Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тарихи жер-су атаулары туралы бірер сөз

15 июля 2023 10:00 • 13 669 просмотров

Ұлттық мемлекеттің кескін-келбетін белгілейтін мәдени құндылықтардың бірі – жер-су атаулары.

Өкінішке қарай, патшалық және кеңестік отаршылдық тұсында саясаттың шоқпарымен, ал тәуелсіздік алған кезде эйфориялық көңіл-күйдің әсерімен ономастика саласында жеңіл-желпі шешімдер қабылданып, көптеген тарихи жер-су атаулары өзгеріп кеткені белгілі.

Соңғы жағдай, әсіресе, экономикалық-әлеуметтік қиындықтар қатар келген тәуелсіздіктің алғашқы кезеңдеріне тән көрініс болды. Ел еңсесі көтерілген кейінгі жылдары мемлекеттік мекемелер ономастика саласын тарихи-танымдық мәні бар, ұлттық салт-сана мен дәстүрдің жалғасы ретінде қызмет ететін құндылықты бірегейліндіретін ғылыми санат ретінде танып, жер-су атауларын өзгертудің заңнамалық негіздері мен тетіктерін қалыптастырды. Дегенмен де, әлі де болса олқылықтар мен кемшіліктер бар. Бұл орайда кешегі Түркістан қаласында өткен құрылтайда мемлекет басшысы Қ. Тоқаев мемлекеттің ономастика саласында ұстанатын саясатының бағыты қандай арнада болатынын айқындады. «Ономастика саласы, – деді Президент, – тарихи сана-сезімді жаңғыртудың маңызды идеологиялық құралы екені белгілі. Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек».

«Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» (Абай) дегендей, ономастика мәселелерінде түзейтін істер жетерлік. Соның бірі – тарихи жер-су атауларына және әкімшілік территорияларға кісі есімін беру мәселесіне көзқарасты түбегейлі өзгерту қажеттігі. Біздер жер-су, өңір атауларына кісі есімін көлденең тарта бермей, көне замандардан сақталып жеткен тарихи атауларды сақтау мәселесіне назар аударуымыз қажет. Мұндай қарекетке кешегі кеңес дәуірінің арғы жағындағы патша заманындағы топографиялық карталардың тигізетін пайдасы мен маңызы зор. Патша отаршылдығы тұсында Қазақ даласын басқарған әкімшілік орталықтарда (Орынбор, Омбы, кейіннен Ташкент, Алматы) әскери генерал-губернатордың кеңсесі жанында арнайы топогроф мамандардан құралған бөлімшесі жұмыс жасаған. Олар арнайы түрде Қазақ даласының түрлі мазмұн-сипаттаға карталарын жасаумен айналысқан. Қолда бар материалдар мазмұны біздерге топографтар мамандар жоғары кәсіби біліктілік танытып, жер-су атауларын жергілікті халықтың тілдік қолданысындағы нұсқада беруге ұмтылып отырғандығын байқатады.

Патша заманынан жеткен карталардан топонимикаға қатысты көптеген деректерді кездестіруге болады. Мысалы, біздің қолымызда Ресей империясы қарулы күштерінің Бас штабының әскери-топогафтар бөлімінің мамандары жасап, 1918 жылы жарияланған Қостанай уезінің картасы бар. Онда өзен-көл, орман, тау, жер бедеріне, елді мекендерге (қыстау) қатысты қызықты, құнды мағлұматтар кездеседі. Оларды өңірдің тарихи топонимикасын зерттеп-зерделеу ісіне пайдалануға болады. Біздер бұл жолы уездің батыс бөлігіне қатысты деректерге көз жүгіртпекпіз.

Картада уездің батыс бөлігінен жер бедеріне «тау» деген ұғымды қосақтаған жер атаулары жиі ұшырасады. Айталық, карта дерегі Бес оба, Жетіқара, Қой тас, Бестөбе, Ақ оба, Құмырлы деген өңірлерді таулы жер деп белгілейді. Тіпті, Бес оба тауының биіктігі теңіз деңгейінен (карта теңіз деңгейі өлшеміне Қара теңіз бен Балтық теңізі алынған-авт.) 1027 фут деп айқындалып көрсетілген.

Тобыл өзенінің Жетіқардан төменгі ағысы бойында Орта Дамбар (Дәмбар) тауы деген жер бар. Орта Дәмбар болса, үлкені немесе кішісі де болатыны анық. Өкінішке қарай, картада ондай белгі жоқ.

«Тау» дегенде, әдетте, біздің көз алдымызға Алатау, Қаратау сынды биік таулар оралады. Дегенмен де, ертедегі қазақтар биік төбе, еңселі қыраттарды «тау» деп те атағандығы байқалады. Айталық, қазіргі Қамысты ауданында «Бестау» деген жер бар, бірақ ол маңда алыстан мұнартып, «мен мұндалап» тұрған биік тау жоқ. Жалпы, Бестау топонимикасы Кавказда (Пятигорск), одан әрі Түркияда (Бештепе) кездеседі. Түркі тілдерінің оғыз диалектісіндегі«тепе» сөзі – қыпшақ диалектісіндегі «төбе».

