Халықпен кездесу өтті

2 марта 2023 11:30 • 696 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Ұзынкөл ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында халықпен есептік кездесу өткізіп, бірқатар әлеуметтік нысанды аралады.

Бірінші кезекте өңір басшысы Ұзынкөл ауданының Ряжское ауылына барды. Ол ең алдымен мәдениет үйінің жай-күйімен танысты. Ауылдық клуб «Олжа Ряжское» ЖШС қарауында. Мәдениет үйінің меңгерушісінің сөзінше, мәселелер бар. Соның бірі әртістердің сахналық киімдерді, материалдық базасы тозған.

— Музыкалық жабдығымыз ескі, сахналық киімдердің бәрі тозған. Ғимартқа жөндеу жұмыстары қажет, – деді клуб меңгерушісі.

Өңір басшысы Мәдениет үйінен шығып медициналық пункті бетке алды. Ол жерде 2 медқызметкер жұмыс істейді. Оның біреуі мектеп мейірбикесі. Штат бойынша 3 қызметкер болуы керек. Медициналық пунктің жағдайын аудандық аурухана басшысының міндетін атқарушы баяндады.

— Жөндеу жұмыстары үшін 21 млн теңгеге жобалық-құндық құжаттама әзірленді. Қаражат бөлінген жағдайда медицналық пунктің едендерін ауыстыру жоспарда тұр, – деді Мұрзалин Серік.

Облыс әкімі едендердің сапасын өзі жүріп тексеріп көрді. Аудандық денсаулық сақтау бөлімінің өкілдері еденнің жарамсыздығына дәлел келтіре алмады.

— Ең алдымен едендердің тозғандығын анықтау үшін техникалық сараптама жүргізілуі керек. Жарамсыз деп танылғандығын дәлелдейтін құжатты көрсетіңіздерші. Шаруашылық тұрғысынан білерім мол, бұл едендер әлі талай жылға шыдас береді. Сол себепті бөлінген ақшаны игеру керек деген жебеумен қайда болса сонда жұмсамай, тиімді пайдаланыңыздар. Ғимарат іші салқындау екен, науқастарды осындай жағдайда қабылдап жатсыздар ма? Мүмкін жылыту жүйесінде ақау бар шығар, соны неге алдымен қолға алмайсыздар? Дәл еденге келсек айтқандарыңызбен келісе алмаймын? Шаруашылық жұмыстары дұрыс жүргізілмей отыр, – деді Құмар Ақсақалов.

Медициналық пунктке интернет желісі мүлдем тартылмаған, компьютер атымен жоқ. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы бұл жағдайдан мүлде хабарсыз екенін, алдағы уақытта жеке бақылауына алынатынын жеткізді.