылы «Poultry-Agro» ЖШС бройлерлік құс фабрикасының инвестициялық жобасын қолға алып, жұмысы тоқтап тұрған «Комсомол құс фабрикасын» қайта жаңғыртуға келтіруге кірісті. Бастапқы кезеңде бұған 5,8 млрд теңге инвестиция салған кәсіпорын бүгінде жылына 7,5 мың тонна бройлер етін өндіріп отыр. Өндіріс ошағы 283 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Фабрикадан шығып жатқан құс еті бүгінде үлкен сұранысқа ие.
– «Poultry-Agro» серіктестігін екі бағытта дамытуды көздеп отырмыз. Біріншіден, өндірістік қуатты жылына 12,5 мың тоннаға дейін арттыру жоспарда бар. Одан кейін дәнді және майлы дақылдарды өсіру үшін өзімізге тиесілі егіс алқабын 10 мың гектарға дейін ұлғайтуды жоспарлап қойдық. Бұл кәсіпорынды жем-шөп базасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Ресей Федерациясының бірқатар облыстарындағы қолайсыз эпизоотиялық жағдайға және шекараның жабылуына байланысты мекиендерді тірідей әкелу, құс өнімдерін тасымалдау мүмкін емес. Сондықтан, қазіргі уақытта «Poultry-Agro» ЖШС және басқа да құс фабрикаларын балапанмен қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып тұр, – дейді «Жас-Қанат 2006» ЖШС Бас директоры Қайрат Маишев.
Кәсіпорын басшысының айтуынша, «Poultry-Agro» серіктестігі облыс тұрғындарын шөжемен қамтамасыз ету үшін осы саладағы өзге де кәсіпорындармен бірлесіп, Қарабалық ауданында инкубатор салуды жоспарлап отыр. Құны 2,2 млрд теңге болатын жоба жүзеге асырылса, жылына инкубатордан 8 млн балапан басып шығаруға болады. Инвестициялық жоба өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да оң әсерін тигізбек. Мәселен, жаңа инкубатор іске қосылса, елуден астам жаңа жұмыс орны пайда болмақ. Мұның сыртында, жергілікті бюджетке жылына шамамен 250 млн теңге салық төлемдері түсіп отырады. Өңірдің іскерлік белсенділігі артады әрі «Poultry-Agro» ЖШС-ін бройлер балапандарымен қамтамасыз етіп отыратын болады.
«Жас-Қанат 2006» ЖШС алдағы уақытта жұмыртқа ұнтағын шығаруды да көздеп отыр. Бұл өнімді ұзақ сақтауға болады. Тасымалдауға ыңғайлы. Жаңа өндіріс жұмыртқаға сұраныс төмендеген жағдайда кәсіпорынның шығындарын азайтуға мүмкіндік беріп, экспорттық әлеуетін арттыруға септігін тигізеді.
Құс фабрикасы қолға алмақ тағы бір тың жоба – келешекте тауықтың көңін қайта өңдеу өндірісін жолға қою көзделіп отыр. Кәсіпорын басшысының айтуынша, қоқысты компостау үдерісін жеделдететін жаңа биологиялық өнімдерді қолдана отырып, құс көңін органикалық тыңайтқышқа айналдыру – топырақтың құнары мен өнімділігін 35–40 пайызға арттырады екен. Сондықтан құс фабрикасы келешекте құс шаруашылығы қалдықтарын қайта өңдеуге арналған биогаз қондырғысын салуды жоспарлап отыр. Кәсіпорын өндірістік қалдықты қайта өңдеп, одан электр энергиясын алуға мүдделі. Бұл жоба қалдықтарды кәдеге жарату, сондай-ақ, «жасыл технологияны» дамыту тұрғысынан маңызды.
Бүгінде фабрикада жұмыртқа өндіру көлемі отыз бес есе өскен, құстың ұясы он төрт есе, яғни, 10 мыңнан 1,4 млн дейін ұлғайған. Ал ет өндірісі он бес есе, жұмыс орындарының саны бес есеге дейін артқан. Құс фабрикасы өнімдерінің 50 пайызы сыртқа экспортталады.