Торғай өңірін дамыту жоспары бар

9 июня 2023 10:00 • 596 просмотров

Өткен аптада өңір басшысы Құмар Ақсақалов Торғай өңіріне, нақтырақ айтсақ, облысымыздың оң түстіктегі аудандарына барып, аймақтың тыныс-тіршілігімен танысты. Алдағы уақытта Арқалық қаласы мен Амангелді, Жангелидин аудандарына арналған жеңілдетілген несиелер берілмек.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары әзірленді, онда 504,4 млрд.теңге сомасына 131 іс-шараны іске асыру көзделген.

Жалпы 3,7 мың жұмыс орнын құруға бағытталған 33 жоба жоспарланған. Сондай-ақ Арқалық қ., Амангелді және Жангелдин аудандарының ШОБ-тарын жылдық 1 пайыз мөлшерінде сыйақы мөлшерлемесімен өңірлік қаржыландыру бағдарламасы іске қосылады. Кредит негізінен өңдеу өнеркәсібі және ауыл шаруашылығы салаларына берілетін болады.

— Арқалық қаласының инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, елді мекен жолдары мен көшелерін жөндеуге 4.1 млрд теңге бөлінді. Осы қаражат есебінен «Жезқазған-Петропавл» республикалық маңызы бар автожолдың Арқалық қаласынан Ақмола облысының шекарасына дейінгі аралықты жөндеуді аяқтауға болады. Жол жақсарғасын Арқалық көлік трафигін көбірек тартуға және экономикалық желінің маңызды тораптық хабына айналуға мүмкіндік алады. Біз сондай-ақ Арқалық пединстутын кеңейту үшін ғимаратты сатып алуға облыстық бюджеттен қаражат бөлдік. Бұл педагогикалық институтты университет мәртебесіне көтеруге мүмкіндік береді. Бұл жаңғырту өңір үшін сұранысқа ие мамандықтар бойынша қосымша факультеттер ашуға мүмкіндік береді және білім алушылар контингентін 5 000 адамға дейін, оның ішінде шетелдік студенттерді тарту және магистратураның білім беру бағдарламаларын іске асыру есебінен ұлғаяды, – деп айтты өз сөзінде облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов арнайы жұмыс сапарымен Арқалық қаласына барды. Сапар барысында аймақ басшысы ең алдымен қалада ұлттық жоба бойынша салынғалы жатқан мектептің жұмыс барысымен танысты. 300 орынға шақталған білім ошағының құрылысы жөнінде мердігері «Алюминқұрылыс» ЖШС бас директоры Абай Мұқанов баяндады. Қазіргі таңда салынатын мектептің жері тазартылып, әзірлік шаралары аяқталу шегінде. Енді бейнебақылау қондырғылары орнатылып, жұмыс әне-міне басталмақ. Нысан құрылысын ғаламтор жүйесі арқылы көріп отыруға болады. Құрылысқа тапсырыс беруші – «Camruk Kazyna Konstruction» АҚ. Жоба құны – 2,6 млрд теңге.

Келесі кезекте өңір басшысы қалада күрделі жөндеуден өтіп жатқан спорт ғимаратының жай-жапсарына қанықты. Бүгінде жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сондай-ақ, қаладан спорт мектеп-интернатын ашу да жоспарланған. Бұл мақсатқа жөнделіп жатқан спорт залдың жанында бос тұрған еңселі ғиамаратты жекенің иелігінен сатып алып, іске жаратуға болады. «Нәтижесінде біртұтас спорт кешені қалыптасады. Егер, осы жобалар жүзеге асатын болса, құрылыс нысандары орналасқан ықшам ауданның тұрғындарына да жақсы болар еді», – дейді қала басшысы Әмірхан Асанов.

Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Торғай өңірінен талай спорт саңлақтары шыққанын айтып, ұсынысты қолдады.

Облыстың оңтүстік өңірлері, яғни Арқалық қаласы, Аманкелді және Жанкелдин аудандары үшін 1%-пен берілетін несие жобасы қарастырылып жатыр. Кәсіпкерлермен жүздесу кезінде ол да тілге тиек етілді.

Бұдан соң облыс әкімі Құмар Ақсақалов Амангелді ауданының халқымен кездесті. Тасты ауылындағы жүздесуде аудан әкімі Талғат Карбозов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндама жасады.

Ауылдарды дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Облыстың оңтүстік өңірлері үшін арнайы бағдарлама құрылып, іске асырылып жатыр. Аманкелді ауданына ауыз суға 715,1 млн теңге бөлінді. Осы және өзге де жұмыстар турасында облыс басшысы Құмар ақсақаловтың ауданға іссапарында айтылды.

Осы жылы аудандағы жолдарға 745,9 млн теңге жұмсалмақ, бұл өткен жылмен салыстырғанда 27,4% артық. Ал жарықтандыруға 20,7 млн теңге бөлініп, игерілу үстінде. Бүгінде Тасты, Ақсай ауылдарының кіреберісі асфальтталып, ауылдардың ішкі жолдары жаңадан төселініп жатыр.

Сондай-ақ, өңір басшысы Жангелин ауданына ат басын бұрды. Жыл соңына дейін Шеген және Сужарған ауылдары орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз етіледі. Оған барлығы 1,1 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов Жанкелдин ауданына барғанда жол бойындағы Сужарған ауылына ат басын бұрып, құрылыс жұмыстарының қалай жүріп жатқанын көріп қайтты.

Аудандағы 22 ауылдың 12-сі орталықтандырылған су жүйесімен қамтылған. Жоғарыда аталған екі елді мекеннен бөлек, Шилі ауылын сумен жабдықтау жүйесінің құрылысына, Тәуіш су жүйесін қайта құрылымдауға және Торғай ауылында су жинау мұнарасын жаңғыртуға сырттан тартылған қаражатқа смета құжаттамасы әзірленген. Аудан әкімі Шота Оспанов осы жұмыстар жөнінде хабардар етті.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен алынды