ҚР Парламент Сенатының бір топ депутаты мен мемлекеттік органдардың жауапты мамандары Қостанайдағы «СарыарқаАвтоПром» ЖШС мен «Агромашхолдинг» зауыттарына барды. Олар аталған өндіріс ошақтарының жұмысымен танысып, жұмысшылармен кездесті.
Кәсіпорын өнеркәсіптік құрастыру талаптарына толық сәйкестендірілген. Оның аясында кузовтарды дәнекерлеу, бояу, құрастыру жұмыстары атқарылады. Зауытта бүгінде JAC, Chevrolet, КIА, Lada тәрізді брендтер шығарылады. 12 жыл ішінде өндіріс ошағында 239 591 көлік құрастырылған. Ал биыл 100 мың көлік шығару жоспарланып отыр. Осы жылдың алғашқы үш айының өзінде кәсіпорында 18 мыңнан астам автокөлік шығарылды. Өндіріс бұрнағы жылдарға қарағанда шамамен 17 процентке өскен.
«АгромашХолдинг» АҚ-ында да ауыл шаруашылығы техникаларын шығару қарқын алған. Мұнда жылына 1 мың комбаин мен 3 мың трактор құрастырылады. Өткен жылы тәрізді зауыт тоғыз метрлік тырмалар, трактор кабиналары, алдыңғы тиегіштер, көлбеу камералары тәрізді қосымша екі мыңға жуық жаңа агрегаттар мен бөлшектер жасап шығарды.
Заманауи жабдықтары бар локализация орталығының іске қосылуы, қазақстандық мамандардың қазіргі құзіреттері отандық машина жасаушыларға «Петербор трактор зауыты», «Госсельмаш» ААҚ сияқты басқа да әлемдік компаниялар мен табысты кооперациялауға мүмкіндік береді.
— Біздің астықты өңірге сапарымыздың мақсаты – өндіріс орындарын аралап, олардың инвестициялық ахуалын байқау. Мәселен, жергілікті өндірістің облыс экономикасына қалай әсер етіп жатқанын өз көзімізбен көруге келдік. Қостанай облысы – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан өңірдің бірі. Былтыр облыста ішкі өнім 2,5 трлн теңгеге жетсе, соның 70%-і өндіріс ошақтарының еншісінде. Әлгі 70%-тің тең жартысы машина құрастыру саласына тиесілі. Бұл үлкен жұмыс, – деп атап өтті ҚР Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешев.
Оның айтуынша, ел бұрын Қостанайды тек аграрлы облыс деп танып келсе, енді ол аграрлы-индустриалды өңірге айналған.
— Мұндағы машина құрастыру зауыты 2010 жылы ашылыпты. Бүгінде 2 мыңның сыртында адам жұмыс істейді. Әлемге белгілі бес-жеті брендтік көліктердің қырықтан астам моделін шығарады. Яғни, қос кәсіпорынның да әлеуеті зор. Осы мамыр айында Парламент қабырғасында Үкімет сағаты өтеді. Сонда елдің экономикалық жағдайын одан әрі қалай жақсартуға болады деген мәселе қаралмақ. Міне, осының алдында біз әр өңірде көшпелі отырыс өткізіп, жағдайды жан-жақты саралау үшін ат басын бұрып отырмыз, – дейді сенатор.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер ғаламтордан алынды