1916 жылғы патша жарлығы бүкіл елді дүрліктірді. Кейбіреулер Амангелді бастаған көтерілісті жарлық шығысымен бұрқ ете қалды дегенге саяды. Шынын да ол дәл олай емес.
Жарлыққа байланысты Торғайға Орынбор губернаторы Эверсман келетін болып, 13 болыстан беделді адамдарды І-ІХ-ке Торғайға жиналсын деп шабарман жіберіп, хабар таратты. Осы шақыру бойынша шақырған күніне көп адам жиналды. Губернатор жиналғандарға патшаның жарлығы міндетті түрде орындалуы тиіс деген шарт қойды. Бұл жиында Сарықопадан Әбдірахманұлы, Токин сөйлеп, халықтың қараңғылығын, ондай соғыс жайын, тіл білмейтінін сөзге тиек етіп, адам орнына соғыс қажетіне керек мал, азық, ақша жиып беруді ұсынды. Екеуі тілмар жандар еді, жеткізіп-ақ айтты. Губернатор жарлық орындалуы керек дегеннен таймай қойды. Амангелді сөйледі. Ол айтар сөзін қағазға түсірген екен. Сөйлеп болғасын қағазын губернаторға тапсыруға берді. Аманкелді сөзінің түйіні «халықтың тілегін тілеп, мұңын мұң» деп танымаған патшаға адам бермейміз деді. Амангелдінің мұндай тұжырымға келуі себепсіз емес еді. Жарлық шыққаннан кейін тамыз айының басында 13 болыстан 40 мың сом қаржы жинап 12 адамды, Смағұл Токин, Иманқұлов Әбдірахман, Қабақов Сейіл, Сүтемгенов Әлжанды Орынборға, одан әрі Петерборға барып, патшаға жолығып ел жағдайын айтуға жұмсаған болатын. Бұлардың екеуі ғана Петерборға барды. Олар Токин Смағұл мен Сейіл Қабақов болатын. Патша ел мұңын тыңдамақ түгілі, барғандарды қабылдамапты. Соғыс министрлігінің шиноуниктері «Патша жарлығын екі етпейді, әуре болмаңдар» деп маңайларына жолатпапты. Олар бос қайтып келген еді. Бұл жағдай бүкіл елдің наразылығын туғызды. Сол наразылықтың түйінін Әбдірахман, Смағұл, Амангелді айтты. Байлар жарлық шығысымен балаларын әскерден алып қалудың айла-шарғыларын жасай бастады. Өмірі мал маңына бармайтын балаларын малшы, қойшы деп, кейбіреуі сыбайластар тауып балаларын Қоңырат, Қарсақбай сияқты өндіріске тықпалады. Байлардың бұл ісінен әскерге тек кедейлердің жіберілетіні белгілі болды. Міне, осы жағдайлар көпшіліктің тізе қосып қарсылық жасауына мәжбүр етті. Губернатормен болған кездесуден кейін бас біріктірмеске лаж болмады. Эверсман «Егер қасарысатын болсаңдар, мылтықтың дүмбісімен айдап апарамыз» деп ашық айтты.
Ауыл-ауылға адам жіберіп сарбаз жинай бастадық. Бізді қиналдырған көлік, қару-жарақ болды. Амангелдінің ағасы Бектепберген шебер адам еді. Амангелді оны дереу іске қосты. Ол Баязи, Амантай деген ұсталардың басын қосып «Балық қарасуы» деген жерде ұста дүкенін ашып қару жасады. Кейінірек ұсталар саны өсті. Көлікті жылқылы байлардан алдық. Бектастың Бірәлісі мен Шашамбайдың Рахметінен Амангелді күшпен көптеген көлік алды. Күн санай қатарымыз өсіп, тобымыз көбейді. Торғайдағы кеңестегі келісім бойынша екі ел арасында байланыс үзілмеді. Арнайы пошта тасушылар үзбей қатынап тұрды. Бұларды Амангелді «құс қанатты пошта» деп атады. Өйткені, олар ылғи суыт жүретін бір күні Қостанай жағынан келе жатқан солдаттарды Татырда тосып алып соғысу туралы шешім алған, соған көмекке шақырған хабар келді. Амангелді Қайдауыл болысында сарбаз жинап жүрген. Бұл көмекке 700-дей адаммен мені жіберді. Бірақ бұл шайқасқа біз үлгірмедік. Біз Жаркөлге таяғанда соғыстан шыққан сарбаздар тобына жолығып, жағдайға қандық та елге оралдық. Амангелді барлық сарбаздарды жинап Торғайға қарай кетті дегенді естіп, ат шалдырып алдықта жолға шықтық. Батыр басқарған сарбаздарға «Қайдауыл» болысының «Аққұм» жақ шетіндегі 12-ауылдың «Қарашоғыр» деген жерінде барып қосылдық. Амангелді «Аққұм» болысының ақсақалы Кәрбоз Қабақовқа барып, сәлемдесіп ол жерден 2000-ға жақын сарбазды қосып алды. Содан соң «Бөпе қарасуындағы» Әбдіғапар жинаған сарбаздарға келді. Сонымен 7000-дай сарбазды ертіп Торғай қаласына жақын «Ақмырзаға» жетіп тоқтадық. Мұнда Торғай болыстарынан жиналған сарбаздар күтіп жатыр екен. Жобасы 12000-дай адам жиналды.
