Еженедельная региональная аграрная общественно-политическая газета,
г. Костанай, ул. Тәуелсіздік, д. 83, офис 620, 54-08-30, 91-78-51 kostanay-agro@mail.ru

Мы в соцсетях

Тарихи жер-су атаулары туралы бірер сөз

23 июля 2023 12:04 • 13 448 просмотров

(Соңы. Басы газеттің өткен санында.)

Дәмбар болысы сияқты 1884 жылы кең-байтақ Жетіқара өңірінен Құмақ болысы бөлініп шығады. Құмақ – қазіргі таңда Орынбор облысының құрамында. Жетіқара өлкесінен атақты орынборлық татар көпестері ағайынды Закир және Шәкір Рамиевтер алтын өндіретін кен орындарын ашады. ХХ ғасырдың басында Шортанды өзенінің бойында Рамиевтер иелігіндегі жаңа алтын кен орны табылып, сол жерде отырықшы жұмысшы поселкасы пайда болады. Ол патша заманында Жетіқара болысының орталығы, кеңес дәуірінде аудан орталығы мәртебесіндегі қала болып қалыптасады. Ол бүгінгі – Жетіқара қаласы.

Сөз орайы келгенде айта кетуміз керек, Жетіқарадағы алтын кен орнын игерген ағайынды Рамиевтер тек кәсіпкер емес, руханият жанашырлары болған. Олар Орынборда татар тілінде шығып тұрған «Вакыт» (Уақыт), «Шура» (Шора) газеттерінің құрылтайшы-демеушілері болған.

Рамиевтер ашқан «Вакыт» типографиясынан 1913 жылы А. Байтұрсынұлының редакторлығымен «Қазақ» газеті басылып шыға бастайды. Бай-қуатты ағайынды көпестер Исмаил Гаспринский негізін қалаған жәдидшілдік қозғалыстың жанашыры болып, оқу-ағарту, әлеуметтік салада көптеген келелі істер атқарады. Орынбор өлкесіндегі 20-шақты алтын өндіретін кен орындарына басшылық жасаған ағайынды Рамиевтер И. Гаспринский қайтыс болғаннан кейін оның құрметіне Ор уезінің орыс-казактарға тиісті Наследницкая станициясының маңындағы кен орнын жадидшілдік қозғалыстың жетекшісінің құрметіне «Гаспринский» деп атаған. Бір қызығы, кеңестік билік кезеңіндегі жеке меншікті мемлекет меншігіне тәркілеу кезінде ағайынды Рамиевтер алтын кен орындарын ешбір қарсылық, дау-дамайсыз жаңа билікке өткізіп береді. Бұл шығармашылықпен айналысқан тұлғалардың дүниеге деген көзқарасы бөлек болатындығын көрсетсе керек.

Бүгінгі таңда аудан атынан құр қалған тарихи Бестөбе болысына келетін болсақ, ол қазіргі таңда «Қамысты ауданы» деп аталып, оның атауы Қамысты ауданының шағын бір ауылына «қонақтаған». Патша заманында Бестөбе болысының территориясы Сыр бойын қыстайтын Кіші жүз Жаппас тайпасының жайлауы еді. 1888 жылы бестөбелік жаппастар «Қожакөл» деген жерде атақты Басығара датқа арнап үлкен ас береді. Асқа 300 үй тігіліп, қонақтарға 500-ден астам қой сойылады. Аста дәстүрлі бәйге, балуандар күресі, садақ ату, теңге алу сынды сауықтық сайыстар өтеді. Сауықтық шараларға ағартушы Ы. Алтынсарин төрешілік жасайды (Мархабат: Жаппас Басығара датқаның асы).

Ертеде Торғай даласын Сыр бойына қарай Жыңғылды өткелі арқылы кесіп өтетін жолды «Жаппас сүрлеуі» деп те атаған. Ахмет Байтұрсынұлының әкесі Байтұрсын Шошақұлы Жыңғылды өткелінде Торғай уезінің басшысы полковник Яковлевтің басын жарған оқиғаға Сырдағы қыстауына көшіп бара жатқан Перовск уезінің ауыл старшинасы (биі) Байсейіт Асаубаев және Уаманбай Белгібаев, сондай-ақ Бестөбе болысының қазақтары Шона Оразов пен Оралбай Сансызбаевтар кездейсоқ кезігіп қалады және олардан кейін куәгер ретінде жауап алынады.

Жаппас демекші, Б. Майлиннің «Шұғаның белгісі» повесіндегі басты кейіпкер Шұға Сыр бойын қыстайтын Жаппас Есімбек байдың қызы болатын. Ғашықтық дертінен қайтыс болған Шұғаның бейіті (егер ол кейіпкер шын мәнінде өмірде болған болса) қай жерде болуы мүмкін десек, бұрынғы Дәмбар болысының территориясында картаға тіркелеген «Қыз моласы» атты екі географиялық нүкте бар екендігін атап өткеніміз жөн деп ойлаймыз. Бірі Орта Дәмбар тауының тұсындағы Тобыл өзенінің оң жақ жағалауында (2 суретте ай және жебе белгісімен көрсетілген), ал екіншісі Аят өзенінің сол жақ жалауында орналасқан

Б. Майлиннің Дәмбар болысының № 8 аулында, яғни Аят өзенінің бойында дүниеге келгені белгілі. Олай болса, «Шұғаның белгісі» деп отырған бейіт осы болуы мүмкін деген ой да қылаң беруі қисынды (картаның 1918 жылы жарияланғанын, ал «Шұғаның белгісі» повесі алғаш рет 1914 жылы жазылғанын ескерсек, мезгілдік арақашықтық өте жақын).

