Қостанайда облыстық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен студенттер мен жұмыссыз жүрген жастарға кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің басты міндеттерінің бірі – экономикалық дамудың негізі болып табылатын, сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарын қолдау. Жастарымызға мүмкіндіктер ашу.
Бұл жолы өңірдің аудан қалаларынан 70-тен астам ірі кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер қажетті мамандықтарға жұмыс ұсынды.
— Облыс бойынша жастар ресурстық орталықтары жұмыс істейді, 1 маусымнан бастап «Жасыл ел» фронт-офистері іске қосылады, келешекте облыстық мансап орталығы ашылмақ.
Жастар тәжірибесі бағдарламалары мен «бірінші жұмыс орны» жобасы жұмыс істейді, оған қатысушылар 30 АЕК (103 500 тг) жалақы алады.
Халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан жастардың бизнес-бастамаларын қолдау жалғасуда. Ағымдағы жылы 201 грант беруге 277,4 млн теңге қарастырылған. Жылдық 2,5% – бен жеңілдетілген кредиттер беру бойынша жұмыс жүргізілуде Осы мақсаттарға кемінде 180 жас азаматты несиелеуге 900 млн теңге бөлінді, – деді өңір басшысы Құмар Ақсақалов.
— Дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесі болып жатыр. Басты мақсаты – жастарымызға жаңа мүмкндіктер беріп, жұмыспен қамту. Қазір ауқымды іс-шараға 75 жұмыс беруші қатысып отыр. Оған қоса, қала мен аудандардан келген 60 мемлекеттік мекеменің өкілдері де бар. Онлайн форматта өтетін алаң құрылды. Денсаулық сақтау басқармасы аудан-қалалардың бас дәрігерлерімен зум арқылы байланыстырып отыр. Оған әр өңірде медицина мамандығын оқып жатқан студенттерді тартып жатырмыз. Бос орындардың 20–30% қамтимыз деген ойымыз бар. Айта кету керек, мемлекеттік бағдарлама арқылы келетін жастарға үй де беріледі. Қаржылай көмек қарастырылған, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Абылайхан Кәкенов.
Іс-шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, жастарға сәттілік тіледі.
— Өздеріңе қажетті жұмыс табуға жол ашатын алаң. Басты міндеттердің бірі – сұранысқа ие жұмысшы мамандықтарды қолдау, жастарға мүмкіндіктер ашу. Қостанай облысы аграрлық аймақ. Сондықтан, бүгін «АIIur» АҚ, «Агромаш Холдинг» АҚ, «Жас Қанат-2006» ЖШС, «Варварин» АҚ сияқты ірі компаниялар қатысып отыр. Өңірде құрысылшы, арнайы көлік жүргізушілері, медицина, мәдениет, білім, ауыл шаруашылығы мамандары тапшы. Бұл үлкен мүмкіндік, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер ғаламтордан алынды