18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» облыстық мұражайы қорындағы құнды көркемөнер үлгілерін көпшіліктің назарына ұсынған «Музей және көркемөнер туындылары» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің салтанатты ашылуында музейдің ғылыми қызметкері, жас ақын Ернұр Саянұлы арнау жырын оқыды. Арқалық қалалық мәслихатының төрағасы Гүлбану Елтебаева, Ы. Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының деканы, ақын Айбек Қалиев, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гүлім Хамзина және театр, кітапхана тәрізді мәдениет ошақтарының басшылары құттықтау сөз сөйледі.
Қаладағы қазыналы орда ғимараты жақында күрделі жөндеуден өтті. Осы жылы ішіне реставрация жүргізуге қомақты қаржы бөлініп отыр. Алдағы Тәуелсіздік күні мерекесі қарсаңында бұл жұмыстар мәресіне жетеді деп күтілуде. Музей басшысының міндетін атқарушы Зәмзәгүл Мергенова өз сөзінде осы айтылғандарды тілге тиек етті. Мереке иелеріне облыстық Мәдениет басқармасының және қалалық бөлімдерінің грамоталары көптеп тапсырылды.
Музей қорындағы қолданбалы өнердің үлгілері қойылған көрменің лентасын қию рәсіміөлкетанушы, қолөнер шебері Шөптібай Бәйділдәұлы мен еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Қанжар Саламатовқа берілді.
Көрермендер көрмеден атақты суретшілер Ә. Қастеев, Қ. Телжанов, К. Шаяхметов, Купряшин, Нестерова, Бакашев секілді көрнекті суретшілердің туындыларынтамашалады.
Бақыт ТҰРАШ, сурет ғаламтордан алынды