Сүлікпен емдеу әдісі б. з.д. 2 ғасырдан басталған.
Дәлелін көне Мысыр мазарларындағы бедерлерден көре аламыз. Үндістанның көп қолды Дханвантари емші құдайының да бір қолында сүліктің суреті бейнеленген. Бұл тәсіл ХVІІІ-ХІХ ғасырларда кең таралған. Сол кезеңде сүлікті ауруларды емдеу мен ағзаны тазалаудан бөлек, бет-ажарын күтушілер де пайдаланған. Қыздар бетінің ұшы қызғылт тартып, көздері жайнап тұруы үшін құлақтарының түбіне сүлік салдырған деседі. Шаршамау үшін патша сарайындағы бишілер де қолданған.
Глаукоманы да, геморройды да емдейді
Сүліктің төрт жүзге жуық түрі болады екен. Соның ішінде медицина сүлігі ғана ем-домға жарамды. Емші-жәндіктің адам ағзасына пайдасы орасан. Денсаулықты жақсартып қана қоймай, жігер беріп, психологиялық оңалуға да әсері бар.
Сүлік сілекейіндегі қырыққа жуық ферменттер адам ағзасындағы қанның, жасушалардың, лимфалардың микроцеркуляциясын жақсартады. Әсерінен қан қысымы бір қалыпқа түсіп, ісіну басылып, аурулар басылып, ишемия дерті емделеді. Қанның ұйығанын, ісікті тарқатады. Иммунитет көтеріліп, зат алмасу процесі оңалады. Сонымен қатар, көңіл-күйді де көтеріп, ашушаңдықты басып, күйзелістен шығарып, ішкі қорқынышты басады. Еңбекке деген қабілетіңіз артады.
Жалпы, бұл ем медицинаның кардиология, дерматология, офтальмология, хирургия, гинекология, урология, неврология сынды салаларымен байланысты. Өкпе ауруларына, бас сақинасына, геморройға, глаукомаға душар болғандарды да сүлікшілер емдей алады. Отасыз-ақ. Созылмалы сырқаттардың алдын алуға қолданылады. Варикоздан аяқта жара пайда болғанда да сүлік салдырады.
Жәндіктің аузындағы «инесі» денеге қадалғанда сілекейінен бірден ауыртпайтын фермент бөлініп, қан сорып жатқаны білінбейді.
«Құрсағына бала бітпей жүрген екі әйел босанды»
Гирудотерапия деп аталатын шипа түрі бүгінде кең танымал. Сүлік салдырып, сырқатынан айығып жатқандар аз емес. Бірақ оқыған-тоқыған арнайы маманның алдына бармасаңыз, оның да зияны тиюі мүмкін. Ондай мамандар біздің Қостанайда да жоқ емес. Қазақстан халық емшілері қауымдастығының мүшесі Гүлзат Трулубекованың гирудотерапиямен айналысып жүргеніне алты жылдан асқан. Мәскеулік профессор Константин Суховтан, Алматыдағы білікті мамандардан дәріс алған. Біліктілігін үнемі дамытып тұрады.
— Көбіне инсультке шалдыққандар үйіне шақыртып жатады. Оларды емдеу ұзақ процесс, дегенмен нәтижесі жақсы. Емдеу курсы – 10–15 күн, бірақ жарты жылдан кейін тағы қайталаймыз. Жәндіктің әйел ағзасына да оң әсері мол. Тіпті, бедеулікті де емдейді. Менің емделушілерімнің арасында құрсағына бала бітпей жүрген екі әйел босанды, – дейді сүлікші.
Оның айтуынша, сүлік қанды сору кезінде күшті рефлекторлық ықпал жасап, нәтижесінде кіші жамбастағы (малый таз) қабыну процесін тоқтатады екен. Сонымен қоса, жатырдың қабынбалы және созылмалы дерттерін емдеп, мастит, миома, мастопатия ауруларына да бірден-бір дауа.
«Жұрт дәріге сенбейтін болып барады»
Гүлзат Нұрахметқызы күніне 5–6 адамнан қабылдайды. Әрқайсының емі әртүрлі. Бірі 4–5 сеанстан кейін құлан-таза айықса, кейбіреулерінің емі 10–15 кезеңге созылуы мүмкін. Ауруын асқындырып алмаса болды.
— Алғашқы күні бес сүлік салып, қанының қандай екенін байқаймын. Егер қан өте сұйық болса, 6–10 сүлікке дейін көбейтемін. Сүлік буыны сырқырайтындарға, остеохандроздан арылғысы келетіндерге жақсы көмектеседі. Сондай-ақ бауырды тазалайды. Гайморитті алып түседі. Қызыл иекті де емдейді. Айта берсе, пайдасы көп. Сілекейінде 140-қа дейін ферменттер болады.
— Бір сеансы қанша тұрады? – деп сұрадық емшіден.
— Әр сүлік – 650 теңгеден. Егер бесеуін салдырсаңыз 3250 теңгеге шығады.
— Сүлікті қайдан алдыра-
сыз?
— Мәскеуден арнайы фабрикадан алдыртамын. Сертификаты, медицианалық куәлігі бар. Сүлік тек бір-ақ рет пайдаланылады.
— Дәрігерлердің бұған көзқарасы қандай?
— Гирудотерапия дәстүрлі емес медицина деп саналғандықтан, ішінара мойындағысы келмейтіндер кездеседі.
Сүлік туралы аңыз
Ертеде Сүлеймен пайғамбар алыс жолдан шаршап-шалдығып, аяғы ісіп келе жатқан соң, жолда кездескен көлшікке аяғын салып демалады. Сол арада мызғып кеткен пайғамбар ояна келе, аяғының ісігінің де кетіп, бойындағы ауырлықтың да жоғалғанын және денесі жеңілдеп қалғанын байқайды. Тек аяғының астында майда құрттар мен кішкене ғана қан ағып жатқанын көреді. Риза болған Сүлеймен пайғамбар құрттардың арқа тұсынан сипап, ризашылығын білдіреді. Бүгінде медициналық сүліктердің арқа тұсындағы өрнектердің пайғамбардың төрт саусағының іздерінен қалған белгі екен деген аңыз бүгінге жеткен екен.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суретті түсірген автор және интернеттен