Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тас тақтаның тарихы

21 апреля 2023 16:39 • 1 009 просмотров

Қостанай қаласында тұрып жатқаныма 60 жылдан астам уақыт өтті: күнделікті өмірде көше бойыдағы тұрғын үйлердің, мекемелердің қабырғаларында атақты тұлғаларға, тарихи оқиғаларға арналған талай мәрмәр тастан жасалып ілінген белгілер, тақталар жиі кездеседі.

Солардың бірі осыдан 40 жылдан астам уақыт бойы жас кезімнен көрген сайын ойландырып, осы күнге дейін толғандырып келе жатқан бір белгі. Ол бүгінде Тәуелсіздік көшесіндегі (бұрынғы Таран көшесі) нөмір 42-ші үйдің кіреберіс қабырғасындағы мәрмәр тақтаға қашалып жазылған мәтін еді. Онда былай делінген: «В г. Кустанае с октября 1919 по январь 1920 г. проводилось формирование отдельной степной бригады казахского кавалерийского полка». Бұл үй кезінде Қостанай қаласының әскери комиссариаты болатын.

Міне осы тақтаға байланысты 40 жылдан астам мені мазалап жүрген сауалдар: «Бұл жеке Дала бригадасын кім ұйымдастырып құрды? Кім басқарды? Тек қазақтардан тұратын полк не үшін құрылды?» Сауал көп, бірақ көп жылдар бойы оған жауап та жоқ болатын.

2001 жылдың күзінде мен облыстық архивтер басқармасына ғылыми жөніндегі орынбасар қызметіне орналастым. Үш жылдан астам сонда жұмыс істедім. Ізденіс үстінде мұрағат мұраларынан Ә. Жангилдиннің К. Саркинге (суретте) өз қолымен жазып берген мандаты сақталған екен. Ол мандатта былай делінген:

«Бұл (мандат Ж.Қ.) революциялық комитеттің мүшесі Саркин жолдастың қазақтар ісі бөлімінің ақпараттандыру жөніндегі басқарманың меңгерушілігіне тағайындалуына байланысты беріліп отыр. Ол сонымен бірге осы бөлім коллегиясының және әскери революциялық комитетінің мүшесі болып сайланды. Дала өлкесінің әскери комиссары. Ә. Жангелдин қазан 1919 жыл.»

Тағы бір құжатта Саркин Жангелдинге орынбасар болып жүргенде қазақтардан тұратын арнайы полк құруға кіріседі. Осы полкты есепке алып, оған қажетті киім-кешек сұрап, жоғарыға жеделхат жолдайды. Ондағы құжатта: «Кезек күттірмейтін телеграмма! Революциялық Советке! Смирновқа! Қазақтардан атты әскер полкін құрып жатырмыз. Осыны есепке алып қажетті заттармен полкті қамтамасыз етуіңізді сұраймын. Киімге өте мұқтажбыз! Бұйрық беріңіз!»

Ә. Жангилдиннің орынбасары Саркин. Қазан 1919 жыл» делінген.

Осы құжаттар жоғарыдағы тарихи оқиғаға қатысы бар екені көрініп тұр.

Байқап отырсақ, осы екі тарихи деректер бір-бірін жалғастарып та, толықтырып та отыр. Себебі құжаттардың мерзімі де, әсіресе маңыздысы, мазмұндары да ажырамас бір тұтас тарихи оқиғаны баяндап тұр.

Бірақ, осындай қадамға баруға не себеп болды? Кім мұндай ойды айтты, ұсынысты жасады? Большевиктер басшыларына осындай талап қойып, оны іске асыру үшін абройы мол, беделі мықты кім болды екен деген сауалдар туындап жатты, соңдықтан ізденісімді жалғастырдым, бір тұжырымдамға келуге асықпадым. Уақыт көрсеткендей, ол шешімім дұрыс болып шықты. Оны дәлелдеп тұрған төменгі бір мұрағаттан табылған құнды құжат.

Енді, құрметті оқырман, сол бір құжатқа назар аударайық. Онда: «1919 жылдын 19 қыркүйегіндегі Орынбор қаласында өткен Советтік (Кеңестік Ж.Қ) партиялар, кәсіптік ұйымдар өкілдерінің біріккен салтанатты отырысында қазақ халқының атынан сөз алған А.Байтұрсынұлы былай дейді: «…Қазақ халқы қандай үкіметте болса да ешқандай құқықтары болған емес. Енді Кеңес үкіметі тұсында қанаушылық пен өктемдік болмайтынына сеңгіміз келеді» дей отыра: «…Біз қазақтар бейбіт халықпыз. Біздер әскери қызметте әлі болып көрген жоқпыз. Біздерде ешқандай нақты күш жоқ. Қызылдар келеді тонайды, казақтар келіп тонайды. Қазақтардың Сіздерден сұрайтыны, жолдас Калинин, Орталық Атқару комитетіне айта барыңыз, қазақтар да өздерінің нақты күші болмайынша, олар өздерін қорғай алмайды. Сондықтан, қазақ халқының атынан сұрайтыным Бүкүлодақтық Орталық Атқару комитеті біздерге өз әскерімізді ұйымдастырып құруға және керекті құрал жабдықтармен қамтамасыз етуін» сұрайды. Осы салтанатты отырыста Түркістан майданының қолбасшысы М. Фрунзе де қатысып А. Байтұрсынұлының сұрауын бастап аяқ тыңдаған. Енді таразылап қарасақ осы істердің басында А.Байтұрсынұлы тұрғаны анық.

