Aikomek қызметі облыстық ауқымдағы бірыңғай байланыс орталығына айналмақ.
Дәл осындай трансформация 8 өңірде жұмыс істеп тұрған Aikomek қызметтерін біріктіру арқылы жүзеге асатын болады.
Облыс әкімдігінің аппараттық жиналысында облыстық Ақпараттандыру басқармасының басшысы Азамат Кашиев мәлімдеді.
Басқарма басшысының айтуынша, өңірде коммуналдық мәселелерді шешу үшін жаңа цифрлық кейстер қажет. Бұл жүйе «Е-өтініш» базасымен біріктірілетін болады.
«Сондай-ақ, осы платформада жылу желілерін, моноқалалардың ЖЭО және сумен жабдықтау кәсіпорындарының желілерін цифрландыру үшін «ТКШ Цифрлық мониторинг орталығын» құруды ұсынамыз. Қазіргі уақытта біз Инфоқұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, Рудный қаласында пилоттық жоба жүргізіп жатырмыз», – деп атап өтті Азамат Кашиев.
Бұдан бөлек, облыс әкімінің тапсырмасы бойынша, «Елді мекенді абаттандырудың цифрлық паспорты» платформасын енгізу жоспарланып жатыр. Паспорт тұжырымдамасы жақын арада дайын болмақ.