Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Ұлы билеушінің 800 жылдығына дайындық

21 апреля 2023 11:30 • 1 075 просмотров

2023 жылы Мысырда мәмлүктер мемлекетінің негізін қалаған Дешті Қыпшақ даласының атақты перзенті Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойы өтеді. Осыған орай Мысыр мен Қазақстан бұл іс-шараны лайықты атап өтуге әзірлік жасап жатыр.

Жақында Қазақстанның Мысырдағы елшілігінен сүйіншілеген хабар, нақты іс-жоспарлар легі туралы ақпарат жетті.

Биыл 13 қыркүйекте Ақордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Әл-Азһар университетінің Жоғарғы имамы Ахмад ат-Тайебті қабылдағаны белгілі. Кездесу барысында Мемлекет басшысы келесі жылы Сұлтан Бейбарыстың туғанына 800 жыл толатындығын атап өтіп, мерейтойға дайындық аясында Қазақстан тарапы Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қайта жөндеуге үлесін қосатынын айтқан болатын. Мысырдың Мәдениет министрі екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың ілгерілеуіне көңілі толатынын, осы бағыттағы байланысты одан әрі кеңейтуді қолдайтынын білдірді.

Сонымен қатар кездесуде сұхбаттасушылар Қазақстан мен Мысырдың бай тарихи-мәдени мұрасы бар екенін атай отырып, мұрағат ісі саласындағы нормативтік-құқықтық актілер, ақпарат және құжаттар, мұрағаттану, археография және құжаттану бойынша әдебиеттермен, сондай-ақ өзара мұрағаттық құжаттардың жарияланымдарымен алмасуға келісті. Бұл бағытта Ұлттық мұрағат қорларын Қазақстан мен Мысыр халықтарының тарихы мен мәдениеті туралы мәліметтерді қамтитын құжаттармен толықтыру мақсатында екі мемлекеттің ұлттық заңнамасына сәйкес олардың көшірмелерін бір-біріне сәйкестендіруге және беруге уағдаласты.

Қазақстанның Мысырдағы елшісі Қайрат Лама Шариф жаңадан тағайындалған Мысыр Араб Республикасының Мәдениет министрі Невин Әл-Киланимен алғашқы ресми кездесуін өткізді.

Қайрат Лама Шариф өз кезегінде Мысырда қазақстандық реставраторлар мен басқа да мамандардың біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру туралы ұсыныстарын жеткізді. Тараптар 2023 жылы Сұлтан әз-Захир Бейбарыстың 800 жылдығын атап өтудің маңыздылығын атап өтті.

Осыған орай Қазақстан елшісі Мысыр Мәдениет министріне Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан әзірленген ұсыныстарды табыс етті. Бірінші кезекте Каир қаласында күрделі жөндеуден өткен Сұлтан әз-Захир Бейбарыс мешітін салтанатты түрде ашу жоспарланған. Сондай-ақ Әл-Азһар университетінде Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция өткізілмек. Каир халықаралық қазіргі заманғы эксперименталды театр фестивалі шеңберінде Рақымжан Отарбаевтың «Сұлтан Бейбарыс» спектаклі сахналанады.

Мысыр тарихының мәмлүктер дәуіріне арналған араб және қазақ тілдеріндегі энциклопедиясын жарыққа шығару да жоспарда бар. Мысырда Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған пошта маркалары шығарылады.

Астана қаласында да Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция өткізіліп, мерекелік пошта маркалары шығарылады. Қазір Қазақстан қалаларының біріне, елді мекендердің көшелері мен алаңдарына, спорт сарайларына Сұлтан Бейбарыс есімін беру қарастырылып жатыр. Астана, Алматы, Атырау, Ақтау, Тараз, Түркістан қалаларында мәмлүктер дәуірі туралы сыр шертетін Каирдің Ислам өнері музейінің жылжымалы көрмесі ұйымдастырылады.

Мысыр тарапы Қазақстан Республикасының Ұлттық музейіне мәмлүктер дәуіріндегі жәдігерлердің көшірмелерін жасап, сыйға тартады. Барлық жоғары оқу орындарында Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығына арналған ғылыми конференциялар мен симпозиумдар өткізу, бұл іс-шараларға мысырлық және араб мәмлүктанушы ғалымдарын шақыра отырып, Сұлтан Бейбарыстың тұлғасын ұлықтау ісі жалғасады. Атап айтқанда, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде Қыпшақ мәмлүктерін зерттеу орталығы мен мұражай ашу, Ақтау қаласында Сұлтан әл-Мансур Қалауын кешені үлгісінде мешіт салу мәселесін зерттеу қолға алынады.

