Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета, г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, Офис 623, 54-08-30, 91-78-51 (New) kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Халық батыры туралы естелік

Соңы. Басы газеттің өткен санында.

1917 жылы 25 наурызда патша тақтан құлады деген хабар естідік. Орынбордан Бөкейханов қазақтарды билейтін болып, өз бетінше Орынбор съезіне Торғайдан адамдар шақырыпты. Бұл съезге біздің жақтан Амангелді, Жалмағанбет Жанғозин, Қарабаев Әлжанды, мені жібермекші болды. Біз Торғай қаласына келсек, бұрынғы бай-болыстар Жақып Дәуренбеков, Тоймағанбет Көтібаров, Байқадам Қаралдин, Шайхы Құлжановтар кеткен екен. Біз Торғайда қондық, келесі күні Москвадан Әліби келді. Ол патшаның құлағанын, большевиктер партиясының жеңіп шығатынын, халыққа бостандық беретінін айтты. Орынборға кеткен байлар бара берсін, біз өзіміз осында Совет өкіметінің жолымен большевик партиясының саясатын жүргіземіз деді. Сол күні Орынбордан Бөкейхановтан Әлібиді түрмеге қамалсын деген телеграмма келді. Әлібиді түрмеге қамады. Көп ұзамай босап Әліби 1917 жылдың мамыр айында Москваға жүріп кетті. Орынборда Бөкейханов шақырған жиналыста, колчактарға жақтас «Земская Управасын» құрды. Торғайда Земский управителі болып Қорғанбек Бірімжановты сайлады. Осы жылы Амангелді сарбаздарымен елде жүрді. 1918 жылы қаңтар айында Әлібиден съезге баруға шақыру келді. Онда әрбір болыстан 10 адамнан шақырыпты. Бұған Қайдауыл болысынан Амангелді, Қарабаев Әлжан, Байқорай Молдабек, Алтынбаев Көшкенбай, Сүтемгенов Жәкен Орынборда орысша оқыған, қызметке тұрмаған адам, (Орынборға қазақтан адам алмаса екен деп барған адамның бірі), Әлімов Сейдахмет, Жүсіпбек, Тосын болысынан Оспан Шолақов, Торғай болысынан Қарабаев Досан, Есенбаев Мағзұм (совет үкіметінің алғашқы жылдарында болыс болды), Құтыбаев Дәуіт (сарбаз, шаруа адам), Сатыбалдиев Зәуетлин (мырза, ишанның інісі). Қараторғай болысынан Жанбосынов Әбдіғапар, Ержанов Қали (Әбдіғапардың шабарманы), Жалмағанбет (Әбдіғапардың інісі), Тұяқов Сейтім (Әбдіғапардың ағайыны), Тожынов Сыздық, Алтаев Әбдірахман. Шұбалаң болысынан Тоқтыбаев Батырқайыр, Токарев Николай, Токин Смағұл, Қарақоға болысынан Үркімбаев Қиябай (мың басы), Дәуренбеков Есімсейіт (әкесі Дәуренбек мың басы болған), Жетібаев Байкенже, Айсүгіров Ысқақ, Аққұм болысынан Баймағанбет, Ташбаев Әлмағанбет, Дүйсенов Абдолла (Амангелдіның өте сенген адамы. 1937 жылы ұсталып кетті), Сарыторғай болысынан Тоқсанбаев Құрманбай (кедей), Оспанов Махамбет, Орынборға барлығы 480 адам барды. Бұл съезде Амангелді сөз сөйледі. Съезге барғандарға күніне 25 сомнан ақша берді.

Смағұл Токин, Николай Токарев бір үйде жатты. Елге 32 күн дегенде оралдық.

Амангелді елде жүргенде оған Шалқар, Ырғыздан хабар келіп тұрды. Бірде Әлібиден: «Біздер Торғайға барамыз. Торғайға кел» депті. Хабар алысымен, Амангелді Торғайға барды. Амангелді қалаға келгенде Әліби келмеген екен. Амангелді телефонмен сөйлесіп Әлібидің келер уақытын білмекші болғанда, байлар мен болыс ақсақалдардың ықпалындағы телефоншы оны сөйлестірмепті. Арада жанжал шығады. Бұдан кейін Амангелді Қабырғаға келіп, Әлібидің келуін күтеді. Әліби 500 адаммен келе жатыр дегенді естіген соң, Амангелді оны қарсы алуға Ақшығанаққа барады. Амангелді Әліби Торғайға келген соң бұрыннан қастасып жүрген 12 адамды түрмеге қаматады. Олар Садовшин Элтаф (татар), Хайдар (татар), Атабаев Сүйін, Құлжанов Зейнолла, Қалжанов Ыдырыс, Қопалтов (орыс), Долгин (бұрынғы уезд бастығы, аты есімде жоқ).

Әліби осы жолы Амангелдіні Торғайдағы военный комиссар етіп бекітті. Осы уақыттан бастап Әліби мен Амангелді Торғайда Совет үкіметін нығайтуға кірісті. Амангелді мен Әліби жергілікті жерден 200-дей әскер ұйымдастырып, оны Әлібидің 500 әскеріне қосып, күштерін көбейтті. Әліби өзімен бірге алып келген Қанафия Қайдосовты ЧК етіп тағайындады. Өзімен бірге келген 500 солдаттың артық ат, түйе, мүліктерін сарбаздарға бөліп берді. Шаруашылығы төмендерге де дүние, мүлік берді. Әліби ел-елді аралап, көпшілікке Совет үкіметінің саясатын түсіндіріп, үгіт жұмыстарын жүргізді. Бірнеше күннен кейін Амангелді 250 адамдық әскерді Ырғыз жағын бақылап келуге жіберді. Бұлар кетісімен Амангелді Қостанайдан Құлжанов Шайхы 500 солдат ертіп келе жатыр деген хабар алды. Ырғыз жаққа жол жүріп кеткен 250 әскеріне қолына кері шақыру хатын беріп Өтебаев Сейітмағанбетті, Бекежанов Жәнділдәні жіберді. Олар әскерді «Ақшығанақтан» кейін қайтарды.

