Әкімдік отырысында мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін бағалау, облыста көрсетілген мемлекеттік қызметтер санын арттыру, халыққа онкологиялық көмек көрсету бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыру, халықпен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін енгізу мәселелерін қарастырдық.
Облыстық әкімдік «мемлекеттік қызмет көрсету сапасы» критериі бойынша соңғы 3 жылда тиімсіз қызметтен жоғары тиімділікке дейінгі серпінге қол жеткізді. Осы бағытта жұмысты жалғастыру қажет.
Атап айтқанда, медициналық ұйымдар скринингтік тексеруден уақтылы өту қажеттілігі туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жандандыруы қажет.
Әкімдіктердің жұмысында халықпен өзара іс-қимылдың жаңа тәсілдерін енгізуге ерекше назар аударылады.
Естеріңізге сала кетейік, ағымдағы жылдың 16 ақпанында алғаш рет кеңейтілген форматта «азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күні» өткізілді.
Осыған байланысты өңір басшысы Құмар Ақсақалов қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне тоқсан сайын «азаматтарды бірыңғай қабылдау күнін» өткізуді, халықты мемлекеттік органдар қызметінің негізгі бағыттары туралы хабардар етуді және әлеуметтік желілерде ашық және жария болуды тапсырды.
— Азаматтарды қабылдаудың келесі бірыңғай күнін а. ж. 16 наурызында қалалар мен аудандардың әкімдері жергілікті жерлерде өткізсін және бір ай мерзімде өтініштерді қарау қорытындылары туралы хабардар етсін, – деді облыс әкімі өз сөзінде.
Бұдан соң Қостанай облысының әкімдігінде денсаулық сақтау мәселесі қаралды. Соның ішінде онкология мәселесі көтерілді.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше облыста 19 онколог дәрігер бар, оның алтауы негізгі қызметкер болса, қалған 13-і жұмысын қоса атқарушылар.
Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев облыс әкімдігінде өткен жиында осы саладағы маман тапшылығы туралы айтты. Өткен жылы онкологиялық ауруға 2671 адам шалдыққан. Қостанай облысы бойынша 13832 науқас диспансерлік есепте тұр.
— Жалпы сырқаттанушылардың 12%-і ішек обырымен ауырады. Сүт безі обыры да осы шамада – 11,7%, ал өкпе обыры – 10%. Өкпенің қатерлі ісігінен өлім-жітім көрсеткіші 14,9%-ке жеткен, колоректальді қатерлі ісік – 12,4%, асқазан қатарлі ісігі – 9,8%, – деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Данияр Жандаев.
Былтыр жергілікті бюджет есебінен Алтынсарин, Жітіқара, Меңдіқара аудандарының ауруханаларына 148,7 млн теңгеге 3 маммографиялық құрылғы сатып алынған.
— Биыл маммографиялық аппараттарды Арқалық, Аманкелді, Денисов, Жанкелдин, Қарабалық, Науырзым, Сарыкөл аудандарының ауруханаларына сатып аламыз. Оған жергілікті бюджеттен 381 млн теңге бөлінді, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Өңір басшысы Құмар Ақсақалов облыстағы маман тапшылығын шешуді тапсырды. Қажет болған жағдайда қосымша қаржы бөлінетінін жеткізді. Қазір облысқа 11 онколог маман қажет болып тұр.
— Көрсеткіші төмендеп кеткен аудандарда жұмысты үдете түсу керек. Бұл бір жылдың шаруасы емес екенін де түсінемін. Аурудың ерте сатысын анықтау үшін Арқалық, Лисаков қалаларында және Жітіқара мен Денисов аудандарында радиотерапия аппараттарын жаңарту қажет. Маммографиялық жабдықтарды сатып алу үшін тиісті қаражат бөлінетін болады. Сондай-ақ, Қостанайдағы онкологиялық аурухананың радиология корпусының күрделі жөндеу жұмысына жобалық-құндық құжаттамасын әзірлеуге қаржы қарастырамыз, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Жыл сайын саланы қаржыландыру көлемі артып келеді. 2021 жылы 3,3 млрд теңге бөлінсе, 2023 жылы 5,8 млрд теңгеге жеткен.
Бетті дайындаған Еркін Ануаров, суреттерді түсірген автор