Биік қырдан, төбе-белдерден ылдиға су ағып, жылға, өзек, өзен құрайды. Картадағы «Бес оба», «Ақ оба» деген тау атаулары, бәлкім, су когнитивіне қатысты болар деп ойлаймыз. Бұған нақты мысал ретінде Қостанай өңіріндегі Обаған өзеннің атауын келтіруге болады. Ал Құмырлы тау топонимикасы онымен аттас «Құмырлы» көлінің жанында тұрғандықтан пайда болған деп тануға болады. Өйткені Қостанай қаласының маңында Майқұмыр атты көл болған (Мархабат: «Тарихи жәдігер: Қостанай қаласының алғашқы картасы»). Құмырлы атауы «табаны құм көл» дегенді білдіреді деп ойлаймыз.

Қостанайдың батыс өңіріндегі айтулы топонимика – Жетіқара тауы. Таудан белгілі Тобыл өзені бастау алып, солтүстікке қарай ылдилап Ертіс өзеніне құяды, Ертіс Обьқа (Обаға), Оба өзені Солтүстік мұхитқа құяды. Қостанай уезінің оңтүстігінен бастау алатын Обаған өзенінің ағыс жолы да дәл осы көріністі қайталайды (Мархабат: «Арқада бір өзенді дер Обаған»).

Жетіқара өлкесін қазақтар, кем дегенде, ХҮІІІ ғасырдан бері «тау» деп атап келеді. Мұны біздер 1768 жылы Орынбор экспедициясының құрамында болған саяхатшы Иоганн Петер Фальктің еңбегінен көре аламыз. Саяхатшының экспедиция барысында неміс тілінде жазған жазбаларын 1824 жылы Ресей Ғылым Академиясы орысшаға аударып, «Записки путешествия академика Фалька» атты деген атаумен жеке кітап етіп бастырып шығарады.

Биолог-географ саяхатшы Тобыл өзенінің бастауынан бастап, өзеннің Ертіске құяр сағасына дейін жүріп өтіп, өлкенің табиғиғатын сипаттаған. Оның бұған арнаған бөлімі «Страна по Тоболю» деп аталатын 23-ші тарауда берілген. Саяхатшының жазбасынан қазақтар Жетіқара өңірін таулы өлке деп санағаны анық байқалады. Онда И. Фальк былай дейді: «Тобол выходит на Юго-Запад в Киргизской степи из гор, соединяющих Урал с Алтайским хребтом при горах, называемых Киргизцами Тетигера-тау. Горы там отлоги, безлесны, плоскость холмистая, а близ источника Тоболя стоит отдельная, кеглеобразная гора, которую, по причине правильного ее вида, можно бы было почесть творением рук человеческих, если бы она не была очень высока» (Мархабат: Жітіқара: жер атауына жіті қарауымыз керек).

1868 жылы Торғай облысы әкімшілік территориясы құрылғанда Қостанай уезі 8 болысқа бөлінеді. Сол сегіз болыстың бесеуі (Дәмбар, Жетіқара, Сарыой, Сүйіндік, Шұбар) уездің батыс немесе солтүстік-батыс бөлігіндегі өңір болатын. 1881 жылы Дәмбар болысынан Бестөбе, 1894 жылы Қарабалық болысы бөлініп шығады. Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Дәмбардан Аят және Бестөбе болысы бөлінеді. Қазіргі таңда Бестөбе болысының территориясы жоқ, ал Аят болысының территориясы күні кешеге дейін Таран ауданы деп аталып келді. Бұл күнде ол Майлин ауданы деп өзгертілді. 1927 Ресейдің Орынбор облысында Қазақстанмен шекаралас Домбар ауданы құрылады. Ауданның атауы Домбар өзенінің атына байланысты аталып, орталығы Домбаровка елді мекеніне орналасады. Ресейлік Домбар – тарихи Дәмбардың орысшаланған түрі.

Қазақстан мен Ресейге ортақ Дәмбар топонимикасын «дәм (і) бар» деген өзен атауынан шыққан деп бағамдауға болады. Мал баққан көшпелі қазақ судың ащы-тұщысына қарап атау беріп отырған. Дәмбар атауы – сол тыныс-тіршіліктен туындаған көрініс. Орыс тілінде аталмыш топонимиканың этимологиясын «дом (үй) +бар» деп атап жүр. Бұл патша заманында Жетіқара өңіріндегі «Бірсуат» (жалғыз (ауызекі тілде жаңғыз) сөзінің синономі-авт.) деген өзенді «Берсуат» деп белгілеп, оны «Дай воду коню» деп аударған көрініспен пара-пар жағдай. Шындығында, Дәмбар – Қостанай облысының Қарасу, Амангелді, Наурызым аудандарының территориясынан ағатын Дәмді өзенімен атауымен түбірлес сөз. Бірақ сөздер байланысын ықшамдайтын жұрнақ (ді – сын есім мәнді жұрнақ) жалғанбағандықтан сөз тіркесі түрінде қалған.

Жалғасы газеттің
келесі санында

Алмасбек Әбсадық, ғылым докторы, Қостанай қаласы