Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жаңа жобалар жүзеге аспақ

23 февраля 2023 11:33 • 387 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Рудныйға жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында бірнеше әлеуметтік, өндірістік нысанды аралап, өндіріс ошақтарына бас сұқты. Кеншілер қаласында қордаланған мәселелер бойынша жиын өткізіп, оны шешу жолдарын қарастырды.

Өңір басшысы әуелі болашақ мектептің жер учаскесін қарады. Ол ескі стадионның орны. Рудныйда 1200 орындық орта мектеп салынады. Қазір жобалық-құндық құжаты дайындалып жатыр. Ол сәуір-мамыр айларында мемлекеттік комиссия мақұлдауынан өтеді. Құрылыс жұмыстары сараптама аяқталысымен басталмақ.

«Мектеп облыс әкімдігі мен ЕRG компаниясының былтыр жасасқан меморандумы аясында бой көтереді. Шамаммен құрылысқа 5,5 млрд теңге жұмсалады. Құрылыс мерзімі – 12 ай. Білім беру нысанының жалпы ауданы – 22 мың шаршы метр. Екі корпусты ғимарат үш қабатты болады. Мектеп «Жайлы мектеп» нормаларына сай етіп салынбақ», – дейді облыстық Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.

Мектептің іргетасы құйылғалы отырған орында бұрын стадион болған. Бұл жер орталық көшелер торабында жатыр. Құрылысқа таңдалған аумақпен және ғимарат эскизімен танысқан облыс әкімі алаңды тегістеу, құрылысқа дайындау үшін қажет болып отырған 5–10 млн теңгені бөлгізетін болды.

Бұдан соң өңір басшысы «ССКӨБ» АҚ-ның шекемтас өндіру зауытына барды. Өндіріс процесімен, алға құрып отырған жоспарларымен, қолға алғалы отырған жаңа жобаларымен танысты. Кәсіпорын басшылығы, геосаяси жағдайға байланысты туындап жатқан қиындықтарға қарамастан, осы жылы 126 млн доллар инвестициялап, жұмыс орындарын сақтап қалған. Қ. Ақсақалов сүт зауытында да болып, кәсіпорын басшысымен өндіріс барысы туралы аз-кем сұхбат құрып, облысқа ғана емес, ел ауқымына, алыс-жақын шетелдерге танымал өнімдердің дәмін татып, бағасын берді. Бүгінде мұнда сүт өнімдерінің алпыстан астам түрі өндіріледі. Облыс әкіміне қаладағы жылу магистральдерін жөндеу жоспарлары туралы да ақпарат берілді. Қала басшысының міндетін атқарушы В. Ионенконың мәліметінше, апатты жағдайда алты учаске тұр. Оларды жөндеуге жергілікті бюджеттен 971,669,0 мың теңге бөлінуі тиіс.

Сондай-ақ, 2023–2024 жылдары Рудныйда және Горняцкий ауылында жылу желілерін жаңартуға 11,412 млн теңге шығындалады. Жалпы, кеншілер қаласында 2019 жылдан бастап 152 жылу желісі жарылған. Қ. Ақсақалов бұдан былай төтенше жағдайларды болдырмауға барынша қам жасау керегін айтты. Рудный халқын толғандыратын мәселе мұнымен таусылмайды. Халық ауыз судың сапасыздығына шағым айта бастаған. Қаратомар тоғанындағы су деңгейі төмендеп, сапасы бұзыла бастаған. Егер биыл да көктемгі су тасқыны мардымсыз болса, қала және Қашар кенті қауіппен бетпе-бет келуі мүмкін.

Тағы бір өзекті түйткіл – Горняцкий ауылында мектеп жоқ. 162 оқушы күн сайын Рудныйға қатынап оқып жүр. Қазір мәселені шешу үшін ауылдағы бір бос ғимарат көзделіп отыр. Бірақ бұған арқа сүйеген күннің өзінде спорт залы мен асхана болмайды. Бұл жағдайды қалайда созбаққа салмау қажет. Жолаушылар тасымалы, қоқыс шығару ұйымдары арасындағы дау да толастамай келеді. Екі ортада зардабын тұрғындар көріп отыр. Осы аталған мәселелердің бәрін реттеу Виктор Ионенкоға жүктелді. Іссапар соңында облыс әкімі жергілікті «Горняк» және өзбекстандық «Humo» хоккей клубтарының кездесуін тамашалады.