Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Өнім жеткілікті

22 июня 2023 14:30 • 801 просмотров

Қостанай облысында жыл сайын ең кемі 10 жаңа тауар-сүт фермасын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов айтты.

«Біздің алдымызда өсімдік шаруашылығы мен мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді ұлғайту міндеті тұр. 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында өнімнің жалпы шығарылымы 106,9 млрд теңгені құрады, нақты көлем индексі – 104,1%. Салаға 44% өсімімен 35 млрд теңге инвестиция тартылды. Негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің, тұз, күріш және қантты қоспағанда, қалғаны өзімізде өндіріледі», – деді Қ. Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, өңір басшысы жыл сайын көбірек өнім шығару міндетін алға қойғанын жеткізді.

«Мысалы, биыл майлы дақылдар егісі 750 мың гектарды құрады. Жарма алқаптары 5,8%-ке, оның ішінде қарақұмық 8,1%-ке ұлғайтылды. Біздің келесі міндетіміз – мал шаруашылығын дамыту. Сүт және сүт өнімдері бойынша импорт үлесін азайтып, өзіміздің өндірісті ұлғайту мақсатында алдағы уақытта 20-дан астам өнеркәсіптік тауар-сүт фермасын салу жоспарлануда», – деді әкім.

Оның айтуынша, келешекте жыл сайын ең кемі 10 жаңа тауар-сүт фермасын салу жоспарланған.

«Жобаларды іске асыруға 100 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылады, 800-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Осы 20 тауар-сүт фермасы бар шаруашылықтарда өнім көлемі 30%-ке ұлғаятын болады және сүт өңдеуші зауыттардың қосымша жүктемесі 70%-тен 86%-ке дейін өседі», – деді Құмар Ақсақалов.

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдегі автожол жағдайын баяндады. Биыл автожол саласының бюджеті 55,7 млрд теңгені құрады.

«Қостанай облысында еліміз бойынша ең ұзын автожол (9 179 шақырым) тіркелген. Биыл автожол саласының бюджеті 55,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылғы деңгейден 30%-ке артық. Биыл 446 шақырым автожол (48 учаске) және елді мекендердегі көшелердің 299 учаскесі жөнделеді», – деді Қ. Ақсақалов елордада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 57 елді мекеннің 118 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

«Қазір «жақсы» және «қанағаттанарлық» жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 85% құрайды, биылғы жыл қорытындысы бойынша үлесті 87%-ке дейін жеткізу жоспарлануда», – деді Құмар Ақсақалов.

Бетті дайындаған Бақыт ТҰРАШ, суреттер Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметінен және интернеттен алынды