Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Экономикада өсім бар

2 июня 2023 15:30 • 8 957 просмотров

Үкімет отырысында биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары қаралды.

Орман қорындағы табиғи өрттердің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтып берді. Өңірлердің дайындығы туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов баяндама жасады.

Баяндама жасаған Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров есепті кезеңде Қазақстан экономикасы 5%-ға өскенін атап көрсетті. Бұл ретте нақты сектордағы өсім 4,8%-ды, ал қызмет көрсету саласында 4,9%-ды құрады. Барлық негізгі салаларда оң динамика байқалады, ең жақсы көрсеткіштерді құрылыс (+15,4%), сауда (+11,2%), сондай-ақ ақпарат және байланыс (+9,7%) салалары көрсетіп отыр.

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқыны 18%-ды құрады. Атап айтқанда, инвестиция тарту көрсеткіші көлік және қоймалауда – 39,3%, ауыл шаруашылығында – 26,5%, жылжымайтын мүлікпен операциялар жөнінде – 10%, сондай-ақ өнеркәсіпте – 18,1%, оның ішінде тау-кен өндіруде – 17,3% және өңдеу саласында 7% өсіп отыр. Өңірлік тұрғыда үздік көрсеткіштер Түркістан (+60,4%), Маңғыстау (+46%), Қызылорда (+42,1%) және Батыс Қазақстан (+34,6%) облыстарында байқалады.

Алдын ала жасалған қорытындыға сәйкес қаңтар-наурыз айларында сыртқы сауда айналымы 13,4%-ға өсіп, 32,7 млрд долларды құрады. Экспорт 18,7 млрд долларға жетті, өңделген тауарлардың экспорты 8,1%-ға өсіп, 5,9 млрд доллар болды. Жалпы есепті кезеңдегі оң сауда балансы 4,8 млрд долларды құрады.

Сондай-ақ машина жасауда – 36%, оның ішінде автомобиль жасауда – 41%, локомотивтер мен вагондар өндірісінде – 64%, жеңіл өнеркәсіп саласында – 35%, тоқыма өндірісінде – 55%, киім-кешекте – 8%, былғары өнімінде – 2%, сондай-ақ құрылыс саласында 15%-дан аса орнықты өсім қалыптасып отыр.

Азық-түлік және минералды өнімдер өндірісі 8%-ға, электр энергиясын өндіру 6%-ға ұлғайды. Фармацевтика мен ауыл шаруашылығы 4%-ға, мұнай өңдеу 3%-ға, тау-кен өнеркәсібі 2%-ға өсті. Қызмет көрсету секторы 5%-ға артты. Бұған сауда, ақпарат, байланыс және көлік салалары оң әсер етті.

Жалпы, 4 айдың қорытындысы бойынша Абай, Жетісу, Ұлытау, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлық макрокөрсеткіштің өсуі тіркеліп отыр. Ең төмен көрсеткіштер Атырау және Ақтөбе облыстарында байқалады.

«Қазіргі жағдайда біз экономикалық өсімнің жоғары қарқынын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл – оңай шаруа емес. Оған экономиканың салаларында үйлесімді жұмысты қамтамасыз ете отырып, қол жеткізуге болады. Алдымызда тұрған міндеттерді орындау үшін әрбір министрлік пен өңірдің қосатын үлесі аса маңызды», деді Ә. Смайылов.

«Біз негізгі капиталға 18,5 трлн теңге мөлшерінде инвестиция тартуымыз керек», деді Премьер-министр алдағы міндеттер жайына тоқтала келе.

Сонымен қатар кәсіпкерлік пен бәсекелестікті дамыту, сондай-ақ көлеңкелі экономика деңгейін төмендету шараларын әрі қарай жалғастыру маңызды. Әсіресе, шағын және орта бизнесте жұмыс орындарын құруға баса назар аудару керек. Жаңа өндірістердің пайда болуына және қолданыстағы өндірістерді кеңейтуге бағытталған бастамаларды белсенді түрде қолдаған жөн.

«Бизнесті ашуға және жүргізуге барынша жағдай жасап, кәсіпкерлердің проблемаларын жедел шешу қажет. Бұл міндет тиісті министрліктер мен әкімдіктердің тұрақты бақылауында болуға тиіс», деді Ә. Смайылов.

Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін ішкі жалпы өнімнің 14,4%-ына дейін біртіндеп қысқарту. Биыл 2025 жылға дейінгі Жекешелендірудің кешенді жоспарының 90%-ға орындалуын қамтамасыз ету керек.

Премьер-министр мұнымен қатар бағаның өсуін тежеуге күш салу қажеттігін атап өтті.

«Біздің мақсатымыз – биыл инфляцияны 2 есеге төмендету. Ол үшін үйлесімді және нақты шұғыл шаралар қажет. Биыл сәуір айында инфляция 16,8%-ға дейін баяулады. Өңір әкімдері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру бойынша сапалы жұмысты жалғастыруы керек», деді Үкімет басшысы.

