Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Дара туған тұлға

19 февраля 2023 14:00 • 811 просмотров

Белгілі ғалым, Қазақстан ғылымы мен білім беру ісінің ұйымдастырушысы, академик К. Ә. Сағадиевтің 84 жылдық мерейтойы сияқты айтулы күн де жақындап қалды. Бұл оның қатысуынсыз өтетін алғашқы мерейтой.

Міне, екі жылдай уақыт өтті, тағдырдың жазуымен ол біздің арамызда жоқ. Бірақ оның сәулелі келбеті біздің жүрегіміз бен санамызда мәңгілікке қалып қойғандай әсер қалдырды. Ол айрықша жарқыраған жұлдыз тәрізді ерекше тұлға болатын, сол себептен де мен осы мақаламда оны біртуар деп атап отырмын.

Әрине, болашақ академиктің адами тұрғыдан қалыптасуына оның ұлы жерлестері, кейінгі ұрпаққа білімге ұмтылудың асқақ рухын қалдырып кеткен Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатовтың үлкен әсер еткені де даусыз. Осы тұлғалардың көзін көрген ата-аналары мен жақындарының олардан қалған ұлы мұраны кейінге жеткізе білуі, талантты жастардың жаңа шоқжұлдызының пайда болуына тұғырлы негіз болды. Өмірдің ұлы заңдылығының өзі де осында емес пе?!

Осы орайда сенатор Алтынбек Нұхұлының Ахмет Байтұрсынов сынды көрнекті отандасымыздың 150 жылдығын тойлауды ЮНЕСКО бағдарламасына кіргізгенін, ал экранға 6 сериялы тарихи фильм шығуына бастамашы болып отырғанын да ризашылықпен жеткізгім келеді.

Ұлы Отан соғысы басталардан 3 жыл бұрын Қостанай облысының Жангелдин ауданының № 1 ауылында ферма меңгерушісі Сағади Тыныштықбаевтың отбасында дүниеге келген оның өмір жолы сол бір күрделі жылдарға тап келді. Әлі бұғанасы да қатпаған 12 жасында әкесі қайтыс болып, ерте есеюге тура келді. Мектепті үздік бітірді, ҚазМУ-дің экономика факультетінде өткізген студенттік жылдарында сталиндік стипендиат болды.

Одан соңғы Мәскеуде өткізген жылдарының нәтижесін: «Материалды-техникалық жабдықтаудың экономикалық тиімділігін арттыру мәселелері (теория, методология және арттыру жолдары) « тақырыбында 39 жасында қорғаған докторлық диссертациясынан көруге болады. Сонымен қатар 4 жоғары оқу орны мен Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясын басқарған, еліміздің Парламенті Мәжілісінің депутаты мен Қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрағасы болған жылдары да оның еселі еңбегінің айқын көрінісі еді.

Осындай ұлағатқа толы еңбек жолы да ұлы өзгерістер мен отанымыздың игілігіне бағытталған көптеген нақты істермен толығып отырды. Оған оның өзіндік жетілу жолынан бір сәтке де таймауы бірден-бір себеп еді. Менің ойымша, бұл оның өмірлік принциптерінің бірі болды. Оның ойында әр іске «ұсақ мәселе ретінде қарау» деген ұғым болмайтын.

Егер де ол бір іске кіріссе, осы істің барлық бүге-шігесімен түгел таныса отырып, тыңғылықты атқаратыны соншалық, жұмыс нәтижесімен танысқан адамдарда Кенжеғали Әбенұлы осы мәселемен бірнеше жылдар бойы айналысып келе жатқан және осы істің аса білгірі сияқты пікір қалыптасатын. Оның ерекшелігінің өзі де терең де аса кең біліктілігінде, дұрыс мақсат қоя алу мен оны нәтижелі шешудің тиімді жолдарын таба білуінде еді.

Осыларды ескере отырып, біз оны 1994 жылы Ұлттық ғылым академиясының президенттігіне сайладық.