Каспий жағалауында «Сұлтан Бейбарыс – Ұлы дала елінің барысы» атты театрлық қойылым ұйымдастырылады. М. Х. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінде «Атлах-Талас шайқасынан Айн Жалұт шайқасына дейінгі кезең» атты Орталық Азия және араб тарихшыларының ғылыми симпозиумын өткізу де іс-шаралар тізімінде тұр. 2023 жылдың шілде айының бірінші жексенбісінде, яғни Домбыра күнінде «Сегіз ғасыр жырлайды» атты мәдени іс-шара ұйымдастырылып, жыршылар мен мысырлық ауыз әдебиеті майталмандарының даңқты Сұлтан Бейбарыс пен басқа мәмлүктер туралы «Батырлар жыры» фольклор кеші өтеді.

Сұлтан Бейбарыстың 800 жылдығы шеңберінде көкпар, бәйге, жамбы ату, қазақша күрес, құсбегілік, асық, аударыспақ секілді көшпелілердің ұлттық ойындарының халықаралық турнирлері ұйымдастырылмақ. Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының қолдауымен Түркістан қаласындағы тарихи-мәдени алаңда «Сұлтан Бейбарыстың Ұлы далаға оралуы» атты арт-фестиваль өткізу де жоспарға енді.

Өз кезегінде Мысыр Мәдениет министрі Невин Әл-Килани Қазақстан тарапының ұсыныс-пікірлерін қарастыруды және 23–25 қарашада Астана қаласында өтетін Сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Мысыр үкіметаралық комиссиясының 6-отырысында бірлескен шешім қабылдауды ұсынды.

Астанада Сұлтан Бейбарыс атындағы көшенің ашылу салтанаты өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен ұйымдастырылған салтанатты шара ұлы тарихи тұлғаның 800 жылдығына арналды.

Ашылу салтанатына Асхат Оралов қатысты.

«Біз айтулы күнге тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Оның маңызын ескере отырып, Мәдениет және спорт министрлігі Қазақстан астанасында көрнекті қолбасшының есімін ұлықтау туралы шешім қабылдады», деді министр.

Жан – жақты талдаудан кейін таңдау Сарыарқа ауданындағы № 189 көшеге түсті. Енді ол Мысыр сұлтанының есімімен аталады. Бұл ұзындығы 2 км-ден асатын алты жолақты көше.

«Осындай ауқымды шарамен біз Сұлтан Бейбарыстың мерейтойын атап өтіп қана қоймай, бүкіл түркі тарихы үшін маңызы зор тұлғаға құрмет көрсетеміз. Біз жас ұрпақты ұлы қайраткермен таныстырамыз. Сондай – ақ біз мерейтой аясында спектакльдер, ғылыми конференциялар, Мысыр тарапымен бірлескен жобалар және т. б. іс-шаралар өткізуді жоспарлап отырмыз», деп атап өтті Асхат Оралов.

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Мысыр Араб Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Манал Эль-Шиннавиді қабылдады.

Кездесу барысында Дархан Қыдырәлі министрлік жетекшілік ететін салаларға қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы хабардар етті.

Тараптар екі ел арасындағы салалық бағыттар бойынша ынтымақтастықты нығайту, медиа, дін, жастар саласында ортақ жобалар жасау, өзара тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады.

Сондай-ақ, Сұлтан Бейбарыс туралы деректі фильм түсіріліп жатыр.

Министр Дархан Қыдырәлі Ұлы даланың даңқты перзенті Сұлтан Байбарыстың 800 жылдығына орай арнайы деректі фильм түсіріліп, үлкен зерттеу еңбегі әзірленіп жатқанын атап өтті.

Өз кезегінде Мысыр елшісі Манал Эль-Шиннави Сұлтан Байбарыстың 800 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтуге атсалысуға ниетті екенін жеткізді. Сонымен бірге, жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға дайын екенін айтты.

Сонымен қатар, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетіне қатысты мәселелер қозғалды, оның алдағы Қамқоршылар кеңесінің отырысын өткізу жөнінде пікір алмасты.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, сурет ашық интернет көздерінен алынды