Амангелді Торғай қаласынан бір айдан кейін елге келді. Амангелді военный комиссар болып 3 айдай істеді. 1919 жылдың наурыз айында Қостанай жолындағы «Алқау» деген жерде 200-дей әскермен алаш партиясы адамдары жатыр дегенді естідік. Біраздан кейін олардан адам келіп Амангелдімен сөйлесіп, бәріміз қазақпыз, мақсатымыз бір, қосылайық деген ұсыныс жасады. Амангелді Әлібиге телеграмма беріп, бұл жайды баяндады. Әлібиден мәселені өзің шеш деген жауап келді. Амангелді екі жақтан да Әлібиге өкілдер жіберуге қорыды. Сонымен Амангелді жағынан Қарабаев Әлжан (мен, Сатаев Қазыны, Алаштар жағынан А. Байтұрсынов, Б. Қаралдинді жіберді. Бұл кезде Әліби Шалқарда болатын. Біз келіп жолыққан ол «Торғай уезінің билігін Амангелдіге бергенмін, өзі шешсін» деп бізді қайырды.

Торғайға оралған соң Бірімжанов Жақып, Атабаев Сүйін, Құлжанов Шайхы, Қарпықов Қазгелділер болып, Амангелдіні көндіріп Алаш өкілдерін билікке араластырды. Шалқарға барғанымызда Әліби маған 100000 сом берді. Мен ол қаржыны шығынсыз Амангелдіге әкеліп тапсырдым. Осыдан кейін мен елге кеттім. Ауылға оралар кезде Амангелдіге (секретары) көмекшісі Кәрім Тоқтабаевтың сенімсіз қауіпті адам екенін айттым. Батыр сөзімді тыңдағаннан кейін «Заман солай болып тұр ғой, көрерміз» деп жауап берді. Елге жүр деп едім, оның қазір реті жоқ. Мен кетсем жағдайдың не болары белгісіз, хабарласып тұрамыз деп мені шығарып салды. Көп ұзамай Досжан Тоқтабаев, Құлжанов Шайхы тағы да басқа ақсақалдар Амангелдіні алдап апарып, ұстатыпты.

Сосынғы бір әңгіме Әбдіғапар мен Амангелдінің жігі ашылуы туралы. Бұл жайында басқалар айтқан шығар, мен өзім білетін бір жәйді ғана айтқаным жөн болар. 1916 жылғы жағдайға байланысты Әбдіғапарды хан, Амангелдіні сардар сайлаған кездің өзінде екеуінің арасы онша жақсы болмады. 1908 жылдары Әбдіғапар қолына бірнеше ұры ұстап, оларды жан-жақтан мал әкелуге жұмсап отырды. Солардың ішінде Сыздық деген өжет жігіт болды. Ұрылар Ұлытау жақтан топтап мал алып келе жатқанда сонда Амангелдіге жолығыпты. Амангелді жағдайды білмек болғанда олар ұрлап келе жатқан малдары болғасын қуыстанып қашады. Амангелді Сыздықтың атын атып өлтіреді де өзін ұстап алады. Осыдан кейін Сыздық пен Амангелді жақсы дос болып кетеді. Әбдіғапар оны ұнатпайды. Ақыры әртүрлі сылтау тауып, әйеліммен жүрдің деп жала жауып Сыздықты атып тастады. Бұл жағдайға байланысты Амангелді Әбдіғапармен ренжісіпті. 1912–1913 жылдары Әбдіғапар Амангелдінің аталарының Қарабұлақ, Көкөлең деген жерлерін тартып алады. Арада дау болып, аяғы жанжалға барып, Амангелді ауылының жігіттерін ұйымдастырып, Әбдіғапар жігіттерін қуып шығады. 1916 жылы патшаға қарсы күрес басталғанда елдің біразы Қайдауыл болысына көше бастады. Осы бір дүрбелең кезде Әбдіғапар өзіне қарасты елді Семей арқылы Қытайға алып кетуді ойлайды. Бұған Амангелді қарсылық жасап, елді көшірмей қалады. Орынбор съезінен кейін Әбдіғапар елде Райс ауылнай болып жүреді. Бұрын болыс болған Әжібек Әбдіғапарға пара беріп, қайта болыс болмақшы болады. Осы кезде Әлібидің тапсырмасымен елге келген Амангелді олардың бұл пиғылын іске асырмай, болыс етіп Ақмолда Нұрқасымовты сайлайды.

Әбдіғапар осы Райс болып жүргенде қасына 20 адам ертіп Тоқсанов Сейілдің ауылына келіп бай ауыл, бірақ сарбаздарға жақтас еді, шауып алмақшы болады. Ел адамдары жедел Торғайға адам жіберіп, Амангелдіге хабар береді. Амангелді қасына 50 адам ертіп келіп, Әбдіғапарды бұл ауылдан қуып шығады.

Осы жағдайлар екеуінің арасын біраз алшақтатқан еді.

Батырлан САҒЫНТАЕВ