Қостанай облысында аймақтық «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері жергілікті жерлерге шығып, ауыл тұрғындарымен кездесіп, олардың арыз-өтініштерін тыңдап, көшпелі отырыстар барысында қордаланған мәселелердің оң шешімін табу үшін жұмыс атқарып жатыр.
Маусым-шілде айларында комиссия мүшелері жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп Алтынсарин, Сарыкөл, Қарасу, Қарабалық, Федоров, Науырзым, Әулиекөл, Жітіқара, Қамысты, Б. Майлин, Денисов аудандарында ауыл тұрғындарымен және жер пайдаланушыларымен кездесулер өткізді.
«Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша облыстық Жол картасында 2023 жылы мемлекеттік меншігіне 330 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Ағымдағы жылдың басынан бастап бүгінгі күнге дейін 180 мың гектар жер қайтарылды. Оның ішінде, егістік жерлер – 19418 гектар, жайылымдар – 160582 гектар.
Ауыл тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі – ол жайылым. Халықпен кездесулер барысында елді мекендердің айналасындағы жайылымдардың жетіспеушілігі туралы жиі айтылады. Бұл жөнінде комиссияның маңызды міндеттерінің бірі – әр ауылдың маңындағы жайылымдарды 10–15 шақырымға дейін кеңейту. Келесі мәселе – ауыл әкімдері мен жергілікті қоғамдастықтардың бұл жайылымдарды дұрыс ұстауға қаржылық және техникалық мүмкіндіктері жоқ, сондықтан олар деградацияға ұшырап жатыр. Бұл мәселені шешу үшін Республиканың бірқатар Заңдарына өзгерістер енгізу қажет. Казір бұл бағытта «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері мәслихат депутаттарымен бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс жүргізуде.
Шілде айының аяғына дейін «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері облыстың тағы 5 ауданына баруды жоспарлап отыр.