Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Депутаттар бюджет бекітті

8 июня 2023 18:36 • 2 016 просмотров

7 маусымда Қостанай облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясы өтті. Сегізінші шақырылымның депутаттары 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджетті нақтылау туралы шешім жобасын мақұлдады. Сессия жұмысына облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысты. Жиынды облыстық мәслихаттың төрағасы Сайлаубек Ещанов жүргізді.

Облыстық бюджетті нақтылаудың басты себебі мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша қолда бар үнемделген қаражатты қайта бөлу және кіріс бөлігін арттыру болды. Қаржыны қайда және қандай қажеттіліктерге жіберу ұсынылып отырғанын экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы Гүлбарам Мұсағазина айтып берді.

432 млн тенге  ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз етуге бағытталады. Облыс бойынша халықты сумен қамту көрсеткіші республика бойынша ең төмен, 80 пайызды құрайды. Сондықтан бұл мәселені шешу өте маңызды.

— Бюджетте үнемдеген қаражат болса, дереу суға жібереміз, — деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов өз сөзінде. – Биылғы жылы жалпы құны 16 миллиард теңгені құрайтын 83 жоба жүзеге асырылып, сумен қамтуды 87 пайызға жеткізбекпіз. Ауыз сумен қамтамасыз етуді субсидиялауды қолдағаны үшін де депутаттарға алғысымды  білдіремін. Бұл мақсатқа 300 миллион теңге бөлініп, шалғайдағы шағын ауылдарды сумен қамту субсидиялар арқылы іске асырылады. Сонымен қатар биыл облысымыз бойынша  57 су тарату пунктін орнату жоспарлануда.

 Сондай-ақ облыс әкімі депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелерінің назарын тағы бір өткір мәселе – өңірдегі мал шаруашылығының даму деңгейінің төмендігіне аударды.

– Мал шаруашылығы деңгейі мәз емес, – деп түйіндеді Құмар Ақсақалов, – сондықтан бұл міселені шешу үшін кәсіпкерлерге арзан несие қажет. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен бірлесіп, несие алушыларға 1 пайызбен жеңілдетілген 1,5 миллиард теңге бөлеміз, 6 пайызын мемлекет өтейді, — деді облыс әкімі. – Бұл үшін 500 млн тенге облыстық бюджеттен, қалғаны қордан бөлінеді.

Қаражатты облыстың оңтүстік өңірлеріне, атап айтқанда, Арқалық, Амангелді және Жангелді аудандарының кәсіпкерлеріне бағыттау жоспарлануда. Айта кетерлігі, депутат Қырмызы Жаңбыршина бұл жобаны жүзеге асыру мәселесін тұрақты бақылауда ұстады. Құмар Ақсақалов бөлінген қаржы тиімді игеріліп, оңтүстік өңірлердегі мал шаруашылығын дамыту облыс пен еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне оң әсерін тигізетініне сенім білдірді.

Үйсіз қалған  жан-жануарларды уақытша баспаналарда тамақтандыру үшін  15 миллион қаражат бөлінді.

 Сонымен қатар, сессия жұмысында депутаттар басқа да сұрақтар бойынша бекітулер қабылдады. Сонымен қатар Бейімбет Майлин ауданының Набережный ауылдық округін Байшуақ ауылдық округі деп, Елизаветинка ауылын Байшуақ ауылы деп қайта атау жөнінде ұсынысты бекітті.