Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ардақты адам

19 февраля 2023 10:00 • 827 просмотров

Осыдан 20 жыл бұрын дүниеден өткен Амангелді ауданы Амангелді жалпы білім беретін мектебінің химия пәні мұғалімі Бекенова Гүлнар Ескенқызын сағынышпен еске аламыз.

Небәрі 49 жасқа қараған шағында облысқа педагогикалық еңбегімен, жан-жақтылығымен танылған химия пәнінің мұғалімі Гүлнар Ескенқызы өмірден өтті…

Гүлнар апайдың өмірден озғанына биыл 20 жыл толыпты. Күні кеше ғана ортамызда жүргендей еді. Отбасының алтын діңгегі, асыл ана, аяулы да, ардақты ұстаз, білікті маман, ел мақтанышы, оқушылардың сүйікті ұстазы 4 баланың анасы Гүлнар Ескенқызы Бекенова бүгінде тірі болса 68 жасқа толар еді. Амал қанша, адам өмірге бірақ рет келіп кетеді. Табиғат заңы қатал-ақ! Осындай ұлағатты ұстазымыз 49 жасында дүниеден өтіп кете барды. Өкініштісі сол, кенеттен, ойда жоқта сұм ажал келді де алып кетті.

Гүлнар Ескенқызы өзінің ұстаздық жолында көптеген шәкірттерге сапалы білім мен саналы тәрбие берумен қатар, қаншама түлектерді ұшырып, елеулі еңбектер атқарды. Ең алғаш маған химия пәнінің әліппесін оқытқан және осы пәнді 8-сыныптан 11-сыныпқа дейін игертіп, сапалы білім берген Гүлнар Ескенқызы болатын.

Ардақты ұстаз, аяулы ана Гүлнар Ескенқызы өзінің аз ғұмырын педагогикалық қызметке, ұрпақ тәрбиелеу ісіне, халқымыздың болашағына арнады. Апай сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болды. Гүлнар апайдың бойында ақындық қабілет, өлең жазу сияқты дарындылық қасиеттер бар болатын.

Ұстаздың сүйікті ісі қонақ күту, наурыз көже жасау, тігін тігу еді. Гүлнар апайым Қостанай институтында оқып жүргенде көркем-өнер үйірмелеріне қатынасып, өнер жолының қыры мен сырларында химия-биология мамандығымен қоса меңгере білген талантты ұстаз еді. Осы өнерін Гүлнар Ескенқызы өз қызметі барысында қолдана білді. Өз бойындағы асыл қасиеттерді оқушыларға үйретуден еш аянбады. Жақсы ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында ұстаз түрлі сала бойынша жұмыс атқарды. Ұстаз тек қана ұстаз болып қалған жоқ. Ол мектептің барлық іс-шараларында жақсы ұйымдастырушы, жақсы басшы, жақсы тәлімгер бола білді.

Ұстаздың әр сабағы қызықты да, мәнді, тағылымға толы өте жақсы сабақ болып өтетін. Мұғалім сабағында ешқандай оқушы шуламақ түгілі, қозғалмайтын. Бұл мұғалімнің сабақ берудегі кәсіби шеберлігі мен оқушыларды өз пәніне қызықтыра білуі, сабақтарының жоғары деңгейде өтетіндігінің айғағы. Бір жағынан мұғалім сабақта оқушының көп қозғалыс жасап, басқа нәрсемен айналысып отыруына да жол бермейтін, себебі мұғалім өз сөзін бөлгенді, сабақ түсіндіруде көңілін басқа жаққа аударуды, сабаққа кедергі келтіргендерді ұнатпайтын. 45 минут сабағын тек қана жан-тәнімен, оқушының сол сабақты миына құйып, түсініп кетуіне жағдай жасайтын, нағыз өз пәнінің шебер маманы болатын. Сондықтан да болар, біздер апайдың сабағын жақсы көріп оқып, өте жақсы деңгейде түсініп меңгеретінбіз.

Гүлнар Ескенқызының сабақ беру беру үдерісі өз басыма ғана емес, барлық оқушыларға да, мұғалімдерге де қатты ұнайтын.

