Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Аты мәшһүр ансамбль

25 марта 2023 12:00 • 948 просмотров

Қостанай өнеріне осыдан 30 жыл бұрын жаңа леп беріп, ұлттық өнерге үлкен бетбұрыс әкелгендіктен бұл ансамбльдің аты аталса бәріміздің ішіміз жылып қоя береді.

Қазақстанның бар өнер сүйер қауымына танылып, шетелдің де біраз жерін аралап, қазақтың ұлттық өнерін паш етіп жүрген дәулескер күйші, қобызшылардың, майталман музыканттардың кеше есеп беру концерті өтті.

«Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Қостанай филармониясының інжу-маржаны. 1994 жылдан қазіргі уақытқа дейін ұжым өзінің жоғары кәсіби шеберлігінің арқасында республиканың жетекші шығармашылық ұжымына айналды. 1991 жылы фольклорлық ансамбль үшін Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық бөлімінің студенттерінен болашақ музыканттар іріктелді. Алғашқы кезеңде ұжымның жетекшісі Әлімжан Әбсадықов болды. Кейін оны ҚР еңбек сіңірген қайраткері Назымбек Молдахметов алмастырды.

Ансамблді құрудың негізгі мақсаты: көне қазақ халық аспаптарының дыбысталуын қайта жаңғырту, дала халқының фольклорлық – этнографиялық шығармаларының әуенділігі мен тереңдігін жаңғырту болды.

Орындалатын шығармаларды терең түсіну мен ұлттық әуендерді шебер орындаудың арқасында «Ақжелең» ансамблі алғашқы концерттерден бастап көпшіліктің көңілінен шығып, сүйікті ұжымның біріне айналды.

Ансамблдің өзіндік ерекшелігі орындалатын шығармалардың алғашқы дыбыстарынан-ақ айқын көрінеді. Ұжым Құрманғазы, Тәттімбет, Дәулеткерей, Дина, Махамбет және басқа да көрнекті қазақ композиторлардың шығармаларының тереңдігін тыңдарман қауымның жүрегіне жоғары шеберлікпен жеткізеді. «Ақжелең» ансамблінің репертуары үнемі толықтырылып, жаңартылып отырады. Музыканттар үнемі шығармашылық ізденісте жүреді.

Ансамбльдің орындаушылық мәнері жоғары мәдениетпен, көркемдік талғаммен, халықтық аспаптарда ойнаудың дәстүрлі ерекшеліктерін жақсы білумен ерекшеленеді.

«Ақжелең» ансамблінің ұжымы көптеген республикалық, халықаралық байқаулар мен фестивальдердің лауреаты атанып, Нұр-Сұлтан, Алматы, Мәскеу, Красноярск, Курган, Ростов-на-Дону, Магнитогорск, Липецк және ТМД-ның көптеген басқа қалаларында гастролдік сапарда болды. Ұжым қазақ өнерін Франция, Корея, Германия тұрғындарына да паш етті. 2018 жылы «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблі Египеттегі дүниежүзілік музыка фестивалінде «Рамазан кештері» халықаралық мұсылман халықтарының фестиваліне қатысып, Қазақстанның атын көкке көтерді. 2019 жылы ұжымға Италияның Сардиния қаласында өткен «Паранзас Этноданза» 43 халықаралық би және музыка фестивалінде бүкіл зал тұрып қол соқты.

Талай мәрте қоржынында жүздеген үздік шығармасы бар ансамбль тек Қостанай жұртшылығын ғана емес, алыс-жақын шетелдегі көрерменді тәнті етті. Ресей, Корея, Франция, Германия елдерінде өнер көрсетіп, халықаралық байқаулардан жүлделі орынмен оралды.

«Ақжелең» – Қостанай облысы меценаттар клубы сыйлығының лауреаты. Бұл марапатты ұжым жоғары орындаушылық мәдениеті мен қазақ халық өнерін белсенді насихаттағаны үшін алды. Қазіргі уақытта ұжымды дарынды дирижер Ыбырай Есжанов басқарады. «Ақжелең» фольклорлық-этнографиялық ансамблі халыққа адал қызмет етіп, жаңа шыңдарды бағындыруды жалғастыруда.

Бүгінгі кешке мәртебелі меймандар арнайы келді. Олардың алдыңғысы композитор, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ермұрат Үсенов.

— Тобыл-Торғай жері мен үшін өте ыстық. Қостанай өңірінде жаңаша леп пайда болып, қазақ өнерінің иісі шығып, осындай ұжымдар құрылды. Оның әр репертуарына зер салған Назымбек бауырымыз еді. Амал нешік. Көңілге дему болары бастаған ісі өшпей, өркендеп келе жатқаны қуантады. Өнерді қадірлеген азаматтардың арқасында «Ақжелеңге» арнап көптеген шығарма жаздым. Бүгін де қос бірдей шығармамды арнаймын, – деп ақ тілегін арнады.

Осы кеште тарихи сәтке куә болып, ағамыз Тобыл-Торғайдың өнердегі тұлғаларына арнап «Сәулетті Тобыл-Торғайым» атты жаңа ән шығарып, туындының тұсауы кесілді. Сөзін жазған – ақын жерлесіміз Абылай Мауданов. Жаңа әнді халықаралық байқаулардың лауреаты, жезтаңдай әнші, Тараз қаласынан арнайы келген қонақ Жанатбек Кәдіров орындап берді. Кеште композитор жерлесіміз Шолпан Қорғанбек «Аманат» күйін арнады.

Мәдениет саласының ардагері, «Ақжелеңнің» құрылуына ықпал болған өнер-руханиятымыздың жанашыры Римма Ғабдолқызы мен ұжымның алғашқы көркемдік жетекшісі, Қызылордадан арнайы келген белгілі күйші, «Ерен еңбегі үшін медалінің иегері» Әлімжан Әбсадық ағамыз да өздерінің ақжарма тілектерін арнап, өткенді еске алып, құттықтауларын жеткізді. Әлімжан аға қара домбырасын қолға алып, халықтың сұрауы бойынша бір күйін орындады.

Тобыл жеріне жалындап келіп «Ақжелеңнің» іргесін қалап, уығын қадаған кешегі албырт жастар бүгінде үлкен төр ағасы, ел анасы атанып отыр. Алды Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет саласының үздігі. Ұзақ жыл ансамбльдің көркемдік жетекшісі болған, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, марқұм Назымбек Молдахметовтің есімін сағынышпен еске алмау мүмкін емес. Ансамбльдің Қостанай жеріне келуіне бірден-бір себепкер тұлға және оның репертуарының көбейуіне бар күшін салып, аямай еткен еңбегі еш кетпеді. Бүгінде филармонияның қазақ халық аспаптар оркестрі Назымбек Молдахметовтің атында. Ізбасары, дарынды домбырашы Ыбырай Есжанов бүгінде ансамбльдің жетекшісі. Шәкірті өнердегі ұстазына деген толқынысын «Сағыныш» күйі арқылы жеткізді.

Бүгінгі концертке дәстүрлі әнші, сырнаймен ән орындау дәстүрін насихаттап жүрген өнер иесі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Клара Төленбаева елордадан арнайы келіп, ансамбль сүйемелдеуімен бірнеше әнін орындап, көрерменнің қошеметіне бөленді.

Өнер тарландарын облыс әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов құттықтап, бірқатар азаматтарға облыс әкімінің марапатын табыстады.