Тобыл қаласында Қостанай ауданы әкімі Жансұлтан Тәукенов бастаған жергілікті атқарушы билік органдары «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін» өткізді.
«Астана» спорт кешеніндегі іс-шараға ауданға қарасты барлық елді мекеннің тұрғындары жеке мәселелерімен, арыз-шағым, ұсыныстарымен жүгініп жатыр. Бұл туралы аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Азаматтарды қабылдау науқаны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылып отыр. Спорт залына жағалай қойылған жиырмадан астам үстелге, аудандағы барлық мемлекеттік орган жетекшілеріне тұрғындар электронды кезек арқылы жүгініп жатыр. Бәріне тиісті сала мамандары қызмет көрсетіп, көкейдегі сауалдарына жауап беруде.
«Қабылдаудың бұл форматы кездейсоқ таңдалған жоқ. «Азаматтарды қабылдаудың бірыңғай күнін» өткізу оңтайлы шешім болды. Аудан тұрғындарына бұл жөнінде алдын ала хабарланды. Дәл осындай іс-шараны ай сайын өткізуді жоспарға алып отырмыз», – дейді аудан әкімі Ж. Тәукенов.
Сағат 10:00–16:00 аралығындағы мәліметке сүйенсек, қабылдауға ұзын саны 54 адам келген. Аудан әкіміне кезекте тұрған азаматтарға жалдамалы үй беру мәселесі бойынша 17 адам жүгінген. Аудан әкімінің орынбасары Т. Болатов жер учаскесін алу өтінішімен келген 3 азаматты қабылдады. Орынбасар А. Костюков иесіз иттерді аулау жөнінде 7 адамның шағымын тыңдаған. Орынбасар К. Қасқабаев 3 тұрғынның әлеуметтік мәселелер төңірегіндегі сұрақтарына жауап берді. Қабылдау кешкі сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттерді түсірген автор