Гүлнар апай әр оқушыны өзіне жақын тартып, өз пәніне қызықтыра алатын. Мен өз басым 8-сыныпқа дейін қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқып, сол пәннен түрлі сайыстарға қатынасып жүрдім. 8-сынып оқығанда бізге жаңа пән химия пәні қосылды. Бұл пәннен бізге Гүлнар апай сабақ беретін болды. Апайдың алғашқы сабағынан бастап, мен ол кісіні бірден ұнатып ұстаз ана ретінде жаныма жақын жандардың бірі болып қатты жақсы көріп кеттім. Химия пәнін де ерекше қызығушылықпен оқып кеттім.

Гүлнар апай химияның әр сабағын қызыққа толы өткізетін, жасаған тәжірибелерінде апайды сиқыршы сияқты көретінбіз, себебі, әр сабақтарында сиқырдай бір зат пайда болып, бір зат зым-зия жоғалып жататын. Бұл бала кезде біздерге өте қызық болатын. Сол кезде осы пәнді «сиқырға толы қиял ғажайып пән»- деп санайтынмын. Осындай өзінің қызықты да, мәнді, сапалы сабақтарының арқасында мені Гүлнар апай өз пәнінің икемді, білімді оқушысы етіп таңдап алды. Сол уақыттан бастап мені және менен үлкен 9-сыныпта оқитын әпкем Гүлшат екеумізді өз баласындай жақсы көріп, жаны ашып, үнемі көмектесіп, оқытып, әр түрлі химия пәні бойынша болатын сайыстар мен пән олимпиадаларына дайындап қатыстыратын. Біз апайдың дайындаған еңбегін ақтап, аудандық, облыстық сайыстардан жүлдемен оралып, ұстазымызды қуантатынбыз. Сол кезде Гүлнар апайымыздың әпкем екеумізге үнемі айтып жүретін өсиеті: «екеуіңнің біреуін менің жолымды қуып, менің ізбасарым болып, мен сияқты химия пән мұғалімі болып, менің еңбек жолымды жалғастырсаңдар арманым болмас еді, сендей шәкірттерді дайындағанымда еңбегімнің еш кетпейтініне сенемін»-деп, үнемі айта беретін. Міне, бүгінде апайымның жолын қуып, айтып кеткен өсиетін, арманын орындап, ізбасары ретінде апайдың еңбек жолын жалғастырып келемін. Бұл мен үшін ұстаз алдындағы шәкірттік борышымды орындағаным деп білемін. Себебі, мен еліктеп өскен, маған ерекше сапалы тәрбие мен білім берген Гүлнар Ескенқызы айрықша жан болатын. Ұстаз есімі ғана емес, оның елеулі еңбегі менің мәңгілік жадымда……

Ең қымбат тіршілік қой бұл жалғанда,

Бақыт сол – ұрпақ өсіп, із қалғанда.

Ұмытпаймыз есіміңді еске алумен

Мәңгілік тірі жүрген адам бар ма?…

Бар өмірін ұстаздық жолында шәкірттерге білім мен тәрбие беруге арнаған Гүлнар Ескенқызы барша ұстаздар мен шәкірттердің жүрегінде мәңгі сақталмақ. Осыдан 20 жыл бұрын мектебімізде Гүлнар Ескенқызын еске алу мақсатында апайдың туған күні қарсаңында 24 наурызда «Жадымызда тұрар мәңгі нұр бейнең» атты еске алу кеші өткен болатын. Еске алу кешіне апайдың отбасы, достары, туған-туыстары мен шәкірттері қатынасып, Гүлнар апайды үлкен сағынышты сезіммен еске алып, көзге жас алған болатынбыз. Одан кейін де ұстазымызды жыл сайын еске алып, құран бағыштап, аруағы риза болсын деп, әрдайым есімізге алып, үлгі тұтып дәріптей білдік. Себебі, Гүлнар апай менің өмірімдегі ең жақын анамдай болған ардақты ұстазым бола білген бағалы жан. Мен тек ол кісінің жолын қуып, химия пәні мұғалімі болып ғана қоймай, апайдың бойындағы ақындық қасиетін де бойыма сіңіріп өстім. Сол себепті де, әлі күнге дейін сүйікті ұстазыма: «өзімді өзіңізге ұқсап баққан жанның бірімін, сіздің бойыңыздағы ұстаздық жолыңыз ғана емес, ақындық қасиетіңіз де айнымастай тура маған дарығанын айтсаңызшы… «-деп дауыстап тұрып айтқым келеді…

