Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Басты назарда – сапа

23 февраля 2023 14:35 • 478 просмотров

Өткен жылы Қостанай облысында 449 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, 3 892 пәтер пайдалануға берілген. Өңір басшысы Құмар Ақсақловтың тапсырмасына сәйкес, ағымдағы жылы бұл көрсеткішті 11 пайызға арттыру көзделіп отыр. Бұл туралы облыс әкімдігінде өткен жиналыста мәлімдеді.

Алдағы үш жылда 45 мың адамды тұрғын үймен қамту жоспарда бар. Бірақ бұл облыстың барлық өңірінің үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.

«Қостанай қаласы, Денисов, Қарабалық, Қарасу аудандарында құрылыс-монтаждау жұмыстары оң динамикаға ие. Керісінше, Рудный, Лисаков қалалары және Амангелді, Қамысты, Сарыкөл аудандары кенжелеп тұр. Тіпті, Арқалық қаласы мен Науырзым ауданындағы көрсеткіш 50 пайыздан төмен», – деп баяндады облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Оның айтуынша, тұрғын үйлер салу мерзімдері бірнеше рет ауыстырылғанын да айтты. Бұл – тек құрылыс ұйымдарының ғана емес, өңірлер әкімдіктерінің де сапасыз жұмысының салдары. Биыл өткен жылдардан шегеріліп келе жатқан 49 баспананың құрылысын аяқтауға күш салу міндеті тұр. Мұның сыртында, бөлінген қаржының уақытылы игерілмеуі де мәселеге айналып отыр.

«Тұрғын үй құрылысы, инженерлік инфрақұрылымға былтыр 5,4 млрд теңге бөлінген. Осы соманың 169,4 млн теңгесі игерілмеді. Қостанайдағы 4 нысан, Жітіқарадағы 1 нысан құрылысы мерзімінен кешігіп, атқарылған жұмыстар акті дайындалмауы кесірінен осындай түйткіл туындаған», – дейді басқарма басшысы.

Қазір Қостанайдағы Қонай, Береке, Қостанай ауданындағы Астана, Бәйтерек шағын аудандарында инженерлік желілерді жүргізу жалғасып жатыр. Басқа өңірлердегі толымды істер де атап өтілді.

«Барлық өңір бірдей алға қойылған міндеттерді орындаған жоқ. Осы бағытта Арқалық, Рудный, Лисаков қалалары мен Науырзым, Амангелді, Қамысты, Сарыкөл аудандары кері көрсеткішке ие. Қостанай, Рудный қалалары да әлеуметтік тұрғын үй салу жөнінен нашар екенін айтқым келеді. Қостанайда аяқталмаған 43 үйдің біреуі ғана – Юбилейный шағын ауданындағы № 49 үй пайдалануға берілді. Әуежай, Қонай шағын аудандарындағы үйлерді де аяқтау өзекті болып тұр. Тұрғындар маған да келді, БАҚ беттерінен де шағымдарын көріп отырмын. Бұл мәселені қалай, қашан шешеміз?», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Бұл сауалға Қостанай қаласының әкімі жауап беріп, қалған 42 үйдің құрылысын аяқтауға 23,1 млрд теңге бөлінгенін, биыл 32 тұрғын үй пайдалануға берілетінін айтты. Ол қазір құрылыс қарқыны баяулау жүріп жатқанын да мойындап отыр. Оны жеделдету үшін барлық мүмкіндік жасалатынын алға тартты.

Жалпы, құрылыс бағытындағы басқа да ауқымды жұмыстар, жоспарлар туралы есеп берді.