Ол сондай-ақ Инфляция деңгейін бақылау және төмендету жөніндегі өзектендірілген шаралар жоспарын орындау үшін барлық тиісті шараны қабылдау қажет екенін айтты.

Үкімет отырысында өрт қаупі күшейе түсетін маусымға дайындық шаралары қаралды. Бұл мәселе жөнінде баяндаған Төтенше жағдайлар бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев республикада жыл сайын 1 мыңға жуық орман және дала өрті, сондай-ақ халыққа, мүлікке және табиғатқа қауіп төндіретін 4 мың өрт тіркелетінін айтып өтті.

Бүгінде өңірлер алдын алу іс-шараларын іске асыруға кірісті: өртке қарсы қызмет мамандары шаруа қожалықтарын аралауды қайта бастады, нұсқамалар өткізіліп, ұлттық парктер мен табиғи қорықтар тексерілуде, өрт сөндіру құралдары түгенделіп, алдын алу шаралары түсіндіріліп жатыр.

Сонымен қатар әкімдіктер 590-нан астам өрт сөндіру бекетін құрды. Олар 2 млн тұрғыны бар 2 мыңға жуық елді мекенді өрттен қорғайды. Сондай-ақ 4 мыңнан аса еріктіден тұратын өртке қарсы құрылым жасақталды. Орталық деңгейде табиғи және техногендік сипаттағы болуы мүмкін төтенше оқиғаларды жоюға тартылатын әуе кемелері үшін жаңа су шашатын құрылғыларды сатып алу мәселесі пысықталып жатыр. Азаматтық қорғау саласындағы 2023–2027 жылдарға арналған бірінші кезектегі іс-шаралардың кешенді жоспарының жобасы аясында басқа да бірқатар шара көзделген.

Орман қорындағы табиғи өрттердің алдын алу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова айтып берді. Өңірлердің дайындығы туралы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев және Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов баяндама жасады.

Мәселені қорытындылаған Премьер-министр Әлихан Смайыловтың айтуынша, Қазгидрометтің болжамына сәйкес жаз мезгілі жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады деп күтілуде. Әсіресе, еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін.

«Сондықтан төтенше жағдайлардың алдын алуға баса көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні елордаға дейін жетті. Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр», деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысының айтуынша, мұндай кемшіліктер мен олқылықтар қайғылы жағдайларға себеп болады. Мәселен, өткен аптада ғана Іле-Алатау ұлттық паркінде болған өртті сөндіру кезінде сержант Арслан Құрманбеков қаза тапты.

«Үкіметтің және жеке өз атымнан марқұмның туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Төтенше жағдайлар министрлігі мен Алматы қаласының әкімдігі қайтыс болған сержанттың отбасына көмек көрсетуі қажет», деді Ә. Смайылов.

Үкімет басшысы күн жылына бастағаннан бері елімізде 120-дан аса табиғи өрт оқиғасы тіркелгенін айтты. Олар көп жағдайда адамдардың кінәсінен орын алды. Тіпті елді мекендерге іргелес аумақтар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп жатыр. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді.

«Бұл – бірінші кезекте, өрт қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті органдар мен жедел әрекет етуге тиіс төтенше жағдай қызметтері мен әкімдіктердің жұмысындағы кемшілік. Сондықтан өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөптерден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек», деді Премьер-министр.

Үкімет басшысы табиғи өрттерді ерте анықтау жүйелерін белсенді түрде енгізу қажеттігін айтты. Мәселен, «Бурабай» ұлттық табиғи паркінің аумағында енгізілген смарт-жүйенің нәтижесінде былтыр өрт оқиғасы айтарлықтай азайды. Мұндай тәжірибені басқа да табиғи парктер мен қорықтарда пайдалану керек.

Үкімет басшысы тағы бір маңызды мәселеге назар аударды: Қостанай облысында өткен жылы болған өрт тәжірибесі көрсеткендей, тілсіз жауды тез арада сөндіру үшін Экология және табиғи ресурстар және Төтенше жағдайлар министрліктері орман алқаптарының маңында су көздері мен өрт тоғандарын дайындауға тиіс. Олар өрт сөндіру техникаларына ғана емес, сонымен бірге тікұшақтардың да су алуы үшін қажет.

«Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Еліміздегі орман және дала өрттерінің алдын алу мен жою жөніндегі арнайы ведомствоаралық жоспардың іске асырылуын күнделікті бақылауға алуы керек», деді Премьер-министр.

Соз соңында Үкімет басшысы елді мекендерде өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыру, өрт қаупі жоғары жерлерде қосымша бақылау бекеттерін қойып, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау мәселесі бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтты.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер ғаламтордан алынды