Құрметті де, аяулы, ардақты ұстаз биылғы өзіңіздің туған күніңіз қарсаңында өзіңізді сағынышпен еске ала отырып сіз сияқты мен де өзіңізге ақындық шабытымды оятып мына өлең жолдарын сағынышпен арнағым келеді.

Ана едің, ұстаз едің ардақты

Ізіңізді шәкіртіңіз жалғады

Қызметіне жанын салып қарайтын

Гүлнар апай ұйымдастырушы жан-жақты.

Балалардың қамқоры едің тірегі

Өзіңізге ұзақ ғұмыр жазбапты

Өмір деген бір қуаныш, бір қайғы

Дүние жалған, сондықтанда жан тәтті

Жаны жайсаң, жанары жарқылдаған,

Жігерлі еді, қайраты сарқылмаған.

Өзіңіздей ұстазды сағынамыз

Жаны жайсаң, ақ ниет аңқылдаған.

Ақ алмастай жарқырар жар асылы,

Ұстаз едіңіз салмақты, жарасымды

Аналық абыроймен тәрбиелеп,

Болдыңыз шәкірттердің жанашыры

Бәрін-дағы ақылменен жеңетін

Ұстаз болды көп нәрсені білетін

Еңбектеріңіз үлгі әрдайым біздерге

Өзіңізді бәрі жақсы көретін

Еш оқушы сабағында шуламайтын

Тып-тыныш оқушы да қозғалмайтын

Әр сабағы қызықты мәнге толы

Ата-ана да, шәкірттерде бағалайтын.

Өзіңсіз сүйікті ұстаз құдыретім

Әр сабағын мұқият түсіндіретін

Өмірден өткеніне 20 жылда

Еске алып сағынышымды білдіремін.

Өзіңізді еске алып сағынамын

Өлең жазып, өзіңізге жыр арнадым

Сіз жайлы айтар ой көп, бүгін міне

Жолыңызды бүгінде мен жалғадым

Пейіш болып мекенің

Жәннаттың дәл төріндей

Жұлдызға сізді теңеймін

Сіз барда шалқар көл едім

Ұстаз болдыңыз анамдай

Ақылшым бағым сіз едің

Сіздің жолды жалғап мен

Ұстаз болып келемін

Өзіңіз айтқан өсиетті

Орындап бүгін келемін

Сағыныш мұңды сан арман

Көп жаңбыр төктік жанардан

Балаларыңыз есейді

Аман-есен ақ ордаң

Өмір деген тұлпар арқырап

Тұрады көзді тартып-ақ

Төрт ботаң жүр сағынып

Тірі жүрсеңіз бүгінде

Жүруші едіңіз жарқырап

Дүние жалған өттің –ау

Түбіне ажал жеттің-ау

Қызықтарын бала – шағаның

Көре алмай жастай кеттің-ау

Алла өзіңе жар болып

Пейіште болсын тұрағың

Нұрға толып қабірің

Қызыр болсын мейманың

Адамнан пейіл кетпесін

Жамандық хабар жетпесін

Ешбір жан енді өмірден

Мезгілсіз ерте кетпесін.

Кәмшат Әбдікова, Амангелді жалпы
білім беретін мектебінің химия пәні мұғалімі, Амангелді селосы 

«Адамзат сапарының қонағымыз,

Бір мезгіл жер бетіне кетер соғып»

Қ. Аманжолов

Ұлағатты ұстаз Гүлнар Ескенқызы туралы сөз