Осы жағдаяттың бір айрықшалығы, алғаш рет академия тарихында оның президенті ретінде ҰҒА корреспондент-мүшесінің сайлануы еді. Біз оның ғылыми да және ғылыми-ұйымдастырушылық та қабілетінің кеңдігін біле отырып сенім артып, осындай тәуекелді іске бара білдік. Кейін сыншыл уақыт пен оның табанды еңбегінің нәтижелері біздің қателеспегенімізді көрсетті. Ол академиялық ғылымды қоғамның үздіксіз дамуының тұғыры ретінде сақтап қалу үшін көп еңбек сіңірді. Осы орайда Ғылым академиясының бірінші президенті Қ. И. Сәтбаевтың: «Ғылым мен білімсіз Қазақстанның, тіпті кез келген басқа елдің ешқандай болашағы жоқ» деген ұлағатты сөздерін де еске алғанымыз дұрыс шығар?! (Қаныш Имантайұлының осындай даналық пікірін негізге ала отырып, ол еліміздің ғылымы мен білімін дамытуға бағытталған бірталай бірегей істерге мұрындық болды. Атап айтқанда, оның бастамашылығымен 4 жаңа ғылыми-зерттеу институты (жалпы генетика, социология және политология, фитохимия және аймақтық экономика) құрылды.

Соңғы екеуі Қарағанды мен Шымкент қалаларында ашылды. Фитохимия институтының қазіргі кезде «Фитохимия» халықаралық ғылыми-өндірістік холдингіне айналғанын және бүкіл әлемге танымал болып отырғанын да ерекше атап өткім келеді. Сонымен қатар оның 1995 жылы біздің қаламызда академик Е. А. Бөкетовтің 70 жылдығына арналған Халықаралық ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырып және өткізгені де есте қаларлықтай шара болды.

Ағылшын тілінде «Ұлттық ғылым академиясының баяндамалары» ғылыми журналы шыға бастады.

Ол ғылыми қызметкерлердің жалақы мөлшерін 2 есе көтеруге қол жеткізді. Бұл игі шара еліміздің ғылыми мекемелеріне талантты жастардың көбірек келе бастауына жол ашты. Сонымен қатар оның бастамашылығымен еліміздің Үкіметі көрнекті ғалымдарға мемлекеттік стипендия тағайындады. Бұл шараны да ғылыми қауымдастық үлкен әсермен қабылдады. Өкінішке қарай, бүгіндері ғалымдардың жалақысын шын мәнінде өсіретін кездің келіп жеткенін тағы да көтеретін мезгіл туды. Жақсы мысалды іздеп, алысқа барудың да қажеті жоқ.

Өз еліне аянбай қызмет етудің осындай мысалдарын көптеп келтіруге болады. Ол депутат болған жылдары, мен айналымдағы баспасөзді мұқият оқу арқылы, телеберілімдердегі жаңалықтарды көре отырып, біздің Кенжекеңнің еліміздегі жағдайды жақсарту үшін не ұсынатынын біліп отыратынмын. Ол осы бағытта да алдына жан салмайтын. Оның дәйекті, терең ойластырылған сөз сөйлеу мәнері, аздаған және өзіне жарасымды акценті, сыртқы бейнесі – осының бәрі адамды тартып тұратын және көбіміз бар ісімізді тастап, оны зейін сала тыңдайтынбыз және үнемі тәнті болатынбыз. Отандастарымыз үшін аса маңызды және шешімі табылмаған көп сұрақтарға жүйелі жауаптар алатынбыз.

Тоқетерін айтсақ, осының бәрі түптеп келгенде оның мемлекет қайраткері және ғалым ретіндегі беделінің артуына себеп болды. Осы жерде тағы да америкалық философ Джон Милдің: «Мемлекеттің мәртебесі оны құрайтын тұлғалардың мәртебелерімен анықталады», – деген сияқты ұлағатты сөздеріне жүгінгім келіп отыр.

Осындай бағаны біз, өзін өзі жүйелі түрде тәрбиелеуші еңбектің нәтижесінде ғана жасап шығарып, Біртуарға айналған Кенжеғали Сағадиевтің тұлғасына бере аламыз. Бәріміздің санамызда оның осы бейнесі ғана сақталып қалды. Жаның жәннатта болсын, аяулы біртуарымыз!

Зейнолла Молдахметов, ҰҒА академигі