Торғайға шабуыл жүргізген дайындықтар мен соғыстың қалай болғанын басқалар айтқан екен, сондықтан оны мен қайталамай-ақ қояйын. Осында қайсарлықпен ерлік көрсеткен мергендер тобындағы жігіттерді атап өтейін. Олар Сарбаз Нысанбаев, Иманбай Бердіқұлов, Дүйсенбі Естаев. Бұлар басқаға табандылықтың үлгісін көрсетіп, қаза тапты. Қала ішіне кіргесін солдаттардың қоршауына тап болған олар түс әулетіне дейін бірнеше солдаттарды оққа ұшырды. Соғыстан кейін «Бөпе қарасуында» мыңдаған сарбаз үш күн жатты. Соғыста өлген 40–50 адамды жерледі. Қолға түскен орыс әйелінен Амангелді «Бізбен ұрысатын болсаң қаладан шығып ұрыс» деп қағазға жазып жіберді. Оған жауап болмады. Сарбаздар 2 үлкен топқа бөлінді. Амангелді тобы Доғалға барып орнығып, Қостанай жағынан келетін әскерге, Оспан басқарған топ Талдыкөл, Қулы көлге барып Ырғыз жағынан келетін солдаттардың жолын бақылауға алып, тосқауыл жасауға үзбей хабар алысып тұруға сөз байласты.
Көп ұзамай сарбаздардың көтерілісін басуға Перовскийден (Қызылорда) көптеген отряд шығыпты деген хабар естілді. Сарбаздардың бірсыпырасы «Қайдауыл» болысына жіберілді және осы болыстан тағы да сарбаздарды ұйымдастыруды қолға алды. Тосындағы Оспан басқарған сарбаздар бақылауындағы Ырғыз жағынан 500-дей солдат келе жатыр деп хабар келген соң Амангелді мені басшы етіп көмекке сарбаздар жіберді. Біз асығыс түрде барып, екі күн жаттық. Отряд келмеген соң «ұзын құлақ өтірік хабар» деген соң біз кейін қайтып келдік.
Осы кезде Әліби Жангелдин елге келген еді. Амангелді мен Әліби Жалдама бойында бірнеше күн бірге болды. Қостанайдан отряд келе жатыр дегенді естіп Амангелді сарбаздарымен алдынан шығып ұрысуға кетерде Әліби Жангелдин қоштасып тұрып: «Торғай қаласын ала алмадық деп мұңаймаңдар, патшаның отрядымен аянбай, тәсілмен ұрыс жүргізіңдер. Түбінде жеңіс біздікі. Күштеріңді әлсіретпеңдер, қолдан келген көмек, басшылықты өзім беріп отырамын» деді. Әліби жолға жиналды. Ол кісіні шығарып салуға мені, Қоржынов Баспақбайды, Жәнібеков Әлмағанбетті, Алтынбаев Мыңкебайды қосып жіберді. Біздер жол бойында елден 750 сом ақша жинап, жол қаражат ет деп Әлібиге бердік. Әлібиді Қызылордаға жеткізуге Тілеубергенді қосып жібердік, өзіміз кейін қайттық. Амангелді Күйікте қатты ұрыс жасап, отрядты көп қырғынға ұшыратады. Қалған тірілері кейін қайтып кетеді. Амангелді «Күйік» соғысындағы жеңісінен кейін елге келіп қоғалы жеріндегі көп сарбазына қосылған соң екі өгіз сойып той жасады.
