Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Бірінші тоқсан қорытындыланды

27 апреля 2023 14:40 • 367 просмотров

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен жиында өңірдің 1-тоқсандағы әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері талқыланды. Бұл туралы аймақ басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Ағымдағы жылдың төрт айында өңірде әлеуметтік-экономикалық өсім бар. Дегенмен, жекелей алғанда кейбір аудандардың көрсеткіші көңіл көншітер емес. Жыл басынан бері өңдеу өнеркәсіптері 618 млрд теңгенің өнімін өндірген. Негізгі табыс көзі – машина жасау, кондитер, ет, сүт, ұн өндірісі.

— Өнім өндірісінде Қарасу, Денисов, Қамысты, Федоров, Қарабалық және Әулиекөл аудандары жемісті жұмыс істеген. Ал Бейімбет Майлин және Жангелдин аудандарында қажетті жұмыс жасалмалы. Ауыл шаруашылығы саласында Сарыкөл және Қарасу өңірлерінің қарқыны баяулаған», – дейді облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алмагүл Бекбаева.

Ауыл шаруашылығындағы көрсеткіштер де айтарлықтай емес. Биылғы меже 5,5 млн тоннадан кем астық жиналмауы керек. 90 мың тоннадан артық ет, 420 мың тонна сүт өндіріліп, мал басы саны көбейтілуі тиіс. Сондай-ақ, жоспардағы 55 инвестижоба жүзеге асырылып, 600 жаңа жұмыс орны құрылуы қажет.

Жыл басталғалы облыс экономикасына 102 млрд теңге инвестиция тартылды. Бұл жөнінен Арқалық, Қарасу, Жітіқара, Әулиекөл және Науырзым өңірлері алда келеді. Тізім соңында Б. Майлин, Меңдіқара аудандары мен Рудный, Лисаков қалалары тұр. Құрылыс саласында да елеулі өсім бар.

«1-тоқсанда облыста 113,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылғыдан әлдеқайда жоғары. Амангелді, Б. Майлин және Қарасу аудандары көш бастап тұр. Ал Жанкелдин және Арқалық өңірлері нашар көрсеткішке ие. Алтынсарин және Науырзым аудандары жыл басынан бері мүлдем құрылыс жұмыстарын жүргізбеген», – дейді А. Бекбаева.

Жалпы, Жангелдин ауданы әкіміне осы жиында аз сын айтылған жоқ. Себебі көптеген бағытта тұралау байқалады. Мәселен, бұл өңірде көтерме сауда көрсеткіші мүлдем жоқ. Басқа да маңызды жеті бағыттың төртеуінен сүрініп отыр. Осыған байланысты облыс әкімі аталған ауданның әкімі Шота Оспановтың баяндамасын тыңдады. Қ. Ақсақалов Торғай өңіріндегі инвестиция тарту жағы ақсап, қайта өңдеу секторы кенжелеп тұрғанын сынға алды.

«Өңірде қайта өңдеу саласына жататын шағын және орта бизнес кәсіпорындары жоқ. Шота Сәбитбекұлы, сіздің осы лауазымды атқарып жатқаныңызға 6 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында ауданның салық түсімі сіз келгендегі деңгейден көтерілмеген. Өндіріс көлемінің төмендеуі, инвестицияның тартылмауы облыстық көрсеткішке кері әсерін тигізіп қана қоймай, экономикалық өсімді тежеп, халықтың тұрмыс деңгейін нашарлатады. Жұмысты дұрыстап қолға алыңыз», – деді облы әкімі.

Аймақ басшысы Науырзым ауданының әкімі Қайрат Әбішевке де көптеген олқылықтың орнын толтыру үшін, әсіресе, құрылыс жұмыстарын жандандыру үшін жұмыс істеу керегін ескертті.

«Сіз 2021 жылдың мамыр айынан бастап әкімсіз. 2022 жылда бері осы бағытта өзіңізді көрсететіндей толық мүмкіндік болды, – деді облыс әкімі. – 2 жыл ішінде сіздің өңірде бірде-бір инвестжоба іске аспаған, жаңа кәсіпорындар құрылмаған, бірде-бір тұрғын үй салынбаған. Кәсіпкерлер өз мамандарының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға құлықсыз».

Қ. Ақсақалов барлық өңір басшыларына Президент тапсырмасын орындау үшін болашағы бар салаларға инвестиция тартудың ауадай қажет екенін, жаңа кәсіпорындар салып, салық салынатын базаны ұлғайту керегін айтты.