Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г.Костанай, ул.Тәуелсіздік 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жұмыс күшейтілді

Орталық сайлау комиссиясының өңірлердегі инспекциялық сапарлары бұл жолы Ақтөбе және Қостанай облыстарында жалғасты.

Комиссия мүшелері Константин Петров пен Сәбила Мұстафина аймақтарға сапар аясында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын әзірлеу мен өткізу мәселелері бойынша көшпелі семинар-кеңестер өткізіп, саяси науқанға дайындықтың ең басты алғышарты – ақпараттандыру және қолжетімділік екенін атап өтті.

Іс-шараларға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, облыстық прокуратуралардың қызметкерлері, аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері, кандидаттардың сайлауалды штабтарының өкілдері, халықаралық байқаушылар мен БАҚ өкілдері қатысты.

Орталық сайлау комиссиясының мүшелері сайлау заңнамасының барлық жаңалығын және сайлау алдындағы үгітті қаржыландыру мәселелерін түсіндірді, сондай-ақ 29 бірмандаттық округ бойынша Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды тіркеу бойынша қорытындыларды жеткізді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыста сайлау құқығы бар 1826 мүмкіндігі шектеулі адам, оның ішінде есту қабілеті бұзылған – 551, көру қабілеті бұзылған – 519, кресло-арбаларды пайдаланатын 756 адам бар. Осыған орай қазіргі уақытта 481 учаске пандустармен қамтамасыз етілген, 44 учаскеде кіреберіс есіктері табалдырықсыз. Сондай-ақ 446 сайлау учаскесінде кіреберісте тактильді көрсеткіштер, 511 сайлау учаскесінде мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштар және дауыс беруге арналған кабиналар орнатылған. Сайлау күні ым тілінің 19 маманы мен «Инватакси» 37 автокөлігінің қызметі ұйымдастырылады.

Дәл осындай жұмыстар Қостанай облысында да жүргізіліп жатыр. Облыс әкімі аппаратының басшысы Мұрат Сәндібаевтың хабарлауынша, облыс бойынша сайлаушылар тізіміне 554 655 сайлаушы енгізілген.

«Өңірде азаматтарды ақпараттандыруды арттыруға ерекше назар аударылды. Сайлау тағайындалған сәттен бастап барлық қала мен аудандарда Call-орталықтар жұмыс істейді. Облыс деңгейінде «1315» қысқа нөмірі бар Call-орталық ұйымдастырылып, 1 наурыздан бастап тәулік бойы жұмыс режіміне ауыстырылды. Сонымен қатар әкімдіктердің барлық сайтында сайлау учаскесін іздеу бойынша онлайн-сервистер, өз сайлау учаскесін іздеу үшін телеграмм-бот іске қосылды», деді М. Сәндібаев.

Облыс әкімі аппаратының басшысының айтуынша, бұл қызметтер сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін сайлау округтері, сондай-ақ кандидаттар туралы мәліметтерді қамтиды.

«Мүгедектігі бар адамдар үшін мүмкіндіктерді қамтамасыз ету жөніндегі жұмысқа ерекше назар аударылып отыр. Облыста мүгедектігі бар барлығы 1736 сайлаушы, оның ішінде көру қабілеті толық жоғалған – 496, есту және сөйлеу қабілеті толық жоғалған – 370, кресло-арбаларды пайдаланатын 870 адам бар. Барлық учаске олардың дауыс беруі үшін жағдайлармен қамтамасыз етілген. Атап айтар болсақ, тактильді көрсеткіштер, дауыс беруге арналған кабиналар, мүгедектігі бар азаматтарға арналған бұрыштар жабдықталған, онда мүгедектігі бар азаматтарға бейімделген форматта сайлау туралы материалдары орналастырылған компьютер, құлаққаптар, лупа, Брайль шрифтімен орындалған сайлау туралы ақпараты бар арнайы папка бар.

Сайлау өтетін күні ым тілінің 19 маманы тартылады. Әрбір сайлау учаскесінде сайлау комиссиясына өтініш берген адамдарға урналарды үйге жеткізу жұмыстары да ұйымдастырылмақ», деді ол.

Тағы бір айта кететін жайт, сайлау күні облыстың төрт өңірінде – Қостанай және Рудный қалалары, Қостанай және Бейімбет Майлин аудандарында «Инватакси» қызмет көрсетеді.

Өңірлерде ұйымдастырылған семинар-кеңестер барысында облыстық прокуратуралардың өкілдері сөз сөйлеп, сайлау науқанының барлық кезеңдерінде заңдылықтың сақталуын қадағалауды қамтамасыз ету туралы хабардар етті.

Семинар-кеңестердің екінші бөлімінде аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері үшін нақты кейстер негізінде іскерлік ойын түрінде тренингтер өткізілді. Ойын барысында сайлау комиссияларының мүшелері дауыс берудің барлық барысын қамтитын учаскелерде дауыс беру үдерісін көрсетті. Олар учаскелік сайлау комиссияларының дауыс беру күні қалай жұмыс істейтінін, соның ішінде учаскелерді ашу, бюллетеньдер беру, дауыс беруді ұйымдастыру, байқаушыларды тіркеу, есептен шығару куәліктері бойынша дауыс беру, дауыстарды санау және учаскелер бойынша нәтижелер шығару үдерісін көрсетті.

Семинар-кеңес соңында Орталық сайлау комиссиясының мүшелері аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің сұрақтарына жауап берді.