Амангелді «Қайдауыл» болысындағы үйіне баруға беттеп бара жатқанында қасындағы 20 адамымен Жыланшық бойындағы біздің үйге соғып, түстен кейін Көшімбектің қызыл үйіне жүрейін деп жатқанда артынан шабарман Көкембаев Омар келді. Амангелді кейін қайтты. Қоғалыдағы Кәрбозға 1500–2000 дай сарбазды Сөре деген жерге алып келсін деген хат жазып, менің інім Әлжаппарды құс қанатты атты поштамен тығыз жіберді. Қопаған Сөреге келдік. Адамдарды алып Әлжаппарда жетті. Штабқа да пошта жіберген, солдаттардың қайда, Құмкешуде ме, Батпаққарада ма екенін білу еді. Бұл уақытта Құмкешуде соғыс болып сарбаздар солдаттарға ештеңе істей алмағанын білдік. Амангелді Доғалға, Үрпекке келді. Амангелді «Күйік» соғысынан келген соң, ауылына жолға шығар алдында Мырза Ишанды, Қали Байғабыловты, Мұханбетжан Смайыловты, Ыдырыс молданы, Рахметті сарбазға қарсы шықтың, патша отрядымен байланыс жасадың деп қаматып қойған. Амангелді ауылына кеткесін Әбдіғапар оларды босатып жіберді. Амангелді қайтып келіп мұны естігенде қатты ренжіді.
Батпаққараға келген солдаттар екі күн еш қозғалыссыз аялдады. Амангелді сарбаздары Үрпек пен «Ағаштыкөл» ортасына жинап, солдаттардың қозғалысын бақылау үшін Сымтасқа Есімсейітті, Бақыт қыстауына Нарбаев Асқар, Көкембаев Кейкі, Аймурзин Сәрсенбайды, Махатов Қожахмет, Жәнібеков Әлмағанбетті қарауылға жіберді. Солдаттардың ілгері жол бойына жіберген үш барлаушысының екеуін мергендер атып өлтірді. Үшіншісі қашып құтылыпты. Екеуінің атын, қару жарағын алып келді. Солдаттардың шабуылға шығары анық болды. Амангелді 100 шақты мергенді Тыныбай көңіне, 200-дей мергенді Байдәулет көңіне қойды. Қалған мылтығы жоқ, тек найза, айбалтамен қаруланған сарбаздарды өзен табанына жасырды. Солдаттар Үрпек түбінен екіге бөлініп, бір бөлегі өзеннің ық, бір бөлегі өзеннің жел жағымен сарбаздар шоғырланған Байдәулетке қарай бет алды. Күн көтеріле үлкен соғыс болды. Қарды қазып ұя жасап алған сарбаздар солдаттарды оқпен қарсы алды. Солдаттар өлгендеріне қарамастан, ілгері қаптап, баспалата атыса жүріп алға қозғала берді. Мергендердің оғы таусылуға айналды. Сосын олар кейін шегінді. Осы арада 18 мерген солдаттардың қолына түсті. Оларды солдаттар сол жерде атып өлтірді. Мұз үстінде, өзен табанында жасырынған сарбаздарды солдаттар екі бүйірден оқ астына алды. Сол жерде біраз сарбаздар қырғынға ұшырады. Оқ атылып, соғыс басталғанда маңайдағы ауыл адамдары «Ағаштыкөлге» қарай қашты. Босқан адамдарды солдаттар қуды. Мұны көрген Амангелді 80-дей сарбазымен солдаттардың сонынан шабуыл жасады. 4 солдатты найзамен шаншып өлтірді, қалғандары қашып құтылды. Соғыс тоқтап, солдаттар 9 шанаға өліктерін тиеп кейін қайтты. Патша әскерінің бұл отрядын Батпаққараға шақырып, бастап әкелушілер Амангелді қамауға алып, Әбдіғапар босатып жібергендер еді.
Жалғасы газеттің алдағы санында жарық көреді.
Батырлан САҒЫНТАЕВ