Аят өзені бойындағы «Қыз моласының» маңында, шығармада айтылатындай, бірнеше көл орналасқан және оның жанынан шығыстан батысқа қарай созылған қара жол өтеді. Шығармада жолаушылар «құбылаға», яғни батысқа қарай жолаушылап бара жатады, демек картада белгіленген қара жолдың бағыты соған сәйкес келеді. Бұған қоса «Шұғаның белгісі» орналасқан жерді сипаттайтын мәтінге назар аударайық: «Мынау алдымыздағы үлкен көл «Қамысақты» ғой: осының сол жағын ала жүріп ана шаңырқай көрінген Обаның белесінен тура ассақ алдымыздан бір кішкене сүрлеу келеді. Сол сүрлеумен барып Шұғаның белгісінен қара жолды қиып аламыз, – деді. … Бүгінгі шыққан ауылыңызды «Ерекең» ауылы дейді. Содан ары қарай өзеннің бойы жалпағынан ел. Бір атаның баласы жүз елу-екі жүз үйлер бар. Қыс қыстаулары басқа болғанмен, жаз көбіне бірігіп отырады. Мынау алдымызда көрінген «Қамысақты» дейтін көліміз. Осының маңайы жыбырлаған шұқырынды томар. Августан бастап осының басы елмен толады. Әр томарға төрт-бес үйден қонып бөлек-бөлек отырғандары. … Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік… ол да бір дәурен… ия… бұл ауылдың күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы авгусқа дейін отыратын жайлауымыз, бұл күнде Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су… ол уақытта жердің берекесі қандай?!».

Картадағы «Қыз моласының» маңында Қаратомар, Қарақоға және Тоттабай атты көлдер орналасқан. Жазушының «шұқырынды томар» деп отырғаны картадағы Қаратомар көлі, «Қамысақты көлі» деп отырғаны Қарақоға көлі, «Ерекең аулы» деп отырғаны Ирсары (Ерсары) қыстауы, «Тарғыл өгіз сойған үлкен көл» деп отырғаны Тоттабай көлі болар, бәлкім, кім білсін? (5 суретте көлдер – дөңгелек, қара жол – ирек, қыстау – жұлдызшамен белгіленген). Десек те, көркем шығарманың жалпы табиғатына орай жазушы қиялы «Қыз моласынан» әдеби туынды шығару мүмкін екенін ескерсек, картадағы тарихи белгіні бір қаперге алып қойған да жөн болар деп санаймыз. Себебі Б. Майлиннің шығармасы қандай бағаға болса да лайық, сондықтан оған қатысты қызығушылық тоқтап қалмасы анық. Айтпақшы, зерттеушілер болашақ жазушыға білім берген Арғынбаев Әбдірахман деген кісі еді деседі. Оның «Шұғаның белгісіндегі» Әбдірахманға қатысы бар ма, жоқ па – ол да белгісіз.

Картада көл атауыларына қатысты қызықты көріністер бар. Біздің назарымызға ерекше түскен атаулар – «Егіз көл», «Айна көл», «Адай көл» (1 суреттегі көк түсті дөңгелектерге назар салыңыз). Егіз көл – Қостанай өңірінде жиі кездесетін «Қос көл», «Қоржын көл» деп аталатын атаулардың синонимі. Айна көл – ақ, жалтыр (жылтыр) деген мағынадан туындаған. Осы орайда, Ақкөл, Жалтыр деп аталатын көлдер қазақ даласында жиі кездесетінін атап өтуіміз керек. Бұлардың бәрі бір мағынадан өрбитін атаулар. Ал Адай көл – қазақ ру-тайпаларының жайлау-қыстау болып көшіп жүретін тұрмыс-тіршілігінен хабар беретін гидроним. ХҮІІІ-ХІХ ғасырдың деректерінде батыс өңірдегі Кіші жүз тайпалары жаз жайлауға Ор өзендерінің жоғары ағасына дейін көшіп келетіндігі айтылады. Жалпы, Қостанай уезінің батыс бөлігін Кіші жүздің Жағалбайлы, Жаппас, Шөмекей, Тама, Рамадан, Телеу рулары жайлаған.

Түйіндей келгенде, жер-су атаулары халқымыздың бізге қалдырған тарихы, мұрасы. Оны сол тарихи қалпында сақтау – өркениетті елдің мәдени құндылықтары қатарынан орын алатын өнеге.

Алмасбек Әбсадық, ғылым докторы, Қостанай қаласы