Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Жеңіс күнін атап өтті

12 мая 2023 10:00 • 459 просмотров

Қостанайда Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай салтанатты іс-шара өтті. Оған өңір басшысы Құмар Ақсақалов қатысты. Жеңіс күніне орай ардагерлер алаңға шығып, майдандағы қасіретті күнерді еске алды. Бүгінгі таңда облысымызда 21 соғыс ардагері тұрады.

Қандай соғыс болмасын, ол өшпес өкініш пен қасірет әкеледі. Миллиондардың қанымен келген бұл жеңіс – бүгінгі ұрпақтың ең құнды қазынасы. Өйткені, бейбітшіліктен асқан байлық жоқ екені рас. Қазақстан жерінен майданға аттанған жауынгерлер асқан ерлік көрсетіп, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты. Сұлтан Баймағамбетов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов сынды батыр бабаларымыз ерліктерімен танылды.

— Ұлы Жеңіске костанайлық жауынгерлер де өздерінің лайықты үлестерін қосты. Кейін 150-ші дивизияға айналған 151-ші жеке атқыштар бригадасы күллі Еуропаны басып өтіп, Берлинге дейін жетіп, Рейхстагқа Жеңіс туын тікті. 9 мамыр баршамыз үшін ерекше күн. Бұл күн – аза тұтып, зұлмат жылдардың зардабын еске алатын кез. Соғыстың салқыны тимеген отбасы жоқ шығар. Әр шаңырақ қасірет тартқан заман ардақты ардагерлеріміздің батырлығымен артта қалды. Халқымыздың рухы мен ауызбіршілігінің арқасында еліміз бейбіт өмірге қадам басып, өркендеп келеді.

Құрметті ардагерлер! Жаугершілік замандағы ерліктеріңіз бен бейбіт кезеңдегі ерен еңбектеріңіз үшін, даналықтарыңыз бен белсенді азаматтық ұстанымдарыңыз үшін сіздерге мың тағзым! Майдангерлер мен тыл еңбеккерлеріне, соғыс балаларына айтар алғысымыз көп! Басымыздан бақ, шаңырағымыздан шаттық кетпесін, – деді өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Сол қанды майданда 500 қазақстандық Кеңес Одағының батыры атағын алды. Олардың қатарында даңқты жерлестеріміз Леонид Беда мен Иван Павловтың екі мәрте батыр атанғанын ерекше мақтан тұтамыз.

Соғыс жылдарында 1 миллион 800 мыңнан астам қазақстандық майданға аттанды, олардың жартысы оралмады. Біздің өңірден 75 мыңға жуық адам шақырылды.

Барлығы Қостанай жері Кеңес Одағының 31 батырын, Даңқ орденінің 9 толық Кавалерін тәрбиеледі. 30 мыңнан астам қостанайлықтар жауынгерлік ордендермен және медальдармен марапатталды.

Бесеуі — Сұлтан Баймағамбетов, Григорий Кравцов, Петр Надеждин, Василий Нелюбов, Сергей Нечипуренко қайтыс болғаннан кейін Кеңес Одағының Батыры атағын алды.

Батырлар арасында Сейтхан Нұрмұхамбетұлы Темірбаевты, Михаил Саввич Яровойды, Василий Яковлевич Беляндраны атап өтуге болмайды.

Жеңіс саябағына жиналған кісі қарасы қалың. Олар жауынгердің ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Қаралы күндерді еске алды. Бұдан соң соғыс және тыл ардагерлеріне арнап дастархан жайылды. Майдангерлерге тілектер айтылып, соғыс өлеңдері орындалды.