Ахмет Байтұрсынұлының осылай сөйлеп талап қойуына толықтай құқығы бар еді. Себебі, «… Мәскеуге Орталық Кеңестер билігімен келіссөзге А. Байтұрсынұлын жіберу туралы Алашорда үкіметі 1919 жылдың көктемінде шешім қабылдайды. Осы уақыттан А.Байтұрсынұлы Қазақстанда Кеңестік Автономиялық билік жарияланғанға (1920 жылдың 26 тамызы) дейін Мәскеудегі Қазақ ұстанымын білдіруші басты саяси тұлға міндетін атқарады. 1919-1920 жылдары Кеңестік Жоғарғы билікпен қазақ ұлт-азаттық қозғалысы басшыларына мемлекеттік құрылыс мәселесінде өз ұстанымдарын анықтау сәтті туады. Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы жаңа қалыптасқан табиғи және тарихи арнада, яғни ұлттың өзін-өзі билеу құқына қол жеткізу, сол арқылы ішкі әлеуметтік-саяси мәселелерді шешу мүмкіндігіне жол ашу платформасында» тұрғандығын А. Байтұрсынұлы арқылы анық көреміз.

Және де А. Байтұрсынұлы 1919 жылдың сәуір-шілде аралығында Мәскеуге Ұлт істері жөніндегі комиссариаттың Қазақ бөлімінде, осы жылдың шілдесінен қазақ әскери революциялық комитет төрағасының орынбасар қызметін атқарады. Сондықтан, А. Байтұрсынұлы қолындағы құқықтық мүмкіндікті терең және кеңінен халқының мүддесі үшін қолдануға асығады.Оның тағы бір көрінісі: А. Байтұрсынұлы 1920 жылдың 17 сәуірінде В. И. Ленинге жазған хатынан анық көреміз: (орыс тіліндегі нұсқасын өзгертпей тек № 3, 5; 6-шы тармақтарын беруді жөн санап отырмыз Ж.Қ.)«3) …Управление хозяйственно-экономическими учреждениями кир. Края независимо от централизации или децентрализации, должно находиться в руках киргизов без всякого раздробления и подчинения другим губерниям или областям под разными предлогами экономического тяготения;

5) Создать военный округ, объединяющий Киргизию, с управлением в гор. Оренбурге.

6)Гарнизоны в городах должны быть обязательно из киргизов… [6]

Байқап, салыстырып отырсақ 1919 жылдың 19 қыркүйегіндегі А. Байтұрсынұлының Орынборда айтқан ойдың негізі ол қазақтарды қорғау үшін әскери құрылым құру керектігін Орталық Атқару комитетіне жеткізуді М. Калининге жүктесе, 1920 жылдың көктеміндегі В. И. Ленинге жазған хатында қазақ жұртының қамын ойлап қажет болған жағдайда қалалық қана емес, өлкелік деңгейде де әскери күш құруын Орталықты басқарып отырған В. Ленинге шарт қояды, орындауын талап етеді. Міне А. Байтұрсынұлының халқы үшін істеген көп істердің бір көрінісі осы. Халқын сол кездегі аласапран заманда қайткенде аман сақтап қаудың қамын ойлаған.Ойлап қана қоимай нақты іс-шараларға көшкен.

Демек, құжаттар мазмұнын негізінде қорытындыласақ, осы бір игі істің ұйтқысы болған, ұлтымыздың рухани көсемі – А. Байтұрсынұлы негізінен басқарушы. Дала комиссары Ә. Жангилдин болса ұйымдастырушы, ал жергілікті жерде, нақтылап айтсақ Қостанай қаласында орындап, іске асырушы Кәкімжан Саркин Қазан университетінің түлегі, журналист, ұлтының жан ашыры екені мұрағат мұраларынан белгілі болып отыр.

Кешегі Кеңес дәуірінде Қостанай қаласындағы бүгінгі Тәуелсіздік көшесіндегі №42 үйдің (бұрынғы Таран көшесіндегі Қостанай қалалық әскери комиссариатынын ғимараты болған Ж.Қ) кіреберіс қабырғасына ілінген тас тақтайдын құпиясы енді осылай толық ашылған деп айта аламыз.

Қалқаман ЖАҚЫП, философия ғалымдарының кандидаты, әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының профессоры, А. Байтұрсынұлы атыңдағы Қостанай өңірлік университеті